Шымкенттік 500 балақай жол бетіне балалық шағын бейнеледі

Үшінші мегаполистің бүлдіршендері «1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнін» тойлады. Жаздың алғашқы мерекесі қаланың басты алаңы Әл-Фараби алаңында өтті. Мереке 500-ге жуық балақайдың жол бетіне балғын шақтың әсерлі сәттерін бейнелеуден басталды. Оқушылардың қолымен жасалған қолөнер бұйымдарының көрмесі де дәл осы жерде қойылыпты.

 

Мегаполистің басты алаңында өткен салтанатты шарада қала өнерпаздары әннен шашу шашып, балапандарға арналған мерекелік қойылымдар қойды. Өз кезегінде дарынды балалар түрлі-түсті бояумен сурет салып, ата-аналарымен келген қонақтарға өнер көрсетті. Бүлдіршіндерді мерекемен құттықтауға қала әкімі де келді.

«Балаларымыз – біздің бақытымыз және болашағымыз!». Салатанатты жиынға қатысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов өз сөзін осылай бастады. Шаһар басшысы бүлдіршіндерді бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, «Балалар жылы-2022» аясында бірқатар жаңа нысандар іске қосылатынын тілге тиек етті.

«Мемлекет басшысы 2022 жылды Балалар жылы деп жариялауына орай 42,9 млрд. теңге қаржы қарастыра отырып, 84 тармақтан тұратын арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді. Биыл қаламызда 143 балалар ойын алаңшасы, 33 спорт алаңшасы, 16 мектеп, 1 оқушылар сарайы мен №2 балалар саз мектебі іске қосылады. 2021-2022 оқу жылында қаламыздың бес жүзден астам оқушы республикалық, халықаралық деңгейдегі түрлі сайыстарда топ жарды. Бұл біз үшін мақтаныш. Ең алдымен шымкенттік ұлағатты ұстаздардың ерен еңбегінің жемісі. Сондай-ақ, оқушылардың дамылсыз білім алып, оқып-үйренуге жұмсаған алтын уақытының қайтарымы деп білемін», -деді қала әкімі.

Тілге тиек етейік, 2022 жыл – «Балалар жылы». Ал Шымкентте 250 мыңға жуық оқушы бар. Оның 500-ден астамы жыл басынан бері білім мен ғылым, өнер мен спорт салаларында түрлі жетістіктерге жеткен. Осы орайда, халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың жеңімпаздарының шеруі өтті.  

Сондай-ақ, мерекелік іс-шарада марапатталған түрлі байқау жеңімпаздарына жазғы лагерге 10 күндік жолдама сыйға тартылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат

Ad Widget

Recommended For You