Түркістан облысының саңлақтары қазақ күресінен өткен ел чемпионатында бірнеше жүлдені қанжығалады

Шымкент қаласында өткен ересектер мен әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатында еліміздің түкпір-түкпірінен келген мықты балуандар бас қосып, бозкілемде өзара мықтыны анықтады. Жалпы саны 20 өңірден келген балуандардың басын қосқан айтулы додада Түркістан облысының спортшылары жоғары дайындықтарын көрсетті.

Тартысқа толы белдесулер нәтижесінде 55 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Рузимон Тугушев ел чемпионы атанды. Ал, 100 келіден жоғары салмақта күрескен Қайсар Шамшидинов финалға дейін сүрінбей жетіп, күміс жүлдеге ие болды. Әйелдер арасында 77 келіде додаға түскен Гүлнұр Ырысхан күміс медаль еншіледі. Сондай-ақ, 66 келіде күрескен Ерасыл Ахметбеков пен 52 келіде күш сынасқан Жадыра Пайыз облыс құрамасының қоржынын қола медалдармен толықтырды. Бұған қоса, абсолюттік санатта — түйе палуан сайысында Қайсар Шамшидинов тағы бір мәрте жүлдегер атанып, қола медаль жеңіп алды. Жалпы, Түркістан облысының балуандары ел чемпионатында 1 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль олжалап, аймақ спортының әлеуетін тағы бір мәрте айқын көрсетті.

Бұдан бөлек Жапонияның Токио қаласында өткен Жазғы Сурдолимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы айтарлықтай табысқа жетті. Бұл додада түркістандық спортшылардың жарқын жеңісі ел мерейін үстем етті.

73 келі салмақ дәрежесінде белдескен Қуандық Шадияр қарсыластарына мықтылығын мойындатып, Сурдолимпиада чемпионы атанды. Ал 100 кг салмақта күрескен Тоқтарбек Айдарбек финалға дейін сенімді қадам басып, шешуші кезеңде ғана қарсыласына жол беріп, күміс жүлдені еншіледі.

Жеңімпаздарды Түркістан халықаралық әуежайында зор қошеметпен қарсы алды. Оларды Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, спортшылардың жақындары, жанкүйерлері мен бапкерлері гүл шоқтарымен күтіп алып, құрмет көрсетті.

– Ел абыройын асқақтатып, Қазақстанның көк байрағын халықаралық ареналарда желбіреткен спортшыларымызды қарсы алып отырмыз. Қуандық Шадияр мен Айдарбек Тоқтарбек – тек Түркістан облысының ғана емес, бүкіл еліміздің мақтанышы. Олар сурдодзюдо спортында жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, үздік екенін дәлелдеді. Күні кеше Токио қаласында өткен ХХV Жазғы Сурдлимпиада ойындарында Қуандық Шадияр чемпион атанса, Айдарбек Тоқтарбек күміс жүлде жеңіп еліміздің мерейін тағы бір мәрте үстем етті. Сіздер – жетістікке ұмтылған жас буынға үлгі, жігер мен рух сыйлайтын чемпиондарсыз! – деген Ертай Кенжебекұлы облыс жұртшылығы атынан алғысын білдірді.

Айта кетейік, ел қоржынына салмақты олжа салған екі спортшы да — облыстық мүгедектерге арналған «Сауран» спорт клубының тәрбиеленушілері.

Еске салайық, Жапонияның Токио қаласында өтіп жатқан Жазғы Сурдолимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы үшін тарихи жеңіс тіркелді. Дзюдодан 73 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған түркістандық Қуандық Шадияр қарсыластарына мүмкіндік бермей, айқын басымдықпен топ жарып, Сурдолимпиада чемпионы атанды. 15-18 қараша аралығында ұйымдастырылған дүбірлі додада отандасымыздың шеберлігі мен дайындығы мықты болып, әр белдесуінде жеңіске жетті. Бұл жеңіс — спортшының ұзақ жылдар бойғы еңбегі мен табандылығының нәтижесі, сондай-ақ Қазақстан дзюдосының халықаралық аренадағы беделін арттыра түскен маңызды жетістік саналады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You