Түркістан облысы: Отырар ауданында бүлдіршіндер «Арайлы алтын күз» мерекесінде өнер көрсетті

«Шатыр тікті сары алтын, Шартараптың бәрі алтын» демекші, күзгі мереке байқауы барлық балабақшада әдеттегідей аталып өтіледі. Бұл мерекеге барлық балалар шынайы ықыласымен дайындалып, өз өнерлерін көрсетіп ата-аналарын да мәз-мейрам ететіндігі тағы бар. Міне, Түркістан облысы, Отырар ауданы мектепке дейінгі мекемелеріне қарасты «Тенгиз» бөбекжай балабақшасында да осындай әдемі мереке өтті.

Бұл іс-шараның мақсаты – табиғаттың күз мезгіліндегі өзгерістері жайлы балалардың білімдерін кеңейту, күз мезгілінің берекесі туралы балаларға түсінік беріп, оларды еңбекқорлыққа тәрбиелеу. Ең әуелі мерекелік жиында балалар әуезді әуенмен залға кіріп, хормен күз туралы әнді әдемі орындады.

«Жапырақтар» биін билеген кішкентай қыздар «Жау жаңбыр» әнін айтып, өз өнерлерін көрсетіп, жиналған жұртты таң қалдырды. Ал тәрбиешілер күз бейнесі мен қоян, түлкі кейпінде балаларды күлкіге бөледі. «Тенгиз» бөбекжай балабақшасының тәрбиешілері аталған іс-шараға барлық балалардың атсалысуына мұрындық болып, жүргізушілік әрі педагогикалық қабілетінің жоғары екендігін көрсетіп, ата-аналардың ризашылығына бөленді. Өнерлі қыздар және ұл балалар өз өнерлерімен педагог және ата-аналар қауымын тәнті етті. Мерекелік жиын соңында аталмыш балабақша меңгерушісі Роза Қасымбекова сөз сөйлеп, балаларды мерекесімен құттықтады.

Сөздің орайы келгенде, Отырар ауданындағы мектепке дейінгі тәрбие мен білім мәселесіне тоқтала кетсек. Отырар ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің деректеріне сүйенсек, ауданда мектепке дейінгі ұйымдар саны 32-ні құрап отыр. Оның ішінде мемлекеттік меншіктегісі — 20, жеке меншіктегісі -7, ал шағын орталықтар саны – 5. Қазіргі таңда  32 мектепке дейінгі ұйымдарда 2551 бала тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі ұйымда кезекте тұрған 1-6 жас аралығында бала саны 317-ні құрайды. Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес ауданда  3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен оқытуға қамту 100%-ға жеткізілді.

Барлық мектепке дейінгі балалар ұйымдарына кезектілікті қалыптастыру мен оның қызметін және жолдамаларды беру процесін автоматтандыруды енгізу арнайы «balabaqsha.smartnation.kz сайты арқылы мемлекеттік  және жекеменшік балабақшалар   бойынша  жұмыстар  жүргізілуде. Осы жүйелер арқылы балаларды қабылдау, кезекке қою, жолдама беру мемлекеттік қызметтері жүзеге асырылуда. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға оң септігін тигізуде.

Білім саласына енгізіліп жатқан тың өзгерістер мектепке дейінгі тәрбие мен оқу жүйесін жаңа белестерге көтеруде жұмыстар атқарылуда. Тәрбиешілердің мәртебесін арттырып, білім дағдыларын жетілдіру мақсатында 100-ден астам тәрбиеші әртүрлі деңгейдегі біліктілік арттыру курстарынан өткізілді.

Мектепке дейінгі ұйымдарда оқу жылы барысында республика, облыс көлемінде жеткен жетістіктер де баршылық. Атап айтар болсақ, Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген «Заманауи дәстүрлі емес сурет салу техникасы»» тақырыбында «Алпамыс» бөбекжай-балабақша» МКҚК тәрбиешісі Екейбаева Манат Алтайқызы шебер-сыныбында облыстық байқауға қатысып, бас жүлдені иеленіп, республикалық кезеңде «Алғыс хат» иеленді.

Иә, парасатты тұлға тәрбиелеу мақсатында заман талабына сай «Тенгиз» жекеменшік бөбекжай-балабақшасының ашылуы да «Балалар жылы» аталуымен тұспа-тұс келіп отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.