Өңірдің өркендеуі – әрдайым Түркістан облыстық қоғамдық кеңесі мүшелерінің назарында

2023 жыл да тәмамдалуға жақындап келеді. Биыл жыл басынан бері әл-әзірге Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің 13 отырысы өтті. Кейбіріне шолу жасап өтсек.

Күн тәртібінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін қилы мәселелер қаралды. Сол отырыстарда Түркістан облыстық мәслихаты шешімдерінің жобалары мен Түркістан облысы әкімдігі қаулыларының жобаларынан бөлек Медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту және халықтың денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі ақпаратқа қол жетімділігін арттыру жөнінде есеп; Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жүзеге асыру бойынша мемлекеттік сатып алу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру туралы есеп; 2022 жылы Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің басқармаларға берілген ұсынымдардың орындалу барысы; Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің «Білім, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік корғау салаларындағы бюрократиядан арылту бойынша атқарылған жұмыстарының қорытындысы; Облыстық дін басқармасы басшысының «Діни қызметі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру туралы» есебі сынды сан алуан мәселелер қоғамдық кеңес мүшелерінің талқысына түсті. Сол тұста Түркістан облыстық дін істері басқармасының басшысы Р.Сабыржанұлы облыстағы діни ахуалдар бойынша жан-жақты хабарлама жасап, өңірде конфессиялық келісімді, азаматтардың діни сенім бостандығы, құқықтары мен діни бірлестіктермен өзара іс-қимылын қамтамасыз ету жұмыстары туралы баяндағаны — есімізде. Қоғамдық кеңестің тиісті комиссиясының төрағасы Абай Балажан қосымша баяндама жасап, басқарма тарапынан жіберілген кемшіліктерге назар аударған болатын. Бұл мәселені талқылау барысында қоғамдық кеңес мүшесі ретінде басқарма басшысына өңірдегі діни ахуалды зерделеу, оған талдау жүргізу және облыста жұмыс істеп тұрған діни бірлестіктердің, миссионерлердің, рухани, діни білім беру ұйымдарының қызметтерін жіті бақылау, діни қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты жандандырып, іске асыру бойынша нақты ұсыныстар жасадық.

Ал 29 мамырдағы кеңес отырысында облыстың 2022 жылғы бюджетінің орындалуы жөнінде және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жүзеге асыру бойынша кейбір басқарма басшыларының ақпараттары тыңдалды. Мәселен, Түркістан облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы А.Тасыбаев 2022 жылғы облыстық бюджеттің орындалуы бойынша жан-жақты есепті жасап берді. Облыстық Қоғамдық кеңесінің бюджет және экономикалық дамуы жөніндегі комиссия төрағасы Б.Жақыпов қосымша баяндама жасап, басқарма тарапынан орын алған кемшіліктерді атап өтті. Одан басқа Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан да пікірлер мен ұсыныстар айтылды.

Отырыстың күн тәртібіндегі екінші мәселесі бойынша облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Қ.Елібаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимылды жүзеге асыру бойынша атқарылған жұмыстары туралы баяндама жасады. Бұл мәселені талқылау барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы Е.Жүнісов және Қоғамдық кеңестің тиісті комиссиясының төрағасы У.Қайназаров басқарма тарапынан жіберілген кемшіліктерге назар аударып, бірқатар ұсыныстар айтты.

Ал 30 маусым күні Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің жиырма бірінші көшпелі отырысы Қазығұрт ауданында өтті. Жиынға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы Е.Жүнісов, облыстық басқарма басшылары, Қазығұрт пен Келес аудандарының әкімдері һәм орынбасарлары, бөлім басшылары, аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағалары мен мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты.

Күн тәртібіндегі «Қазғұрт ауданының жер қатынастары саласындағы заңнама талаптарын қамтамасыз ету туралы» мәселе бойынша Қазығұрт ауданының әкімі А.Исмаилов есеп жасап өтті. Қосымша баяндамамен Түркістан облыстық жер қатынастары басқармасының жер есебі және мониторинг бөлімінің басшысы М.Абуов және облыстық Қоғамдық кеңесінің ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, құрылыс және коммуналдық салаларының дамуы жөніндегі комиссия мүшесі Е.Байзақов сөз сөйледі. Пікір алмасу барысында Қоғамдық кеңес мүшелері Қ.Керімбеков, Т.Бүрлібаев, Б.Рысбековтың тарапынан пікір, ұсыныстар айтылды.

Отырыстың күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Келес ауданы әкімінің орынбасары А.Сексенбаев «Келес ауданында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жүзеге асыру бойынша атқарылған жұмыстары туралы» баяндама жасады. Бұл мәселені талқылау барысында Қоғамдық кеңестің сыбайлас жемқорлық көрінісіне қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссиясының төрағасы У. Қайназаров жіберілген кемшіліктерге назар аударып, бірқатар ұсынымдар берді.

Келесі мәселе «Түркістан қалалық әкімдігінің тұрғын үй саласында жүргізілген сыртқы талдау қорытындысы туралы» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы Е.Жүнісов баяндамасында ипотекалық баспана алуда, кезекке тұруда, мемлекеттік сатып алуда Түркістан қаласының тұрғын үй бөлімінің жіберген кемшіліктеріне тоқтап өтті. Қойылған сұрақтарға Түркістан қаласының тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Т.Үсенбаев жауап берді.

