Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифинг: Абай ауданында тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасалып жатыр

Аудан аумағында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 1,9 миллиард теңгеден астам қаражат бөлініп, әлеуметтік маңызы бар бірқатар жобалар іске асуда. Оның ішінде 16 ойын алаңшасы, 3 спорт алаңшасы, 5 гүлзар салынып, 34 мың шаршы метр аяқжол төселді. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі Шәкір Асылханұлы Сұлтанхан жан-жақты тоқталып өтті.

Көгалдандыру да басты назарда тұр. Бүгінгі таңда аудан аумағында 5 жаңа гүлзар салынып, олардың кейбірі пайдалануға берілді. Сонымен бірге «Асар» шағынауданында тозығы жеткен 4 гүлзар қайта жаңартылуда. Бұл жұмыстар экологиялық жағдайды жақсартуға және тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік бермек.

Абай ауданында жыл басынан бері 37 рет сенбілік ұйымдастырылып, оған 30 мыңнан астам адам қатысты. Қоғамдық жұмыстарға тұрғындардың белсенді қатысуы ауданның экологиялық ахуалын жақсартуға айтарлықтай үлес қосуда.

Балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада өсуі үшін 63 ескі ойын алаңшасының 45-і жаңартылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Жарықтандыру мен жылу жүйесіне қатысты да Абай ауданында тұрғындардың қолайлы тұрмысын қамтамасыз етуге ерекше мән берілуде. 2024 жылға дейін аудан көшелерінің тек 15 пайызы ғана жарықтандырылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш түбегейлі өзгерді. Бүгінде 954 көше жарықтандырылып, жыл соңына дейін барлық көшелерге жарық шамдары орнатылады. Бұл қала әкімінің тапсырмасы аясында жүзеге асып жатқан маңызды бастамалардың бірі саналады.

Жылу маусымына дайындық та жүйелі жүргізілуде. Аудан аумағындағы 255 көпқабатты тұрғын үйдің барлығы қысқы маусымға әзір. «ҚуатжылуОрталық» мекемесі арқылы орталық жылу жүйесіне қосылған үйлерге толықтай сығымдау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, 32 мектеп, 9 балабақша және 13 медициналық ұйымның жылу жүйелері дайын.

Аудан тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастыру бағытында аулалар мен арықтардың жиектерін қоршау, көпірлер салу, аяқжолдарды ретке келтіру жұмыстары да атқарылып келеді. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған нақты қадамдар екені анық.

Абай ауданы бүгінгі таңда әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа белесіне қадам басуда. Аудан аумағында 27 елді мекен орналасып, мұнда 257 мыңнан астам халық тұрады. Инфрақұрылыммен қамту деңгейі айтарлықтай жоғары: тұрғындардың барлығы ауыз су мен электр жарығымен толық қамтылған. Биылғы ақпан айында «Ынтымақ-2» шағын ауданы мен «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабы табиғи газға қосылып, аудан толықтай газ жүйесіне қол жеткізді. Бұл халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болды.

Сонымен қатар, жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары қарқын алды. Аудан аумағында 1274 көше бар, оның ішінде 844 көше асфальтпен жабылған. Жыл соңына дейін барлық тас жолдар толықтай асфальтталмақ. Бүгінге дейін 148 көше жөнделіп, жоспарланған жұмыстар толық орындалса, асфальтталған көшелердің үлесі 100 пайызға жетеді.

Бұл шаралар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де ықпал етуде.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You