«Лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында осылай деді.
Сол сияқты тағы бір қауіпті кесел – лудомания, яғни құмарпаздық. Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады. Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады», — деді ҚР Президенті. Осы орайда Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен лудомания, яғни құмар ойындарға тәуелділік мәселесі бойынша кешенді жоспар әзірленді. 2024-2026 жылдарға арналған жоспар заңсыз ойын бизнесімен және лудоманиямен күреске бағытталған шараларды қамтиды. Мемлекеттік бақылауды күшейту арқылы құмар ойындарға тұрақты қатысатын адамдар санын 350 000-нан 201 600-ге дейін азайту жоспарлануда. Санат Жұмабайұлының айтуынша, қазіргі уақытта елімізде 26 ойын бизнесі субъектісі, оның ішінде 6 казино, 9 ойын автоматтары залы, 11 букмекерлік кеңсе қызмет атқарады. 2020 жылы букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар Алматы облысы мен Ақмола облысында арнайы ойын аймақтарына көшірілген. Мемлекеттік бақылаудың нәтижесінде 2021 жылдан бастап 36 ойын мекемесі лицензиядан айырылды, бұл шаралар лудоманиямен күресте маңызды қадам болып табылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы лудоманияны патологиялық тәуелділік ретінде танығаны белгілі. Қазақстанда статистикалық мәліметтер бойынша, құмар ойындарға тәуелді адамдар саны 350 000-ға жуық, олардың ішінде жасөспірімдердің үлесі басым. Осы орайда, азаматтар мен резиденттер үшін құмар ойындарға қатысудан өзін-өзі шектеу қызметі автоматтандырылып, қоғамдағы лудомания проблемасын шешуге жаңа мүмкіндіктер ашылады.