![]()
Түркістан облысы мәдениет басқармасына қарасты «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының қайта құрылғанына 5 жыл толуына орай «Бес жыл – бес белес» атты мерейтойлық салтанатты жиын өтті.
Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен қала әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері, республика және өңір кітапханаларының басшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, ардагер кітапханашылар мен оқырмандар қатысты.
Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев кітапхана ұжымын мерейтоймен құттықтап, өңірдің рухани-мәдени өміріндегі кітапхананың маңызды рөлін атап өтті. Сонымен қатар кітапхана саласының үздіктеріне марапаттар табысталып, «Оқитын өлке», «Жыл кітапханашы» және «Алтын формуляр» номинацияларының жеңімпаздары анықталды.
Мерейтой аясында кітапхананың бес жылдық даму жолы мен жетістіктерін таныстыратын арнайы бейнеролик көрсетіліп, «Бес жыл – бес белес» тақырыбындағы кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде кітапхана тарихы, сирек қордағы құнды басылымдар, жаңа жобалар мен соңғы жылдары жарық көрген еңбектер көпшілік назарына ұсынылды.
Сондай-ақ кітапхана ісінің дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлер мен сала қызметкерлері марапатталып, халықаралық әріптестер қатысуымен мәдени ынтымақтастықты нығайту бағытындағы бастамалар талқыланды.
Айта кетейік, 2021 жылы пайдалануға берілген «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы бүгінде өңірдің ірі мәдени-ағартушылық және ғылыми-ақпараттық орталықтарының біріне айналып, кітап оқу мәдениетін дамыту, цифрлық технологияларды енгізу және халықаралық мәдени байланыстарды нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттың интеллектуалдық әлеуетін арттырудың басты тетігі – кітап оқу мәдениетін дамыту және кітапханаларды заман талабына сай жаңғырту екенін үнемі атап келеді. Президент тапсырмасына сәйкес елімізде кітапханаларды цифрландыру, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту және көпфункциялы мәдени-ағартушылық орталықтарға айналдыру бағытындағы жұмыстар жүйелі жүзеге асырылуда. Бүгінде Қазақстанда 4 мыңға жуық мемлекеттік кітапхана халыққа қызмет көрсетіп, олардың қорында 300 миллионнан астам кітап пен ақпараттық ресурс сақталған. Ал Түркістан облысында 320-дан астам кітапхана жұмыс істейді. Олар миллиондаған кітап қорымен өңір тұрғындарының білімге, ғылым мен мәдениетке қолжетімділігін қамтамасыз етіп келеді.
Осы жүйеде «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы қысқа мерзім ішінде Түркістанның ірі ғылыми-ақпараттық әрі мәдени-ағартушылық орталықтарының біріне айналды. Қорында 500 мыңнан астам кітап қоры жинақталған кітапхана бүгінде цифрлық сервистерді дамыту, сирек қорларды сақтау, халықаралық мәдени байланыстарды кеңейту және жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру бағытында ауқымды жобаларды жүзеге асырып келеді. Бұл – Түркістанның рухани астана ретіндегі мәртебесін нығайтуға қосылған нақты үлес. Өйткені кітапхана – тек кітап сақталатын орын ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, ғылыми ой мен рухани сабақтастықты жалғайтын, зияткер ұрпақ тәрбиелейтін маңызды қоғамдық институт.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
