
Бүгін Түркі әлемінің рухани астанасы —Түркістан қаласында 2005–2007 жылы туған жастар арасында қазақ күресінен «Дала қырандары» атты республикалық турнирдің жалауы екінші мәрте көтерілді.
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру» жөніндегі бастамасы аясында һәм ұлттық спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған жарысқа еліміздің әр өңірінен 8 команда қатысып жатыр. Атап айтқанда, Алматы, Абай, Жамбыл, Павлодар, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласының құрамалары боз кілемде өзара мықтыны анықтау үстінде.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшысы Болат Қалмұрзаев пен Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, ҚР Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Қайрат Пазылбеков, сондай-ақ Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев және спорт федерацияларының басшылары мен жаттықтырушылар, төрешілер мен еліміздің әр аймағынан келген балуандар қатысты.
Доданың басты ерекшелігі — балуандардың командалық есепте сынға түсуі. Жарыс 7 салмақ дәрежесі бойынша өтуде: 60, 66, 72, 78, 84, 90 және +90 келі.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған турнир жеңімпаздарына жалпы 4 000 000 теңге көлемінде қаржылай жүлде тағайындалған.
Іс-шара барысында қатысушы командалар сап түзеп, ұлттық нақыштағы киімдермен театрландырылған көріністер ұсынылды. Сонымен қатар, қазақ күресінің тарихи маңызы мен тәрбиелік мәніне арналған мазмұнды мәліметтер беріліп, арнайы дайындалған мәдени бағдарламада патриоттық әндер мен халық би ансамбльдерінің қойылымдары көрермен назарына ұсынылды.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған турнир жеңімпаздарына жалпы 4 000 000 теңге көлемінде қаржылай жүлде тағайындалған.
Ауқымды шараны өткізуге Түркістан қаласы әкімдігі қолдау білдірсе, ұйымдастыру жұмыстарын Түркістан облыстық олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Самат Рысбеков кәсіби деңгейде үйлестіріп отыр.
Атап өтейік, қазақ күресі — Еуразия құрлығындағы барлық дәстүрлі күрес түрлерінің синтезінің нәтижесі болып табылатын қазақтың ұлттық күресі. Қазақ күресі қазақтардың ең көне спорт түрлерінің бірі. Қазіргі Қазақстанда бұл жекпе-жек өнері халық арасында үлкен сұранысқа ие. Қазақ күресі 1938 жылдан бері республикалық жарыстар бағдарламасына кіреді.
2016 жылы ЮНЕСКО толеранттылық, ізгі ниет және ынтымақтастыққа принциптеріне негізделген қауымдарды арасындағы қатынастарды нығайтуға әсерін атап өте отырып, қазақ күресін адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізді.
Қазақ күресінің даму тарихы қазақ халқының тамыры тереңнен тартылатын тарихымен тұтасып жатыр. Түрлі бас қосулар мен мереке тойлар спорттың осы түрінің сайысынсыз өткен емес. Күші басым түсіп, жеңіске жеткен балуандар халықтың төбесіне тұтар құрметті адамына айналған. Қазақтың ұлы батыры Қажымұқан есімі қазақ халқының тарихына ғана еніп қойған жоқ, сонымен бірге спортшылардың әлемдік элитасының қатарына кірді.
Қазақ күресі бойынша бірінші ірі жарыс 1938 жылы ауыл шаруашылығы аймақтары арасындағы спартакиада аясында өткен. Сол сәттен бастап жарыс дәстүрлі түрде республика қалаларында тұрақты өткізіліп келді. Ірі халықаралық турнирлер 1952 және 1975 жылдары Азия аймағы спортшыларының қатысуымен өткізілді. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің жанындағы Дене тәрбиесі және спорт комитеті алқасының шешімімен 1972 жылы қазақ күресінен тұңғыш рет 12 балуан «Қазақ КСР-інің спорт шебері» атағына ие болды. Ұлттық күрестің дамуы Қазақстан егемендік алғаннан кейін жаңа серпін алды. 1991 жылдан бастап республикалық чемпионаттар мен біріншіліктер жыл сайын өткізілетін болды.
2004 жылы Қазақтардың Берлиндегі Бүкіләлемдік Құрылтайында конференция өтіп, сонда қазақ күресі бойынша халықаралық федерация құрылды. Федерацияның президенті — Түкиев Серік Адамұлы.
2005 жылы Ресейде (Алтай өлкесі) «Қазақша күрес» күресі бойынша І Азия Чемпионаты өтті. 2005 жылы қарашада Астанада ҚР Президентінің жүлдесіне «Қазақша күрес» күресі бойынша ірі халықаралық турнир болды. Оған әлемнің 25 елінен 100-ден аса спортшы қатысты. Олардың қатарында Германия, Түркия, Голландия, Франция және басқалары бар. Биылғы жылдың шілдесінде Монғолияда қазақ күресі бойынша ІІ Азия Чемпионаты өтті. 2011 жылы тамызда қазақша күрестен Қазақстан біріншілігі болып өтті.
