![]()
Отырар ауданында мемлекет және қоғам қайраткері, ұлттық мәдениет пен руханияттың көрнекті өкілі Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 95 жыл толуына орай жастар арасында бұқаралық спорттық және танымдық шара өтті.
Шараның негізгі мақсаты – көрнекті тұлғаның өнегелі өмір жолы мен ел тарихындағы адал еңбегін өскелең ұрпаққа насихаттау, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және олардың бойында еңбексүйгіштік пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру.
Ө.Жәнібеков атындағы №4 лицей-интернаты түлектерінің ұйымдастыруымен өткен бұқаралық турнирге ауданның әр елді мекенінен 16 команда қатысып, достық пен ынтымақтастық өрнегін көрсетті.
Аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Жамалханұлы және тиісті бөлім басшылары өз сөзінде Өзбекәлі Жәнібековтің ұлттық мәдениетіміз бен тарихи-рухани мұрамызды жаңғыртудағы өлшеусіз еңбегіне тоқталды.
– Өзбекәлі Жәнібеков сияқты біздің біртуар тұлғаларымыздың еңбек жолы – бүгінгі жастар үшін үлкен мектеп. Адал еңбек ету, өз кәсібін сүю және ел игілігіне қызмет ету – әрбір азаматтың басты ұстанымы болуы тиіс, – деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Ұлт қайраткерінің 95 жылдығына арналған мұндай шаралар жастарды салауатты өмір салтына үндеп қана қоймай, оларды адал еңбек пен отансүйгіштікке баулудың тағылымды үлгісіне айналды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
