Қайтарымсыз грант алған шымкенттік көпбалалы ана құс фермасын ашқысы келеді

Шымкенттік Динара Бабақулова бір жылдан бері асыл тұқымды бройлер балапандарын инкубаторда өсіріп, етін саудалап келеді. Бизнес-жобасы комиссияның шешімімен мақұлданып, қайтарымсыз қаржы алған болатын.
— Кәсіпті зерттеуге, үйренуге 70 жұмыртқаға арналған инкубатордың көмегі көп болды. Шаруашылықтан тәжірибе жинаған соң ауқымын кеңейтуді көздеп, қайтарымсыз грантқа өтінім жолдадым. Мақұлданған қаржыға сыйымдылығы 2200 жұмыртқаға арналған құрылғыны сатып алдық.
21 күннен кейін жаңа құрылғыға салынған жұмыртқадан алғашқы балапандар жарып шықты. Жартысын балапан күйінде сатып, қалғанын бірер ай көлемінде бағып, тамақтану орындарына саудалап отырмын, — дейді Динара Мелісқызы.
Іскер әйел жұмыртқа жарып шыққан күннен бастап, салмақ жинағанша ветеринарлармен кеңесіп балапандарға қажетті екпе, дәрумендерін салдырып отырады. Грант иегері қазір тез өсіп жетілетін, еті жұмсақ әрі дәмді бройлер тауықтарына сұраныс өте жоғары екенін айтады.
Алдағы уақытта шаруашылықты кеңейтіп, мемлекеттік қолдаулар аясында ауқымды құс фермасын ашуды жоспарлауда.
Биыл Шымкентте 426 адамға қайтарымсыз грант беру жоспарланған. Маусым айында комиссияның шешімімен 214 тұрғынға қайтарымсыз қаржы мақұлданды.Берілетін қайтарымсыз қаржының көлемі 400 АЕК (2024 жылы 3692х400=1 476 800 теңге)
Тілге тиек етсек, 2023 жылы грант алған 452 адам тексерілді. Бүгінге дейін мониторинг бөлімі 268 адамның қаржыны мақсатты жұмсағанын анықтаса, 137 адамның ісі “Құқықтық қамтамасыз ету” бөліміне өткен. Оның ішінде есеп тапсырмағандар, қаржыны мақсатқа жұмсамағандар және ісі сотқа өткендер бар. Ал, 184 грант иегерін зерделеу жұмысы осы жылдың қыркүйегіне дейін жүзеге асырылады.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin