ҚАЙНАРБҰЛАҚ ПЕН БОЗАРЫҚ ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ БАСТЫ НАЗАРДА

Бүгін Шымкент қаласының әкімі  Қайнарбұлақ тұрғын алабына арнайы барып, инфрақұрылыммен қамту, атап айтқанда  ауыз су тарту жұмыстарын тексерді.

Құрылыс толығымен келер жылдың соңына дейін аяқталмақ. Ал, табиғи газ жүйесінің құрылысы биыл басталады. Қазір мердігерді анықтау мақсатында конкурс өткізілуде.

Биыл мемлекеттік — жекеменшік әріптестік аясында Степная, Бөлешов, №125 мектеп көшелері жарықтандырылады. 

Қала әкімі құрылыс жұмыстарындағы кемшіліктерді дер кезінде түзетіп, жұмыс сапасын үнемі бақылап отыруды аудан әкіміне жүктеді.

Қаратау ауданына қарасты Қайнарбұлақ тұрғын алабында 1540 үй бар. Оның 279-ы ғана ауыз су және сапалы электр жарығымен қамтылған. Қалған бөлігі ауыз суды тасып ішіп, жарықты жекеменшік трансформатордан алады. Сапалы электр жарығын жеткізу бойынша жұмыстар 2021 жылы басталған еді. Жоба 2023 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Ал табиғи газбен қамту үшін «МПК проект» жобалаушы мекеме тарапынан ішкі жүйелердің жобасы жасалуда.
Қайнарбұлақта жалпы саны 47 көше бар. Оның 3-і асфальтталған, 39 көшеге шағал тас төселген. 2023 жылы ұзындығы 10,6 шақырымды құрайтын 16 көше, 2024 жылы 13 көше, 2025 жылы 15 көше жөнделіп, асфальт төселеді. Аталған түйткілдердің түйіні ағытылса, инфрақұрылым мәселесі айтарлықтай шешілмек.

Одан соң қала әкімі «Бозарық» индустриалды аймақтың инженерлік-инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс жұмыстарын тексерді.

Мемлекет Басшысы геосаяси жағдайдың күрделенуіне байланысты еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі және бағаны тұрақтандыру мәселесіне байланысты нақты тапсырмалар берген-ді.  Бұл бағытта қаламыздың ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарын дамыту арқылы қолға алу көзделген. Бүгінгі таңда аумағы 133 гектар құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агро-индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізілуде.

Мұнда қазір 15 шақырымдық суаққының құрылысы жүруде. Жұмыстың 46 пайызы орындалды. Сонымен бірге, электр жүйесін тарту жұмыстары қарқын алған. Индустриалды аймақты инженерлік-инфрақұрылыммен қамту толығымен 2023 жыл соңына дейін аяқталады.

Ішкі және сыртқы жолдар үшін конкурс өткізілуде.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.