ҚР Премьер-министрінің орынбасары Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді

Түркістан облысына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев жұмыс сапарымен келді. Мақсат – аймақты дамыту жұмыстарымен танысу, су нысандарының жай-күйін бақылау және мемлекеттік бағдарламалардың халыққа қолжетімділігін үйлестіру. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Вице-премьер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге Сауран ауданына барып, жақында пайдалануға берілген аумақтық органдар ғимаратын аралап көрді. 2,1 гектар аумақта орналасқан ғимараттың жалпы ауданы 7 300 шаршы метрді құрайды. Мұнда мемлекеттік қызметшілер мен тұрғындарға қолайлы жағдай жасалған. Жалпы, құрылғанына 4 жыл болған Сауран ауданының инфрақұрылымы жақсарып, әлеуеті көтеріліп келеді. Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында ауданда 5 нысан салынған. Өзге жобалар бойынша да әлеуметтік нысандармен толығуда.

Саурандағы аумақтық органдар ғимаратында вице-премьерге аймақта «Ауыл – Ел бесігі» жобасының орындалу барысы таныстырылды. Осы жоба арқылы салынған ғимараттар мен алдағы жоспарлар баяндалды.

Айта кетейік, Түркістан облысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 5 жылда 113,2 миллиард теңге қаржы бөлініп, 1 567 жоба жүзеге асты. 173 әлеуметтік және 104 инфрақұрылымдық нысан салынып, 1 571 ішкі көше орташа жөндеуден өтті. Нәтижесінде 328 елді мекен қажетті инфрақұрылыммен қамтылып, 10 мыңға жуық адамға жұмыс орындары ашылды.

Вице-премьер «Қосқорған» су қоймасының жай-күйімен және аймақтың су тасқынына қарсы дайындығымен танысты

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Кентаудағы «Қосқорған» су қоймасының жай-күйімен танысты. Аталған нысан маңында вице-премьерге су тасқынына қарсы іс-шаралар, ауыз сумен қамтамасыз ету, жылумен қамту, ұлттық жоба аясында желілерді жаңарту, электр энергиясы мен газбен қамту жұмыстары баяндалды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров аймақтың инфрақұрылымын жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Қанат Бозымбаев су тасқынының алдын алу, су нысандарын реттеу жұмыстарын күшейтуді, жауапты мекеме басшыларына өз міндеттеріне мұқият болуды тапсырды.

Өңірде «2024-2025 жылғы қыс-көктемгі су тасқынына қарсы инженерлік іс-шаралар» жоспары бекітіліп, 39 іс-шара енгізілген. Қазіргі таңда 28 іс-шара толығымен аяқталып, қалған іс-шаралар бойынша жұмыстар жалғасуда.«2024-2025 жылғы күз-көктемгі су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу іс-шараларын жүргізу» жоспары аясында 461 шақырым арықтар (саны – 1203), жалпы ұзындығы 654 шақырымды құрайтын 165 канал, 30 шақырым дюбинг-өткелдер тазалаудан өткізілген. 9 өзеннің арнасы тазаланып, 5 шақырым канал бетондалды. Нәтижесінде 24 елді мекенде су басу қаупі сейілді. Су тасқынын алдын алу бойынша жоспардан тыс Бөген өзенінің 2,5 шақырымын, Боралдай өзенінің 3 шақырым арнасын түзету жұмыстары жүргізіліп, Ақбастау елді мекенінде 600 метр қашыртқы қазылды. Нәтижесінде 4 елді мекенде су басу қаупі сейілді. Автокөлік пен темір жолдарындағы өткелдердің (жалпы 5476) 89 пайызы тазаланды. Су тасқынына қарсы инертті материалдар, техникалар әзірленген.

Түркістан облысында қаңтар айында қардың деңгейі 40 сантиметр болды. Өзендердегі су көлемі орта деңгейден төмен. 42 су қойманың жалпы толу деңгейі орта есеппен 35 пайызды құрайды. Оның ішіндегі 5 ірі су қоймасына келсек, «Шардара» су қоймасы 85 пайызға, «Көксарай» су реттегіші 23 пайызға, «Бөген» 74 пайызға толған. Ал «Қосқорған» су қоймасының толу деңгейі қазірше 4 пайызды құрап отыр. Аталған су нысандары тұрақты бақылауға алынған. Жағдай тұрақты. 2021-2022 жылдары «Қосқорған» су айдындарына көп факторлы тексеру жүргізіліп, су айдынының қанағаттанарлықсыз жағдайда екені анықталды. Су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу мақсатында жобалау-сметалық құжаттама әзірленді, мемлекеттік сараптамасының оң қорытындысы алынды.