Ал Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің жиырма екінші отырысында ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңына сәйкес, өкілеттіктері тоқтатылған мүшелерін алмастыру мақсатында Түркістан облысы резерв тізімінен Қоғамдық кеңес құрамына өзгерістер енгізілді. Алқалы кеңестің шешімімен Айқан Алмагуль Құдайбергенқызы, Тұрабаев Төреәділ Пазылбекұлы, Абиханов Пархат Әліпбекұлы кеңестің құрамына қабылданды. Қоғамдық кеңестің бюджет және экономикалық дамуы жөніндегі комиссиясына — Т.Тұрабаев, Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, құрылыс және коммуналдық салаларының дамуы жөніндегі комиссия құрамына А.Айқан және П. Абиханов ұсынылып, кеңес мүшелері тарапынан қолдау тапты.

Қоғамдық кеңес мүшелері Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер және архивтер басқармасының басшысы Әсет Маратұлы Әбдірахмановтың есебін тыңдады. Әсет Маратұлы Түркістан облысы аумағында цифрландыруды дамытуды, сондай-ақ «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде ең үздік шешімдерді жоспарлау мен енгізуді қамтамасыз ету қызметі туралы баяндама жасады. Бұл мәселені талқылау барысында Қоғамдық кеңестің бюджет және экономикалық дамуы жөніндегі комиссия мүшесі Қайрат Ташқұлұлы Айтбаев өз баяндамасында облыстағы цифрландыру саласының проблемаларын қозғап, жіберілген кемшіліктерге назар аударып, бірқатар ұсынымдар берді.

​ Сонымен қатар, Түркістан облысының аумағында туристік қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру туралы Түркістан облысының мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Серікұлы Қойлыбаевтың есебі тыңдалды. Туризм саласындағы бірқатар мән-жайлар жөнінде облыстық Қоғамдық кеңестің әлеуметтік саланың дамуы және мемлекеттік сатып алу саласының жұмысы жөніндегі комиссияның төрайымы Инара Әбдіғаппарқызы Намазбаева қосымша баяндама жасады.

Сондай-ақ Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің 13 қазандағы  отырысында «Мал және егін шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыруға арналған субсидиялау бағыттары және жанар-жағар май өнімдеріне қажеттіліктерін уақтылы қамтамасыз ету салаларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жүзеге асыру бойынша шаралар туралы есеп»; Түркістан облысының білім басқармасының 2020-2023 жылдар аралығындағы қызметіне және Түркістан облысы аумағындағы суармалы жерлерді 2020-2023 жылдар аралығында мемлекет мұқтажы үшін және арнайы қорға алу әрекеттеріне қатысты сыртқы талдау қорытындысы туралы; Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің денсаулық және дін мәселелері бойынша басқармаларға берілген ұсынымдардың орындалу барысы туралы мәселелер күн тәртібіне шығарылып, талқыланды.

Ал 15 қарашада өткен Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің жиырма бесінші отырысының жаңалығы, ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңына сәйкес, өкілеттігі тоқтатылған мүшенің орнына Түркістан облысы мемлекеттік қызметшілер қатарынан облыс әкімінің кеңесшісі Қайнар Бегалыұлы Абасов кеңестің құрамына енгізіліп, ол Қоғамдық кеңестің сыбайлас жемқорлық көрінісіне қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия құрамына кірді.

Қоғамдық кеңестің жоспарлы мәселесі бойынша облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысының орынбасары Роза Сариева облыс тұрғындарын және бюджеттік нысандарды жылу һәм ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарының барысы туралы баяндама жасады.

Қоғамдық кеңестің тұрақты комиссиясының төрағасы Керімхан Жанысұлы Қадырбековтің қосымша баяндамасы тыңдалды.

Сонымен қатар, «Денсаулық сақтау саласында жүргізілген сыртқы талдау қорытындысы» бойынша Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы Жүнісов Ержан Әліұлы баяндама жасады.

«Түркістан облысының мемлекеттік органдарында ағымдағы жылдың 9 айында мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына жүргізілген ішкі бақылау нәтижесі туралы» Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысының орынбасары, әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Сүртеков Дархан Әшірбайұлы баяндама жасады.

Мұнан соң «2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Түркістан облыстық мәслихаты шешімінің жобасын  облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Әбдіразақұлы Қайыпбек таныстырды.

Тағы бір атап өтер жайт, қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде Түркістан облысы әкімінің жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия отырысына қатыстым. 31 наурызда өткен алғашқы жиында, біріншіден, республикалық инспекциялық мониторингілеу, ҚР мемлекеттік рәміздерінің қолдануына, насихатталуына және соңғы үлгідегі эталондық стандартқа сәйкестігіне тексеру жүргізу арқылы облыста жүргізген мониторинг нәтижесі мен 2023 жылғы облыстық жұмысшы топтың жоспарлаған мониторинг жұмыстары туралы, екіншіден, ҚР мемлекеттік рәміздерінің насихатталуы бойынша Түркістан облысында мектеп оқушылары мен студент жастар арасында іске асырылатын жобалар, үшіншіден, техникалық реттеу және метрология саласындағы уәкілетті органның рәміздер бойынша құзыреті мәселелеріне орай тиісті органдардың басшыларының баяндамаларын тыңдап, сұрақтар қойдық, салаға қатысты өзекті мәселелерді талқыладық. Осы ретте 2022 жылдың 21 желтоқсанында бекітіліп қойған ҚР мемлекеттік рәміздерін насихаттау бойынша 2023 жылға арналған өңірлік іс-шаралар жоспарына ішінара өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты ұсыныс айттық. Айталық, Мемлекеттік рәміздер күніне орай патриоттық диктант жазу жұмыстарын үйлестіру маусым айына белгіленген екен. Бұл мерзімде мектеп оқушылары жазғы каникулға шығып кететіндіктен, Түркістан облысы әкімінің жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Бейсенбай Тәжібаевқа іс-шараны мамыр айының ішінде жоспарлау қажеттігін ескерттік.

Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК,

Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі,

Түркістан облыстық Журналистер одағының

Басқарма төрағасы.

    

 

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin