Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып, халықтың экологиялық мәдениетін көтеруге, жастарды Отаншылдық рухында тәрбиелеп, ел мен жерге деген жанашырлық сезімін оятуға бағытталған «Таза Қазақстан» бағдарламасы Шымкент қаласында нәтижелі жүзеге асып жатыр.
Жуырда шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков кезекті рет аралауында қаладағы көшелер мен аулаларды тазарту және ағымдағы күтіп-ұстау жұмысымен, сондай-ақ санитарлық жағдайымен танысты. Жауапты тұлғаларға бейберекет сауданы жою жұмысын жандандырып, қоқыс тазалау шараларын бақылауды тапсырды. Себебі, заңсыз сауда орындары қаланың сәулеттік келбетін бұзып, тұрғындарға қолайсыздық тудырады.
Сонымен қатар, Қаратау ауданында жаңа стадионның құрылыс барысын тексерді. Қазіргі таңда жер қазу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Аудан әкіміне жұмыс барысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Ары қарай, Әл-Фараби ауданы, Жібек Жолы мен Сайрам көшелерінің қиылысындағы жаңа гүлзар ұйымдастыру жұмысын қарап шықты. Қоғамдық орынды жыл соңына дейін абаттандыру жоспарлануда.
Ал, мегаполисте «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жалпықалалық сенбіліктер жалғасуда. Тұран ауданы аумағындағы “Шымкент” каналы бойында тазалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Қала тұрғындары, белсенді жастар, ардагерлер, аудандық коммуналдық мекемесінің қызметкерлері Адырбеков көшесінен Қонаев даңғылына дейінгі аумақты ретке келтіріп, тазалық жұмыстарын жүргізді. Экологиялық акцияға қатысушылар «Таза Қазақстан» бағдарламасы экологиялық мәдениетті көтеруге, табиғатты аялап, қоршаған ортаны қорғауға оң ықпал ететінін айтып, барша азаматтарды осынау игілікті іске белсенді түрде атсалысуға шақырды.
– Тазалық кісінің ішкі мәдениетінің, адамгершілігінің көрінісі деуге болады. Біз өз үйіміздің ғана емес, тұрып жатқан жеріміздің, қаламыздың, туған жеріміздің таза болуына да баса мән беруге дағдылануымыз керек. Ауданда бұған дейін Қошқар ата, Бадам өзені бойында тазалық іс-шарасы өтті. Бүгін міне, Шымкент каналы бойындағы сенбілікке де көпшілік белсенді қатысып жатыр, – дейді Шымкент қаласы Тұран аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сатыбалды Әділбек.
Айта кетейік, аудан аумағында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 50-ге жуық тазалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Қаланың тазалығы мен экологиясына үлес қосуға шымкенттіктер бір кісідей атсалысып, әрбір ұжым бөлінген аумақтарда, көшелерде тазалық жұмыстарын жүргізді. Жалпыхалықтық сенбілікке қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасына қарасты «Өңірлік коммуникациялар қызметі» КММ-нің қызметкерлері де қатысып, берілген аумақты тазалады. Олар Темірлан тас жолынан Сайрам көшесіне дейін аралықта көше бойларын, арықтардың ішін қоқыстардан тазартты. Шашылған жапырақтарды сыпырып, жинастырды. «Өңірлік коммуникациялар қызметі» КММ-нің қызметкерлері бұндай сенбіліктерге үнемі шығып тұрады. Себебі олар сенбіліктер — тұрғындардың қоршаған ортаны таза ұстауға, экологиялық мәдениет қалыптастыруға және қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізеді деп есептейді.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы тазалық іс-шаралары бір күнмен шектелмей, бүкіл қаламыз бойынша тұрақты түрде жалғасып келеді.
«ANYQ.KZ-ақпарат»