«Қосқорған» су қоймасының негізгі мақсаты – Сауран ауданына қарасты 5 ауылдық округтегі (Ораңғай, Яссы, Қарашық, Қарнақ, Жүйнек) су басу қауіпінің алдын алу. Сонымен бірге су қоймасы 7 420 гектар жерді ағын сумен қамтамасыз етіп, «Кеңсай-Қосқорған — 2» су қоймасына ағын су жеткізеді. Наурыз — сәуір айларындағы тасқын сулар есебінен толтырылып, кейіннен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне босатылады. Су қойманың негізгі су көздері – Каратау бөктерінен келетін Байылдыр өзені мен Кентау шахтасының суы.

Қанат Бозымбаев жергілікті тұрғындармен кездесіп, пікір алмасты. Кентаулық тұрғындар көп жылдан бері елді алаңдатқан №5 Жылу энерго орталығының мәселесі шешіліп, жаңғыртудан өткізілгеніне, осы арқылы жылу мәселесі шешілгеніне Президентке, Үкіметке және облыс, қала әкімдігіне алғыстарын білдірді.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Кентау тұрғындарын және әлеуметтік нысандарды сапалы жылумен қамтамасыз ету мақсатында «Кентау қаласы ЖЭО-ның «№7,8,9,10,11,12 қазандықтарын күрделі жөндеу» жобасы әзірленіп, жылу көздерін жаңғыртуға Үкімет резервінен қаражат бөлінді. Жарты ғасырдан астам уақыт жөндеу көрмеген Жылу энерго орталығында қазандықтардың қайта құру жұмыстары қолға алынды. 6 қазандықтың қайта құру жұмыстары атқарылып, 5 қазандықта қайта құру жұмыстары аяқталды. Ал бір қазандық қайта құрудан соң жақын күндері іске қосылады. Бұдан бөлек, 2 қазандыққа ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. №5 қазандық бюджет есебінен, №6 қазандық демеушілер есебінен жөнделді. Кентау қаласындағы 6,6 шақырым магистральды жылу желілері қайта жаңартылды.

Вице-премьер «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасын жоғары бағалады

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы аясында салынған өндірістік паркті аралап көрді. Азық-түлік қоймасының жұмысымен танысты. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров аймақта атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Қанат Бозымбаев жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, «Ауыл аманаты» жобасы арқылы кәсіп ашқан азаматтар өндірген өнімдердің көрмесін тамашалады. Көрмеде сүт, балық өнімдері, жеміс-жидек пен бақша өнімдерін консервілеу, жартылай фабрикат ет өнімдері, қазы-қарта, түйе сүті, Африка түйе құсы, өсімдік шаруашылылы, көкөніс, жылыжай салу, домбыра жасау, қобыз, қолөнер бұйымдарын шығару, пластик жәшік шығару, жұмыртқа лотогын шығару және өзге де жоба нәтижелері ұсынылды. Кәсіпкерлер вице-премьермен пікір алмасып, өзекті мәселелерді қозғады. Әсіресе, тауарды сертификаттаудағы қиындықтарды шешуге ықпал етуін сұрады. Сонымен бірге мемлекеттік қолдауларға алғыстарын білдірді.

Айта кетейік, 2 жылда облысқа жоба шеңберінде 22,8 миллиард теңге бөлінді. Нәтижесінде, 3 293 жоба қаржыландырылып, 3 665 жаңа жұмыс орны ашылды.

Премьер-министрдің орынбасары өндірістік парктегі бірнеше кәсіпорынды аралап, жұмысын көрді. Атап айтқанда, «BNK GROUP» ЖСШ мен «Тұран су» мекемесінің су үнемдеу технологияларын шығаратын өндіріс орнында, «Ақниет Holding» жиһаз зауытында болды. Бүгінде «BNK GROUP» зауытында 40-қа жуық адам жұмыспен қамтылған. Жылына 50 мың гектар жаңбырлатып суғару және 14 мың гектарға тамшылатып суғару технологиясын өндіруге қауқарлы. «Тұран су» мекемесінің өндіріс орны былтыр ашылған. 25 адам жұмыспен қамтылған кәсіпорында су үнемдеу технологиялары өндіріледі. Ал жиһаз зауытында 80-нен астам жұмыс орны ашылған. Жылына 24 мың мектеп партасын, 17 мың кеңсе жиһазы, 17 мың медициналық жиһаз өндіре алады.

Сонымен бірге «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» ЖШС-нің тоңазытқыш және мұздатқыш құрылғыларын өндіретін зауытында болды. Украиналық инвестор – «UBC group» компаниясы ашқан бұл зауытта 350 жұмыс орны құрылған. Жылына 40 000 мұздатқыш құрылғы шығара алады.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Түркістан облысында инвестициялық жобаларды арттыру мақсатында 30 гектар жерге 3 кезеңді қамтитын, 39 ғимараттан тұратын өндірістік парктің құрылысы жүргізілуде. Жобаның құны 17 миллиард теңге болса, инвестиция көлемі 131 миллиард теңгені құрайды. 3 кезең бойынша жалпы 1450 жұмыс орны ашылады.

