
Ауданда Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 30 мамырдағы Жарлығы негізінде 18 көп балалы анаға «Алтын алқа» табыс етілді.
Марапаттау рәсімінде аудан әкімі Азат Оралбаев «Ана — отбасының ұйытқысы, елдің тірегі». Әр азаматтың әдептілігі мен жауапкершілігі, жан-дүниесінің тазалығы аялап өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Ана есімі қашанда ардақты. Себебі, адамзатты мойындатқан ғұлама-данышпан да, тарихқа есімі алтын әріппен жазылған арыстар да анадан туған. Сондықтан, перзентінің болашағы ана үшін қасиетті жауапкершілік. Ал көп баланың анасы болу нағыз ерлік десек те болады. Сонымен қатар, ұлан байтақ жеріміз бар мемлекетіміз үшін халық санының артуы өте маңызды. Демографиялық өсімге үлкен үлес қосып отырған сіздердей алтын құрсақты аналарымызды әр уақытта ерекше құрметтейміз. Бүгінгі мерейлі сәтте сіздерге ауданның демографиялық дамуына қосып отырған елеулі үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін», — деп, ардақты аналарды құттықтап, алғысын білдірді.
Іс-шара соңында көп балалы аналар мемлекет тарапынан ана мен балаға жасалып отырған қамқорлықтарға ризашылықтарын жеткізді.
Айта кетейік, ауданда алтын алқалы аналардың саны 1143-ке жетті. Олардың ішінде 97-сі «Батыр аналар», 224-і «Ана Даңқы» орденімен марапатталған.
Сонымен қатар бүгін аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Кезекті мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімі аппаратының басшысы және қызметкерлері, дербес бөлім басшылары, ауыл округтерінің әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша алғашқы сөз кезегінде тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Арман Искаков өз саласындағы өзекті мәселелер жөнінде баяндап, аудан көлеміндегі инфрақұрылымдық жүйе жағдайына кеңінен тоқталды.
Келесі кезекте, аудандағы құрылыс саласының жұмыс барысы туралы аудандық құрылыс және сәулет бөлімінің басшысы Талғат Омарқұлов хабарлады.
Өз кезегінде аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы Туреев Маратбек аудандағы бюджет есебінен салынған әлеуметтік нысандар жағдайын мәлімдеді.
Мәжілісте сонымен қатар үйді-үйге газ тарту, Ұлттық ауылшаруашылық санағы, көше аншлагтарының жай-күйі талданып, жауапты орынбасарлар мен сала басшылары және ауыл округтерінің әкімдеріне белгілі уақыт аясында мәселелердің шешімін табу міндеті тапсырылды.
Күн тәртібінен түспейтін қоғамдық-саяси ахуал, «Таза Қазақстан» акциясы жөнінде кеңінінен талқыланып тиісті сала басшыларына тапсырмалар берілді.
Жиын соңында аудан әкімі қаралған мәселелер жөнінде аппарат қызметкерлері мен ауыл округінің әкімдері және тиісті бөлім басшыларының жұмыстарына біршама ескерту жасап, алдағы жұмыс жоспарына бірқатар міндеттер жүктеп, орындалу барысын жіті бақылауда ұстайтындығын айтты.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
