Түркістан облысы: Шәуілдірде ауыл әкімінің сайлауы өтіп жатыр

Бүгін жексенбі. Отырар ауданы Шәуілдір ауыл округі әкімінің сайлау науқаны өтуде. Таңнан бастау алған сайлауға ауыл тұрғындары белсенділікпен қатысып, өз таңдауларын жасап, ауылдың болашағына бейжай қарамайтындықтарын танытуда.

Ынтымағы мен бірлігі жарасқан шәуілдірліктер мерекелік көңіл-күймен сайлауда өздері сенім артатын үміткеріне дауыс берсе, алғашқы дауыс берушілерге сыйлықтар таратылды. Бүгінгі сайлауда алғаш болып өз таңдауын жасағандардың бірі – Тасболат Шынболат. «Ауылдың көркеюіне, дамуына еңбек ететін әкімді таңдауға мүмкіндік берген ел Президентіне алғыс білдіремін. Бүгін мен де өз ауылымның әкімін таңдауда дауыс бердім» — дейді ол.

Сондай-ақ, ауыл қариясы Аманжол Амиров сайлауға алғашқылардың бірі болып келіп, жиналған көпшілікке ақ батасын берді.

Жалпы, Шәуілдір ауыл округінің әкімін сайлау үшін 3 сайлау учаскесі, атап айтқанда, №520 сайлау учаскесі (аудандық мәдениет сарайы), №521 сайлау учаскесі (Жамбыл мектеп-лицейі), №522 сайлау учаскесі (Д.Құрманбеков атындағы №20 колледжі) жұмыс істеп тұр.

Атап өтерлігі, өткен жылдың шілде айында елімізде алғаш рет ауыл әкімдерін тікелей сайлау өткен еді. Яғни, тұрғындарға өздері тұратын елді мекеннің басшысын таңдау мүмкіндігі туды. Әкім болуды қалайтын үміткерлер үй-үйді аралап, жұртшылықпен жүздесіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырып, көпшіліктің талап-тілегін тыңдады. Електен өтіп, сайлаушылардың басым дауысына ие болғандар тізгінді қолына алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы халыққа Жолдауында ауыл және кент әкімдері тікелей сайлануы тиіс деген тапсырма берген болатын. Соның негізінде кейбір заңнамаларға өзгерістер енгізіліп, елімізде бұрын-соңды болмаған саяси науқан басталды. Атап айтқанда, бұған дейін ауыл әкімін халықтың өкілі болып саналатын жергілікті мәслихат депутаттары сайласа, бұдан былай жұртшылық елге басшылық етуге лайық азаматты өзі таңдайды. Мұндай жүйе дауыс берушілерге де, әкім «креслосынан» үміткерлерге де таңсық дүние болғаны рас. Әкімдік қызметті атқарып жүрген кей азаматтар тағы бір мерзімге орнында қалу үшін барын салды. Сайлаудың «қызығын» көрмек болған енді бірі қос алақанын уқалап, үгіт-насихат ісіне білек сыбана кірісіп, уәдені үйіп-төкті. Әйтеуір не керек, «Тұрғындар мені таңдасын» дегендер аянып қалмады. Ал көпшілік көз көрген, ісімен танылған, ауылға шын жанашыр азаматтарды әкім етіп сайлауды қалады. Дәл осындай талаптарға сай келер үміткерлерге дауыс берді. Әлбетте, олардың қатарында іскерлігінен бұрын туыстығына, тамыр-таныстығына басымдық бергендері болмай қоймады. Әйтсе де, сайлаушылардың басым бөлігі дұрыс таңдау жасап, кейін өкінбейтін шешім қабылдады дегенге сенгіміз келеді. 

Жалпы, әлемде қала мэрлерін, елді мекен басшыларын, шерифтерді сайлау тәрізді  биліктің ең төменгі эшалонындағы басшы­ларды бұқараның тікелей сайлап алу дәс­түрі ондаған жылдардан бері бар. Көрші Ре­­сейде де губернаторларды сайлап жатады. Түбі бір түркітілдес елдердің ішінде Түркияда әкімдерді сайлау қызу өтеді. Бірақ Орталық Азияда мемлекеттік басқарудың ең төменгі сатысында сайлау ұйымдастыру болған емес. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстан тағы да озық үлгі көр­сетті. Әрине, ел тарихындағы елеулі оқиғаның артықшылығы, сайланған әкімдердің үмітті қаншалықты ақтайтыны – бөлек әрі бүгін-ертең белгілі бола қоя қоймайтын әңгіме. Алайда шығыстың дүниетанымдағы әрі ұзақ жыл бойы мемлекеттілігінен айыры­лып, тек 30 жыл бұрын ғана қайтадан ел бола білген халықтар үшін таңсық дүние еке­ні анық. Дегенмен Қазақстан билігінің ұзақмерзімді стратегиялық жоспарларды жүйелі жүзеге асыруының нәтижесінде қоғам әкім сайлауына біршама даярланды. Бәлкім, содан да шығар, дауыс берушілердің белсенділігі былтыр жоғары болды.  Президент жа­нын­дағы Қазақстан стратегиялық зерт­теулер институты директорының орын­басары Алуа Жолдыбалина масс-медиа өкілдеріне берген сұхбатында осы жағ­дайды айрықша атап өтті. «Сайлауға жұрт­тың қатысу деңгейі жоғары болды. 90 па­йыз­ға дейін жеткен өңірлер бар. Ең төмен көрсеткіштің өзі – 75 пайыздың айналасында. Осылай болатыны болжанды да. Өйткені Парламент сайлауында да, Президент сай­лауында да ауыл халқы қалалықтарға қара­ғанда өте жоғары деңгейде қатысады», – деді А.Жолдыбалина.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.