Өзі ұстаз, өзі ақын Алтыншаш Жақияновамен Түркістан төрінде кездесу кеші өтті

Түркістанда ақын Алтыншаш Жақияновамен «Түркістан, танимысың түлегіңді…» атты кездесу кеші өтті. Облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында өткен жиыны облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретберген, облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев ашып беріп, кеш иесіне шығармашылық табыс тіледі. Облыс әкімінің орынбасарының құттықтау хатын табыстады.

Журналист, ақын Бауыржан Ерман модератор болып, қаламгермен сырлы сұхбат құрды. Туған жерге деген сағыныштан туған өлеңдерін оқыды. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ орындаушылық өнер кафедрасының студенттері нәзіктік пен махаббаттың бүршік жарған сезімдерден тұратын махаббат композициясын сахналады. Бұдан соң өмірлік жары мен бауырлары сөз алып, жылы лебіздерін білдірді. Балалар мен жасөспірімдер орталығының оқушылары өлеңдерін оқыса, өнерпаздар ақынның сөзіне жазылған әндерді шырқады. Жас ақындар өз кезегінде алдыңғы буын қаламгерге ақ тілегін арнады. Кітапхана директоры Жанат Шардарбекова кешті қорытындылап, оқушыларға алғыс хат табыстады.

Алтыншаш Жұманқызы – повестер мен көркем-публицистикалық кітаптарымен танылған қаламгер ақын. Қара өлеңді жанына серік еткен ол шығармашылығының арқасында Қазақстан Жазушылар және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, 2017 жылғы «Балалар әдебиетінің үздігі», республикалық Балалар әдебиетінің «Бас бәйгесінің» жеңімпазы, Қонаев қаласының құрметті азаматы атанған.

Жақиянова Алтыншаш Жұманқызы 1959 жылы 30 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы, Майдантал кеңшарында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірді. Өлеңді он жасынан бастап жаза бастаған Алтыншаш Жұманқызының өлеңдері сол кездері үнемі республикалық газет-журналдарда жарық көріп жататын.

1979 жылы Семей облысына тұрмысқа шығады. Онда да шығармашылығын үзбей, «Ақсуат арайы» газетінде әдебиет және мәдениет бөлімінде әдеби қызметкер боп істейді. 

1992 жылы Қапшағай өңіріне көшіп келеді. Сол жылдардан бері қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс беріп келеді.

1994 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойын өткізіп, көпшіліктің көзіне түседі. Қалалық білім бөлімінен келгендер қалаға мұғалім болуға шақырады.

1996 жылдан бері Қапшағай қаласындағы Д.А.Қонаев атындағы №1 қазақ орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп келді. Ұстаздыққа бет бұруына байланысты 2002-2004 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтының филология факультетін сырттай оқып, бітіреді. 

1995 жылы Қапшағай қаласының 25 жылдығына арнап шығарылған «Қапшағайлық ақындар» жинағына өлеңдері енді.

Ширек ғасыр ұстаз бола жүріп, «Жүрегімнің жұлдызы» (1996 ж. «Түркістан» баспаханасы,. 64 бет), «Арқабай шежіресі», (2000 ж.«Poly Com».20 бет),) «Жанымның нұры», (2009 ж. Алматы «Қазақпарат», 226 бет ), «Сүмбіле» («АнАрыс» баспасы, Алматы. 2015 ж.328 бет), «Қапшағай толқынында туған жырым» (Мемлекеттік тапсырыспен «Таймас» баспа үйі, Алматы – 2016 ж.240 бет) атты жыр кітаптарын және Қапшағай қаласының 40 жылдық мерейтойы қарсаңында «Қанат жайған Қапшағай» («Қазақпарат» Алматы – 2010 ж. 244 бет), елі сүйген қазақ поэзиясының Хантәңірі – М.Мақатаевқа деген сүйіспеншілігінің белгісі ретінде «Менің Мұқағалиым» («Қазақпарат» Алматы, 2011 ж.118 бет), Д.Қонаевтың 100 жылдығына арнап шығарған «Алып тұлға және айдынды қала» («Қазақпарат» Алматы, 2012 ж.160 бет) атты көркем публицистикалық жинақтарын шығарды. 

Туған жері Түркістанда бірнеше рет, келін боп түскен жері Ақсуатта екі рет, Заречный, Шеңгелді, Кербұлақ, қаланың кәсіптік колледждерінде, қала мектептерінде, қалалық мәдениет үйінде бірнеше дүркін кездесу кешін өткізген ол өнер сүйер қауымның қошеметіне бөленді.

Алтыншаштың «Сағындым әже» (Мұрат Сатов, Гүлмира Сарина), «Асылым анам» (Жанатбек Саденов), «Жан асылым» (Амангелді Нұрқасымов), «Әндерің — ай» (Ерсайын Нарымбаев), «Көңілің қалды ғой менен» (Жекен Нұрсапин), «Әнім сенсің Қапшағай» (Ерлан Мустафин), «Арманым болып кеттің сен» (Жекен Нұрсапин), «Қапшағай вальсі» (Әділет Жақиянов) атты өлеңдеріне Амангелді Нұрқасымов, Мұрат Сатов, Жанат Сәденов, Жекен Нұрсапин, өзінің ұлы Әділет Жақиянов, Гүлмира Сарина, Ерсайын Нарымбаев сияқты белгілі, әуесқой композиторлар ән жазған. 

2013 жылы «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ Творчестволық Бірлестігінің «Ақбозат» атты ІІ Халықаралық ақындар мүшайрасында жыр бәйгесінің бас жүлдесіне ие болды.

Қазақстандық Ұлттық электронды кітапханасына (http://kazneb.kz) тұрғылықты жеріне қарамастан кез келген оқырман қол жеткізе алады. Осы электронды кітапхана қорына ақын А.Жақиянованың 7 кітабы енгізілген. 

Оннан аса кітапты өмірге алып келген ақынның өмір белестері мұрағатта сақталып, мұражайы қалалық кітапханаға қойылған. 

Алтыншаш екі ұл, бір қыз тәрбиелеген ардақты ана, төрт немереге аяулы әже, сүйікті жар.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin