2025 жыл: Түркістан – ерекше мәртебе берілген шаһар: Құрылысшы көшесінің түйткілді мәселелері талқыланды

Түркістан қаласына қарасты Сауран мөлтек ауданындағы Құрылысшы көшесінде орналасқан жылу жүйесінің қазіргі жағдайымен танысу, сондай-ақ тұрғындардың тұрмыстық жағдайға қатысты көтеріп жүрген маңызды мәселелерін зерделеу мақсатында қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаевтың бастамасымен көшпелі кездесу өтті. Іс-шараға мәслихат депутаттары Данияр Мұсабеков пен Құлбатыр Мұсабек, қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков, сонымен бірге жауапты салалық бөлімдердің басшылары мен мамандары қатысты.

Кездесу барысында жергілікті тұрғындар жылу жүйесінің тозығы жеткендігін, қыс мезгілінде үйлердің жеткілікті деңгейде жылынбайтынын, сондай-ақ «көгілдір отынға» қосылуда бірқатар қиындықтардың бар екенін жеткізді. Осы және өзге де өзекті мәселелер тұрғындар мен атқарушы орган өкілдері арасында ашық әрі еркін пікір алмасу арқылы талқыланды.

Тұрғындардың сұрақтары мен ұсыныстары нақты назарға алынып, олардың әрқайсысына салалық мамандар тарапынан жауап берілді. Халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған бастамалар мен жоспарлар жайлы ақпарат беріліп, алдағы уақытта инженерлік инфрақұрылым бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен шешім табатыны айтылды.

Халық қалаулылары бұл бағыттағы бақылау мен қоғамдық мониторинг жалғасатынын атап өтті. Тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, олардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін түйткілді мәселелерді бірлесе шешу — қалалық мәслихаттың басты міндеттерінің бірі екенін жеткізді.

Мұнан соң қалалық мәслихат депутаттары Сауран мөлтекауданынының тұрғындарымен кездесті. Ашық форматтағы жиында тұрғындар өзекті мәселелерін ортаға салып, ұсыныс-пікірлермен бөлісті.

Кездесуді қалалық мәслихат төрағасы, «AMANAT» партиясы Түркістан қалалық филиалының төрағасы Ғаппар Амантайұлы ашып, жүргізді.

Жиынға қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков, Түркістан қаласының прокуроры Кәукен Нәрікбаев сондай-ақ, қалалық мәслихат депутаттары Данияр Мұсабеков, Тәжібек Мұсаев, Дәурен Тәңірбергенов, Құлбатыр Мұсабек қатысты.

Кездесу барысында тұрғындар әлеуметтік мәселелерді , тұрмыстық қалдықтарды шығару, бейнебақылау камераларының жеткіліксіздігі, инфрақұрылым, жылу, су, жарық және жол сапасы бойынша ұсыныс-пікірлерін айтты. Депутаттар әрбір мәселені назарға алып, заң аясында шешу жолдарын түсіндірді. Тұрғындардың сұрақтары мұқият тыңдалып, айтылған әрбір мәселенің назарға алынатын және тиісті мекемелермен бірлесіп нақты жұмыстар атқарылатынын жеткізді.

Ашық форматта өткен жиын халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, өзекті мәселелерді бірге талқылауға мүмкіндік берді.

Естеріңізде болса, 11 шілдеде Сауран секторында қала тұрғындарымен көшпелі кездесу ұйымдастырылған-ды. Кездесуге Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, мәслихат депутаттары Тәжібек Мұсаев пен Данияр Мұсабеков, қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков қатысқан. Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған бірқатар мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, қаңғыбас иттердің көбеюі, түнгі жарық шамдарының жеткіліксіздігі, тұрғын үйлердің нөмірленуіндегі жүйесіздік сынды мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, көпқабатты үйлердің су, газ, электр жүйелеріндегі ақаулар мен коридорлардың тозығы жеткендігі де сөз болды.

Халық көтерген барлық ұсыныс-пікірлер тиісті сала басшыларына жолданып, бақылауға алынатын болады. Мәслихат пен жергілікті билік өкілдері тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізе бермек.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You