2025 жыл: Түркістан – ерекше мәртебе берілген шаһар: Түркістан қаласында туристерге жаңа бағыттар мен өнімдер ұсыну мақсатында ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр

Loading

Түркістан қаласында ұйымдастырылған «QAYDA ПРЕМИЯ» салтанатты кешінде туризм саласының үздіктері анықталды

Түркістан қаласының үздік орындары мен қызмет көрсету саласының үздіктерін марапаттауға дәстүрлі «Qayda Премия by Tourism Awards» салтанатты кеші өтті. Аталған кештің басты мақсаты – туризм, қызмет көрсету және қонақжайлылық саласында белсенділік пен бәсекелестікті арттыру, сапалы қызмет көрсетіп жүрген нысандар мен кәсіп иелерін бір ортаға жинап, үздіктерді анықтау.

Анықтау жүйесі алдын ала тұрғындардың дауыс беруі арқылы жүргізілген. Салтанатты кеш барысында жыл қорытындысы шығарылып, түрлі номинациялар бойынша үздік деп танылған орындар мен қызмет көрсету орындары марапатталды. Жеңімпаз номинация иегерлеріне арнайы статуеткалар табысталып, қатысушылар өз салаларындағы жетістіктерімен бөлісті.

Жергілікті кәсіпкерлер мен белсенді ұйым өкілдерінің басын қосқан «Vendo Group» өкілдерінің айтуынша, дауыс беру арқылы анықталатындықтан, қатысушылар белсенді атсалысып, қызмет сапасын біршама арттырған. Сонымен қатар, түрлі жеңілдіктер мен қолайлы бағалар ұсына бастаған.

Дәстүрлі түрде екінші рет өтіп жатқан шараға 400-ге жуық адам қатысып, кештің хедлайнерлері ретінде танымал өнер жұлдыздары Баян-Сұлу мен Бонапарт қатысқан.

Жалпы, Түркістан облысында өткен жылмен салыстырғанда туризмнің оң өсімі байқалады. 2025 жылдың II тоқсанының қорытындысына сәйкес, орналастыру орындарында демалғандар саны 151 мың адамға жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңінен 7%-ға өскен. Орналастыру орындарымен көрсетілген қызмет көлемі 3,98 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңінен 27%-ға артып отыр. Сондай-ақ, осы жылдың 10 айының қорытындысына сәйкес, өңірдегі табиғи аумақтарға 142,7 мың адам саяхаттаса, тарихи орындарға 911,2 мың адам барған. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жауапты тұлғаларға туристер ағынын арттыру, жаңа бастамаларды іске асыру бойынша бірқатар тапсырмалар жүктегені белгілі. Сонымен бірге Өзбекстан сапарындағы кездесулер нәтижесі бойынша жұмыс жүргізуді, тың идеяларды қолға алуды тапсырды.

Облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуовтің мәлімдеуінше, 2025 жылдың 9 ай қорытындысына сәйкес, туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 57,9 миллиард теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 27%-ға өскен.

Биыл ішкі туристер санын 350 мың адамға, шетелдік келуші туристер санын 18 мың адамға жеткізу межеленген. Қазіргі таңда ішкі туристердің жалпы саны 273,7 мың адамды, ал шетелдік туристердің жалпы саны 19,1 мың адамды құрап отыр. «Е-qonaq» жүйесіне сәйкес, осы жылдың 10 айында өңірге 43 802 шетелдік турист келген. Облысқа келуші шетелдік туристер бойынша ТОП-10 мемлекет қатарында Өзбекстан, Түркия, Қытай, Ресей, Қырғызстан, Германия, Франция, Тәжікстан, Италия, Индия елдері бар.

Облыстың туристік әлеуетін таныстыру мақсатында жыл басынан бері Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Түркия, Италия, Қытай елдерінің үздік 113 туркомпаниясына ақпараттық тур ұйымдастырылды. Сонымен қатар Түркияның «Albayrak Media Group», «TGRT», «TRT» телеарналарына, Белгияның «Porschist magazine» журналына, Ұлыбританияның «Travel Weekly», «The Telegrap», «The Week», «The Times», «Regent Holidays» және саяхат журнал өкілдеріне және «EuroNews» интернет порталына өңірдің туристік әлеуеті таныстырылды.

Көршілес елдің тәжірибесін пайдалана отырып, туризмді дамыту бағытында да бірқатар ұсыныстар айтылып жүр. Мәселен, тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтау және қалпына келтіру кезінде ЮНЕСКО талаптарын сақтай отырып, жаңа декорациялық тәсілдерді қолдану, заманауи экспозициялық технологияларды пайдалана отырып, тарихи тұлғаларға арналған мұражайлар ашу, тарихи тұлғалар мен оқиғаларды көрсетуге арналған мультимедиялық және голографиялық материалдар дайындау, Түркістан мұражайларында бейне инсталляциялар мен виртуалды көрмелер ұйымдастыру, ортақ турөнімдер жасау, қонақ үй, гид-экскурсовод және мейрамхана саласы мамандарын даярлау бойынша Халықаралық туризм академиясымен тәжірибе алмасу сияқты бастамалар айтылып қалады.

Көрші ел демекші, 1 желтоқсаннан бастап Түркістан қаласынан Өзбекстанның 3 қаласына әуе рейстері ашылды. Ұшақ Өзбекстанның Үргеніш, Бұхара және Самарқанд қалаларына қатынайды. Ұшақ аптасына үш мәрте жолаушыларды тасымалдайды. Әуе қатынасы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өңіраралық байланыстарды нығайтып, туризмді дамытуға серпін береді. Билеттер сатылымға шықты.

Шетелдік инвесторларға арналған мәдени бағдарлама ұйымдастырылды

Естеріңізде болса, «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумы аясында өңірге келген шетелдік инвесторларға арнайы мәдени бағдарлама ұсынылған болатын. Түркістан қаласының инвестиция тартудағы басымдықтардың бірі — қаланың туризмдік әлеуеті. Тарихи мұра, мәдени орталықтар мен Қожа Ахмет Ясауи кесенесін айнала қалыптасқан жаңа туристік бағыттар шетелдік қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырады.

Форум аясында келген делегация өкілдері мен инвесторларға қазақ мәдениеті таныстырылды. ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь бастаған ресми және бизнес делегация өңірдің тарихи-мәдени нысандарын аралап, Түркістанның туристік мүмкіндіктерімен танысты. Мәдени бағдарлама Этноауыл аумағында басталып, қонақтарға ұлттық тұрмыс пен мәдени құндылықтарды таныстыратын интерактивті қойылымдар көрсетілді. Қазақ халқының өмір салты, дәстүрлі өнер түрлері және ұлттық тағамдарды әзірлеу үдерісі ұсынылды.

Сонымен қатар шетелдік қонақтар Қолөнершілер орталығын аралап, өңірдің дәстүрлі қолданбалы өнерімен танысты. Инвесторларға зергерлік, ағаш ою, тері өңдеу, керамика және киіз бұйымдарын жасау үдерісі көрсетілді. Шеберлер әр туындының жасалу технологиясы мен тарихи ерекшеліктері таныстырылды.

Мәдени бағдарлама Түркістанның рухани және тарихи мұрасын жан-жақты таныстыруға, сондай-ақ өңірдің туристік және инвестициялық әлеуетін арттыруға бағытталды.

Атап өтерлігі, Мемлекет басшысы мәдени-тарихи нысандардың инфрақұрылымын дамытуды тапсырған болатын. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен жуырда жиын өтті. Онда өңірдегі тарихи-мәдени мұра насындарын сақтау және осы саладағы өзекті мәселелер талқыланды. Мәжіліс барысында туристік бағыттағы жобаларды дамыту, тарихи-мәдени мұралар тізіміне енген елді мекендерді насихаттау, мәдени шаралар өткізу бағытындағы мәселелер қозғалды. Сондай-ақ тарихи-мәдени нысандарға экспедициялар ұйымдастыру, тарихи тұлғалар мен оқиғаларды көрсетуге арналған мультимедиялық және голографиялық материалдар дайындау, Түркістан мұражайларында бейне инсталляциялар мен виртуалды көрмелер ұйымдастыру, турөнімдер жасау, халықаралық байланыстарды нығайту секілді бірқатар ұсыныстар мен жобалар айтылды.

Жиында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Арыстан баб, Әмір Темір мемориалы, сондай-ақ Отырар қалашығы мен Бердібек сарайы сынды тарихи орындарды сақтау, инфрақұрылымын жақсарту мәселелері де сөз болды. Облыс әкімінің орынбасары жауаптыларға жұмысты жандандыру жөнінде тапсырмалар берді. Бұл бағыттағы ұсыныстар назарға алынып, тиісті жұмыстар жүргізіледі.

Айта кетейік, жалпы облыста 1780 тарихи-мәдени мұра нысаны бар. Оның ішінде 167 нысан — халық көп шоғырланатын, туристердің келуіне ынғайластырылған және мемлекеттік тізімге енгізілген маңызды орындар қатарында.

Қорыта айтқанда, Түркістан қаласында туристік инфрақұрылым жақсарып, өңірге саяхаттаған шетелдіктер саны артты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров біраз мәліметті алға тартты.

– Мемлекет басшысы өз Жолдауында туризм саласын жүйелі түрде дамыту және туристік инфрақұрылымды жақсарту жөнінде нақты тапсырмалар беріп, бұл бағыттың ел экономикасын әртараптандыру мен халықаралық имиджді арттырудағы маңыздылығын атап өтті. Өңірде туризм саласы қарқынды дамып келеді. Президенттің қолдауымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілуі өңірдің туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтерді, – деді Нұралхан Көшеров.

Жыл басынан бері облысқа 500 мыңнан астам турист келіп, осы сала арқылы 6,6 миллиард теңге табыс түсті. 2025 жылдың IIІ тоқсанымен есептесек, орналастыру орындарында демалғандар саны 251 мың адамға жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңінен 6,6%-ға өскен. Жыл басынан бері өңірдегі табиғи аумақтарға 144,6 мың адам, тарихи орындарға 959 мың адам саяхаттаған. «E-qonaq» жүйесіндегі дерек бойынша 2025 жылдың 10 айында облысқа шетелден 43,8 мың адам келген (Өзбекстан, Қытай, Түркия, Ресей, Германия, Франция). Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 еседен астам артып отыр. 2025 жылдың 10 ай қорытындысына сәйкес, туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 97,6 миллиард теңгені құрады.

Туристерге жаңа бағыттар мен өнімдер ұсыну мақсатында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Түркістан қаласында «Есу арнасы» каналы мен Қолөнершілер орталығының құрылысы аяқталды. Жыл соңында 99 гектар аумақты қамтитын жаңа ипподром пайдалануға беріледі. Аталған нысандар халықаралық деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You