Бірінші кезеңде 2024 жылы инвестиция көлемі 31 миллиард теңге құрайтын 10 ғимараттың құрылысы аяқталып, 8 өндіріс іске қосылды. Екінші кезеңде 13 ғимараттың құрылысы жүргізілсе, үшінші кезеңде 16 ғимарат пайдалануға беріледі.

Келешекте өндірістік парк аумағын 100 гектарға кеңейтіп, 150-ден аса өндірістік ғимарат салу көзделіп отыр. Жоба аясында 308 миллиард теңге инвестиция тартылып, 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Қанат Бозымбаев аймақта өндірісті дамыту бағытындағы жоспарлармен танысып, өңірде жүзеге асқан «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасын жоғары бағалады. Кәсіпорындар ашу, өндірісті дамыту бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруды тапсырды.

«Ауыл – ел бесігі» мен «Аауыл аманаты» жобаларын бір бағдарламаға біріктіру мәселесі талқыланды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында ауылдардың еңсесін көтеруге бағытталған жобаларды жүйелеп, бір бағдарламаға біріктіру бастамасын көтерген болатын. Бүгін Түркістан облысында осы мәселеге қатысты мәжіліс өтті. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен мәжіліске жауапты министрлік өкілдері, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары қатысты.

– Өздеріңізге белгілі, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы ауылдық аймақтарды жан-жақты дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шараларының бәрін бір бағдарламаға біріктіру дұрыс шешім болатынын атап өтті. Осыған орай, бүгін «Ауыл аманаты» және «Ауыл – ел бесігі» жобаларын біріктіріп жүзеге асыру мәселесін талқылағалы отырмыз. «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 2019 жылдан бастап 700 миллиард теңгеден астам, «Ауыл аманаты» бойынша 100 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінді. Ауылдық аймақтарды дамытудағы ірі жобалар. Осыған сәйкес, орталық және жергілікті атқарушы органдар ауылдардың дамуы мен халық табысын арттыру мақсатында жобаларды жан-жақты, жаңа механизмдерді қолдану арқылы барынша бірлесе атқаруы тиіс. Сонымен қатар жобаларды біріктіріп іске асыру барысында «AMANAT» партиясының пікірлері назарға алынуы тиіс. Ұлттық экономика министрлігі «Ауыл аманаты» және «Ауыл – ел бесігі» жобаларының Түркістан облысында іске асыру тәжірибесін ескеріп, біріктіру барысында қолдануды қарастыруы қажет, – деді Қанат Бозымбаев.

Мәжілісте Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков баяндама жасады. Оның айтуынша, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы басталғалы бері еліміздегі 2,5 мың ауылда 6,6 мыңға жуық жоба іске асырылған. Биыл 500-ге жуық ауылдық аумақта 900-ден астам жобаны іске асыруға 176,4 миллиард теңге жоспарланған. Ал, «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 17 мың жеңілдетілген шағын несие берілді. Қазіргі таңда «Ауыл аманаты» және «Ауыл – Ел бесігі» жобаларын бір бағдарламаға біріктіру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Біріншіден, «Ауыл Аманаты» және «Ауыл – Ел бесігі» жобаларын іске асыруды басым тәртіппен даму әлеуеті бар ауылдарда жүзеге асыру ұсынылады. Өлшемшарттарды қайта қарау қорытындысы бойынша даму әлеуеті бар ауылдар саны ұлғаюы мүмкін (шамамен 500 АЕМ-ге) және бұл ауылдарды көбірек қамту үшін оң әсерін тигізеді. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша қаржы ресурстарын әділ және стратегиялық түрде бөлу, экономикалық негіздемені күшейту және мониторинг механизмдері жетілдіріледі. Халықтың қабылдауына ыңғайлы болу үшін жобаларды бір бөлімге біріктіріп, «Ауыл аманаты» атауын беру ұсынылып отыр. Бұл жаңа бағдарламаны Мемлекет басшысының 2023 жылғы Жарлығына сәйкес Үкімет қабылдаған 2023-2027 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамыту Тұжырымдамасына біріктіру көзделіп отыр. Жалпы, жаңа бағдарламада ауылдарды дамытуға қатысты бағдарламалар мен жобалар біріктіріліп, жан-жақты қолдау күшейтілмек.