2010 жылы Астана қаласында өткен үшінші Әлем чемпионатына ФИЛА (UWW) президенті Рафаель Мартинетти арнайы келіп Дүниежүзілік Қазақ күресі федерациясын ФИЛА мүшелігіне қабылдау туралы құжатқа қол қойды. Бұл ұлттық күресіміздің тарихындағы ең бір маңызды сәттің бірі.
Жалпы алғанда, 2004-2023 жылдары аралығында қазақ күресінен Қазақстанда, Иранда, Бразилияда, Оңтүстік Африкада және тағы басқа елдерде 10 Әлем чемпионаты, 12 Азия чемпионаты, 6 Әлем кубогы, 6 Еуропа біріншілігі ұйымдастырылды.
Қазіргі уақытта еліміздің барлық облыстары мен республикалық маңызы бар қалаларда «Qazaq kuresi» Ассоциациясының тікелей жетекшілігімен жұмыс істейтін өңірлік федерациялар құрылған. Ал халықаралық аренада әлемнің 40-тан астам елінде қазақ күресінің федерациялары жұмыс істейді.
Бүгінгі таңда төл күресті ел ішінде және шетелді дамыту және жарыстарды өткізу жұмыстары «Qazaq kuresi» Ассоциациясына жүктелген. Бұған дейін елімізде қазақ күресін дамытумен Халықаралық «Qazaq kuresi» федерациясы, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы және Республикалық қазақ күресі федерациясы айналысып келген болатын. 2022 жылдың 29 ақпанында Астана қаласындағы Назарбаев Университетінде үш федерацияның бірлескен Конгресі өтіп, сала мамандарының қолдауымен «Qazaq kuresi» Ассоциациясы құрылды. Ассоциацияның мақсаты – қазақ күресін республикалық және халықаралық аренада дамыту, оны олимпиадалық спорт түрлері бағдарламасына енгізу үшін тиісті қадамдар жасау және кешенді шараларды ұйымдастыру.
2022 жылы «Біріккен Күрес әлемі» (UWW) халықаралық ұйымы төл күресімізді дамытуда біршама еңбек сіңірген «Qazaq Kuresi» Ассоциациясын мүшелікке қабылдады.
2023 жыл қазақ күресі үшін тарихи жыл болғанын атап айтқан жөн. Төл күресіміз алғаш рет Дүниежүзілік жекпе-жек ойындарының (World Combat Games) бағдарламасына енді. Бұл маңызды оқиға Сауд Арабиясы Корольдігінің астанасы – Эр-Риядта болды.
Қазақ күресінде адам өзін еркін ұстап, өз бойындағы күшін, әдісін түгел пайдалана алады, мұнда шалу, жата тастау, арқалай тастау, қол байлап күресу, салмақпен басу, тіресу, ашадан алу, аяқтың басымен іліп тастау, жамбасқа алып иіре лақтыру, белінен қысып, тірсектен шалу сияқты әдістердің бәрін де қолдануға болады.
Балуандар кілем үстінде, арнаулы жазық жерде, тегістегі қар үстінде белдесіп күресе береді. Ойынның ережесі бойынша қимыл үстінде адамға зақым келтіре күш жұмсауға, дөрекілік жасауға болмайды. Күрес бір жақтың талассыз жығылуымен және жауырыны жерге тигізілуімен аяқталады.
Күресетін балуандар жаңадан енгізілген ереже бойынша жасына қарай 3 топқа, ал салмағына қарай 8 категорияға бөлінеді. Күрес мерзімі ересектер үшін — 10 минут, жас өспірімдер үшін — 5 минут. Кейде жығылған адамды басып жатып, жауырынын жерге тигізу шарт емес. Бұл күрестің басты шарты — күшін, әдісін асырып, талассыз жығу. Кейде жыққан адам жығылған адамның басынан аттап «күш алу» деген байырғы жеңіс белгісі жасалады.
Бұрын қазақ күресінде жас, салмақ шектеулері ескеріле бермейтін. Қазіргі уақытта осы спорт түрінде бірыңғай спорт киімі – берен және күрес жүргізу техникасына қатысты белгіленген белгілі бір ережелер бар. Қазақ күресінен балуанның киімі самбошы киімімен біршама ұқсас. Самбодан айырмашылығы, қазақша күресте шапан қысқа жең, иықтарында шағын жапсырмалары бар (ұстасу үшін). Кеудеше аса берік материалдан тігіледі.
Белден және белден жоғары кез келген ұстасуға рұқсат етіледі. Ұстасудың мақсаты — қарсыласының жауырынына тастау.
Қазақ күресі тік тағанда жүргізіледі. Аяққа өтуге тыйым салынады. Береннің жеңі мен белдеуден қармауға болады. Белбеу күресі тәсілдері рұқсат етілген. Қолды қағып жіберуге, жамбас тәсілдері арқылы аяғын іліп алуға болады. Тіземен кілемге тиюге болмайды, бұған қатысты алдын ала ескерту береді.
Қазақ күресі техникасы бойынша грузин (чидаоба), татар (куреш) және өзбек күресімен (кураш) ұқсас. Қазақ күресінің тәсілдері самбо техникасына енгізілген. Көбіне қазақ күрес балуандары самбо, дзюдодан әртүрлі жарыстарға қатысады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
