Кентаулық балуан әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленді

Loading

Астана қаласында ересектер арасында кураш күресінен өткен XV әлем чемпионатында Кентау қаласының спортшысы Ақбота Қыдырәлі Қазақстан құрамасының сапында ел намысын абыроймен қорғап, күміс жүлдеге ие болды. 78 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен жерлесіміз әлемнің үздік балуандары арасынан оза шауып, халықаралық аренада жоғары шеберлігі мен қайсар мінезін танытты.

Ақбота жарысты сәтті бастап, алғашқы белдесуінде Грузия спортшысын сенімді түрде жеңді. Жартылай финалда Үндістан өкілінен басым түсіп, ақтық сынға жолдама алды. Шешуші белдесуде Азия ойындарының жеңімпазы, Өзбекстан елінің тәжірибелі балуанымен күш сынасты. Тартысты өткен кездесу нәтижесінде кентаулық спортшы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Балуанды жарысқа жаттықтырушы Самат Арғынбаев дайындады. Бұл нәтиже – спортшының табандылығы мен қажырлы еңбегінің, бапкерінің кәсіби шеберлігі мен жүйелі дайындығының жемісі.

Биылғы әлем біріншілігінің Қазақстан үшін тарихи маңызы ерекше. Еліміз ересектер арасында кураш күресінен әлем чемпионатын алғаш рет қабылдады. 7–9 қараша күндері Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өткен байрақты бәсекеге әлемнің 70-ке жуық мемлекетінен 400-ге тарта балуан қатысты. Қатысушы елдер саны жағынан бұл чемпионат кураш тарихындағы рекордтық көрсеткіштердің бірін тіркеді. Бұған дейінгі жоғары нәтиже 2022 жылы Үндістанның Пуна қаласында өткен XIII әлем чемпионатында тіркеліп, оған 60 елдің спортшылары қатысқан болатын.

Жарыс бағдарламасы бойынша ерлер мен әйелдер арасында сегіз-сегізден, барлығы 16 салмақ дәрежесінде жеңімпаздар анықталды. Қазақстан ұлттық құрамасы бас бапкер Ғұмар Қырғызбаевтың жетекшілігімен жарысқа 16 балуанмен қатысты. Ұлттық құрама спортшылары 2026 жылғы Қазақстан және Азия чемпионаттарының қорытындысы бойынша іріктелген еді.

Отандастарымыз туған жерде өткен дүбірлі додада жоғары нәтиже көрсетіп, жалпы саны 11 медаль жеңіп алды. Оның үшеуі – алтын, алтауы – күміс, екеуі – қола. Осылайша Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады. Бірінші орынды кураштың отаны саналатын Өзбекстан құрамасы иеленсе, үшінші сатыға алты жүлдемен Тәжікстан спортшылары жайғасты.

Қазақстан қоржынына алтын медальдарды Айбатыр Миразат (60 келі), Назерке Тілеуханова (87 келі) және Альбина Бахиева (+87 келі) салды. Күміс жүлдеге Темірлан Сағындықов (73 келі), Әділет Ахметғали (81 келі), Ғалымжан Қырықбай (+120 келі), Зарина Сарипова (63 келі), Асылжан Орынбасарова (70 келі) және кентаулық Ақбота Қыдырәлі (78 келі) қол жеткізді. Ал Бейбарыс Нұғманов (90 келі) пен Данил Федоров (100 келі) жарыстың қола жүлдегерлері атанды. Қазақстандық балуандардың осындай нәтижесі ұлттық құраманың халықаралық бәсекедегі әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Кураш – тамыры Орталық Азия халықтарының тарихи-мәдени дәстүрлерімен сабақтасқан көне күрес түрі. Өзбек тілінен аударғанда «күрес» деген мағынаны білдіреді. Бұл спорттың басты ерекшелігі – белдесудің тік тұрып жүргізілуі. Балуандар арнайы киім киіп, қарсыласын рұқсат етілген әдістермен кілемге жығуға тырысады. Лақтыру, шалу және түрлі әдіс-тәсілдерді шебер қолдану маңызды рөл атқарады. Ал аяқтан ұстау, ауырту және тұншықтыру әдістеріне жол берілмейді. Кураш спортшыдан күш пен төзімділікті ғана емес, шапшаңдықты, ептілікті, тактикалық ойлау мен жоғары техникалық шеберлікті талап етеді.

1998 жылы Ташкентте Халықаралық кураш қауымдастығының құрылуы бұл спорт түрінің әлемдік деңгейде дамуына жол ашты. Содан бері халықаралық жарыстар тұрақты ұйымдастырылып, кураштың географиясы кеңейе түсті. Бүгінде ол көптеген елде дамып, құрлықтық және әлемдік чемпионаттар бағдарламасына енген.

Кентаулық Ақбота Қыдырәлінің әлем чемпионатындағы күміс жүлдесі – қала спортының мерейін өсірген елеулі жетістік. Сонымен қатар бұл нәтиже жас буынға үлгі болып, күрес түрлеріне деген қызығушылықты арттыруға ықпал етеді. Еліміздің атын әлемдік аренада танытқан кентаулық қыздың жеңісі алдағы уақытта да жаңа белестерге бастайтыны сөзсіз.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You