
Премьер-министр Олжас Бектеновті Бакуге ресми сапары аясында Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев қабылдады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізі жеткізілді. Бұл туралы Primeminister.kz. хабарлады.
Екі мемлекеттің басшылары арасындағы сенімді қарым-қатынастың арқасында Қазақстан-Әзірбайжан ынтымақтастығы серіктестіктің сапалы жаңа деңгейіне көтерілді.
Әзірбайжан Республикасының Премьер-министрі Әли Асадовпен үкіметаралық келіссөздер барысында сауда-экономикалық ынтымақтастық, көлік-логистика саласындағы өзара іс-қимыл, мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды.
2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 533 миллион долларды құрады. Қазақстан Әзірбайжанға 340 миллион доллардан астам сомаға шикізаттық емес тауарлардың 130 түрін жеткізуді арттыруға дайын. Көлік-логистика саласындағы өзара іс-қимылға назар аударылды. Өткен жылы Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалдау көлемі 62%-ға өсіп, 4,5 миллион тоннаға жетті. Екі елдің темір жолдары арасында «Digital Trade Corridor» платформасын интеграциялау аяқталды.
Тараптар екіжақты тауар айналымын неғұрлым жоғары деңгейге көтеру үшін бар күш-жігерін жұмсауға ниетті екенін растады.
Кездесулер қорытындысы бойынша екіжақты бірқатар құжатқа қол қойылды. Олардың ішінде Қазақстан-Әзірбайжан бағытындағы су асты талшықты-оптикалық байланыс желісін жобалау және салу жөніндегі құжат бар. Жоба байланыстың сапасы мен сенімділігін арттыру, Азия мен Еуропа арасындағы деректерді беруді кеңейту үшін стратегиялық маңызға ие.
Сондай-ақ келіссөздер барысында екі елдің мәдени-гуманитарлық саладағы өзара іс-қимылы талқыланды. Әзірбайжан тарапы Қазақстанның Қарабақты қалпына келтіру үдерісіне қосқан үлесін жоғары бағалады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.