Жиында аталған жобаларды жүзеге асыруда Түркістан облысы үздіктер қатарында екені, облыстың озық тәжірибелерін басқа өңірлерге енгізу мәселесі айтылды. Ұсыныстар мен есептер тыңдалды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың айтуынша, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы арқылы облыста 602 ауылдық елді мекенді жаңғыртудан өткізу жоспарланған (133 – тіректі, 469 – спутникті). Жоба аясында 5 жылда 113,2 миллиард теңге қаржы бөлініп, 1 567 жоба жүзеге асты. 173 әлеуметтік және 104 инфрақұрылымдық нысан салынып, 1 571 ішкі көше орташа жөндеуден өтті. Нәтижесінде 363 елді мекен қажетті инфрақұрылыммен қамтылып, 10 мыңға жуық адамға жұмыс орындары ашылды. Биыл жаңа 52 ауылды жаңғырту жоспарланып отыр. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 2 жылда облысқа жоба 22,8 миллиард теңге бөлінді. Нәтижесінде 3 293 жоба қаржыландырылып, 3 665 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл 7,4 миллиард теңгеге 1 097 жобаны іске асырып, 1192 жаңа жұмыс орнын ашу межеленген.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров ҚР Ұлттық экономика министрлігінің сәйкес екі жобаны біріктіру бастамасы орынды екенін, өңірде барлық аудан, қаланың даму жоспары әзірленгенін, тиісті жұмыстар жүретінін мәлімдеді. Ауылдарды дамыту бағытында да жоспар жасалып, жұмыстар жандана түспек.

Мәжілісті түйіндеген Қанат Бозымбаев жауаптыларға өңірді, ауылдарды дамытуға бағытталған жұмыстарды жүйелі атқаруды тапсырды.

Ірі су нысандарының жай-күйі, су тасқынына қарсы дайындығы зерделенді

ҚР Премьер министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі ірі су қоймаларының қазіргі жай-күйін бақылады. Алдымен тікұшақпен «Бөген», «Бәйдібек ата», «Шардара» су қоймаларына әуеден визуалды бақылау жасалды. Судың мөлшері, жайылуы, толымдылығы зерделенді. Одан кейін «Көксарай» контрреттегішіне арнайы барып, жағдайын қадағалады. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Төтенше жағдайдың алдын алуға жауапты басшылардың су тасқынына қарсы дайындық жұмыстары мен жоспарларын тыңдады.

«Көксарай» су реттегішінің жалпы сыйымдылығы 3 миллиард текше метрді құрайды. Бірақ қазіргі уақытта техникалық жағдайына байланысты 1,5 миллиард текше метр ғана су қабылдайды. Сондықтан «Көксарай» су реттегішін реконструкциялауға Су шаруашылығы комитеті тарапынан ЖСҚ әзірленді. Биыл «Ислам даму банкінің» қолдауымен құрылыс-монтаж жұмыстарын бастауды жоспарланып отыр. Жобаны іске асыру арқылы контрреттегіште екі есе көп, яғни, 3 миллиард текше метр су жинауға мүмкіндік туады.

Сондай-ақ Қанат Бозымбаевқа «Бөген», «Шардара» және «Бәйдібек ата» су қоймаларының қазіргі ахуалы таныстырылды. Бүгінде «Шардара» су қоймасының толу көрсеткіші 85 пайыздан сәл асты, бұл өткен жылдың осы кезеңдегі көлемінен жоғары. Мамандар су деңгейін бақылауда ұстайды. «Шардара» су қоймасы бөгетінің сейсмотұрақтылығын қайта құру және нығайту нысаны бойынша республикалық бюджеттен 7,7 миллиард теңге қаржы қаралып, 2024 жылы құрылыс жұмыстары аяқталды.

«Бөген» – оңтүстіктегі ең ескі су қоймаларының бірі, 1962 жылдан бері жұмыс істейді және жөндеуді қажет етеді. Су қойма 67,8 мың гектар жерді ағын сумен қамтамасыз етеді. 2021-2022 жылдары су қоймада төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында көпфакторлы зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды.

Ал Бәйдібек ауданындағы «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы өткен жылы көктемгі тасқын суларды жинау мақсатында басталған болатын. Жалпы құны 15,7 миллиард теңге болатын нысанның сыйымдылығы – 68 млн м3. Бұған дейін бөлінген қаржы игеріліп, жұмыстар атқарылды. Тиісті қаржы толық бөлінген жағдайда, құрылыс жұмыстарын 2025 жылы толық аяқтауға мүмкіндік бар. Негізгі су көзі – Бөген өзені, жалпы ауданы – 680 гектар. Бөгеттің ұзындығы – 1,75 шақырым, ал биіктігі – 26 метр. Аталған каналдың бойында 1 369 гектар суармалы жер тұрақты ағын сумен қамтамасыз етіледі.

Қанат Бозымбаев су нысандарына қатысты ұсыныстар мен пікірлерді тыңдады. Су тасқынына және вегетациялық кезеңге дайындық жоғары деңгейде болуы керектігін ескертті. Түркістан өңірінде бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin