![]()
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласында жуырда іске қосылған экскурсиялық автобусымен шаһарды аралап, туристік бағыттар мен қызмет көрсету сапасымен танысты.
Экскурсия барысында облыс әкімі қаладағы негізгі тарихи-мәдени және туристік нысандарды қамтитын маршруттың мүмкіндіктерін көріп, тұрғындар мен қонақтарға ұсынылатын сервистік қызметтердің деңгейіне назар аударды. Сондай-ақ жауапты сала басшыларымен бірге туристік инфрақұрылымды жетілдіру, сервисті дамыту және келушілерге қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар талқыланды.
Өңір басшысы Түркістанның туристік әлеуетін арттыруда заманауи экскурсиялық қызметтердің маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жобалар қаланың тартымдылығын арттырып, туристердің өңірдің тарихи-мәдени мұрасымен жақынырақ танысуына мүмкіндік береді.
Айта кетейік, «Red Bus Turkistan» экскурсиялық автобусы туристерге қаланың көрікті орындарын жайлы жағдайда аралап, аудиогид арқылы Түркістанның тарихы мен мәдениеті жөнінде ақпарат алуға мүмкіндік береді.
Түркістанда заманауи экскурсиялық автобустың іске қосылуы – туристік сервисті халықаралық талаптарға жақындатуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді экономиканың жаңа өсу нүктесіне айналдыру қажеттігін бірнеше рет атап өтіп, ең алдымен туристерге көрсетілетін қызмет сапасын, қолжетімді көлік инфрақұрылымын және цифрлық сервистерді дамытуға басымдық беру керектігін тапсырған болатын. Президенттің айтуынша, Қазақстанға келген әрбір қонақ елден жақсы әсермен аттануы тиіс, ал бұл ең алдымен сервистің деңгейіне байланысты.
Соңғы жылдары Түркістанда осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Қалада халықаралық әуежай, заманауи теміржол вокзалы, «Керуен-Сарай» туристік кешені, жаңа қонақ үйлер, мәдени және спорт нысандары пайдалануға беріліп, тарихи орындарды біріктіретін жаңа туристік маршруттар қалыптасты. Облыс әкімдігінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы бес айында Түркістан облысына 143,1 мың турист келген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,6 пайызға артық. Оның ішінде 31,8 мыңнан астамы – шетелдік туристер, бұл көрсеткіш бір жылда 34,2 пайызға өскенін аңғартады. Ал Түркістан халықаралық әуежайы бүгінде ішкі және халықаралық бағыттар бойынша тұрақты рейстерге қызмет көрсетіп, өңірдің көлік қолжетімділігін айтарлықтай арттырып отыр.
Осындай жағдайда «Red Bus Turkistan» сияқты экскурсиялық жобалардың іске қосылуы туристердің қалада ұзақ уақыт аялдауына, тарихи-мәдени мұраны толыққанды тамашалауына және жергілікті кәсіпкерлік пен қызмет көрсету саласының дамуына оң ықпал етеді. Әлемнің көптеген туристік орталықтарында кеңінен қолданылатын бұл формат енді Түркістанда да заманауи туризмнің ажырамас бөлігіне айналуда.
Бүгінде Түркістан тек түркі әлемінің рухани астанасы ғана емес, халықаралық деңгейдегі туристік орталық ретінде де жаңа даму кезеңіне қадам басты. Туристік инфрақұрылымды жүйелі жетілдіру, цифрлық сервистерді енгізу, көлік логистикасын дамыту және қызмет көрсету сапасын арттыру арқылы өңір Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген Қазақстанның бәсекеге қабілетті туристік индустриясын қалыптастыру стратегиясын дәйекті жүзеге асырып келеді. Сондықтан мұндай жобалар қаланың туристік тартымдылығын арттырып қана қоймай, өңір экономикасының өсіміне, инвестиция көлемінің ұлғаюына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына серпін беретін маңызды бастамалардың бірі болып қала береді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
