Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов төтенше жағдайдан кейінгі кәсіпорындардың жұмысымен танысу мақсатында Қазақстандағы ең ірі «Бал Текстиль» отандық кілем өндіруші фабрикасын аралап көрді.
Жобалық құны 11 миллиард теңге инвестиция жұмсалған кәсіпорынның қуаттылығы жылына 6 миллион шаршы метр кілемді құрайды. 300 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ететін зауыт полипропиленді жіптерді де шығарады. Бүгінде Қазақстан кілемдері Германия, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстанға экспортталады. «Баль текстиль» кілемдері сапа жағынан Бельгия және Германия елдерінің өнімдерінен кем түспейді.
Бұдан бөлек, әкім жалпы инвестиция құны 1 миллиард 800 миллион теңгені құрайтын «Әлем БТ» ЖШС қазақстандық шұлық-тоқыма зауытына барды. Кәсіпорын қуаттылығы жылына 20 миллион жұп өнімді құрайды. Ерлер, әйелдер мен балаларға арналған 200-ден астам шұлық өнімдерінің ассортиментін шығарады. Іске қосылған сәттен бастап «Әлем БТ» отандық фабрика өнімдері қазақстандық тұтынушылардың сеніміне ие болды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.