Түркістан облысында карантин режимін бұзған 25 тойхананың жұмысы сот шешімімен 1 айға тоқтатылды.
Аудан-қалалардағы мобильді топтар шектеу шараларына мойынсұнбаған тұлғаларға 3 500-ге жуық хаттама толтырып, 200 млн теңге көлемінде айыппұл салды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бақтыораз Елемесов мәлімдеді.
Оның сөзінше, өткен тәулікте короновирус індетін жұқтырған 132 жағдай тіркеліп, аурудың өсу деңгейі 2,3 пайызды құраған.
«Соңғы екі аптада аурушаңдық 2,5 есеге артты. Жыл басынан бері өңірде 5 754 адам коронавирус инфекциясын жұқтырып, оның 12-сі қайтыс болды. Індетті жұқтырғандардың басым бөлігі вакцина алмағандар екені белгілі болып отыр. Сондықтан барлық азаматтарды вакцина алуға шақырамыз», – деді Б.Елемесов.
Сондай-ақ, спикер үй карантиніне жатқызылған азаматтардың арасында жауапкершілікті сезінбей қоғамға қауіп төндіріп жүргендерінің бар екенін айтты. Яғни, «Ashyq» қосымшасы арқылы коронавирус індетін жұқтырған 29 науқас белгілі болып, оларға әкімшілік шара көрілген.
Өз кезегінде Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков шаһардағы эпидемиологиялық ахуал да алаңдатушылық тудырып отырғанын жеткізді.
«Бүгінде Түркістан қалалық ауруханасында коронавируспен 16 науқас, ал пневмониямен 44 адам ем алуда. Сонымен қатар, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ң клиникалық-диогностикалық орталығында коронавирус диагнозымен 4, пневмониямен 51 адам оқшауланған. 21 науқас аса ауыр жағдаймен реанимация бөліміне жатқызылған. Жалпы жыл басынан бері «Covid-19» індетін қалада 799 адам, ал пневмония ауруын 224 азамат жұқтырған», – деді Н.Әбдісаттарұлы.
Сондай-ақ, шаһар басшысы карантиндік жағдайға байланысты Түркістан қаласында сенбі-жексенбі күндері қоғамдық көліктер мен базарлар жұмысын тоқтататынын айтты. Саябақтар да уақытша жабылса, туристік нысандар карантин талаптарын сақтай отырып, жұмысын қалыпты жаңдайда жалғастырады. Керуен-сарай кешені келушілерді қабылдайды, бірақ ондағы қоғамдық тамақтану орындары мен ойын-сауық орталықтары жұмысын тоқтатады.
Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Алтын Досанова індетке қарсы күрес жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатқанын баяндады. Жалпы өңірде 2 060 инфекциялық және 300 карантиндік және 315 реанимациялық төсек-орын ұйымдастырылған.
Айта кетейік, бүгінге дейін облыста 569 650 адам екпенің 1-ші компонентін қабылдаса, 2-ші компонентін 384 127 азамат алған.
«ANYQ.KZ» — ақпарат