2025 жыл: Түркістан – ерекше мәртебе берілген шаһар: «Ана мен бала» орталығының құрылысы жергілікті биліктің қадағалануында тұр

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласында салынып жатқан «Ана мен бала» орталығындағы жұмыстармен танысты. Біріккен Араб Әмірліктерінің «Абу-Даби» қорының демеушілігімен салынып жатқан перзентхана – 80 төсек-орындық. «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорының тапсырысымен құрылыс жұмыстарын «Эристайл-Казахстан» ЖШС жүргізіп жатыр.

Орталық 3,3 гектар аумақта орналасады. Ғимарат екі қабатты, жалпы ауданы – 17 288 шаршы метр. Қазіргі таңда жер қазу жұмыстары толық аяқталған. Іргетасын құю және қайта топырақпен көму жұмыстары атқарылған. Нысан 2026 жылы тапсырылады деп жоспарланған.

Облыс әкімі мердігер мен жауапты басқарма басшыларына жұмысты сапалы атқару, құрылыс талаптарын қатаң сақтауды тапсырды. Құрылысқа қатысты ұсыныс-пікірлерді тыңдап, медициналық мекемені мамандармен қамту, жұмысын үйлестіру мәселесі де назардан түспеуі тиіс екенін ескертті.

Ана мен бала дегеннен шығады, 2025 жылдың басынан бастап көпбалалы отбасыларға және наградталған аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылармен орта есеппен 857,9 мың отбасы жалпы сомасы 304,8 миллиард теңге мөлшерінде жәрдемақы бөлінді. Оның ішінде: көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақымен – 615,4 мың отбасы 265,8 миллиард теңгеге; наградталған анаға берілетін жәрдемақымен – 242,5 мың адам 39 миллиард теңгеге қамтылды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

2025 жылдың маусым айында жоғарыда аталған жәрдемақылармен 867,4 мың отбасы жалпы сомасы 51,3 миллиард теңге мөлшерінде, оның ішінде: көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақымен 623,5 мың отбасы 44,8 миллиард теңгеге; наградталған анаға берілетін жәрдемақымен 243,9 мың адамға 6,5 миллиард теңге мөлшерінде қамтылды.

Көпбалалы отбасыға берілетін мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.

Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді және 2025 жылы:

— 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 63 030 теңге;

— 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 78 798 теңге;

— 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 94 565 теңге;

— 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 110 332 теңге;

— 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 15 728 теңге мөлшерінде төленді.

Наградталған анаға берілетін жәрдемақы «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға тағайындалады.

Наградталған анаға берілетін жәрдемақы ай сайын келесі мөлшерде төленеді:

«Күміс алқа» алқасымен наградталған аналарға – 6,40 АЕК немесе 25 165 теңге;

«Алтын алқа» алқасымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға – 7,40 АЕК немесе 29 097 теңге. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 6,5%-ға артқан.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You