Шымкент қаласына келуші туристердің саны жыл санап артып келеді. 2022 жылдың 12 айында қалаға келушілер саны 448 797 адамды құрап отыр.
Ішкі туризм бойынша келушілер саны 412 268 адам, өткен жылмен салыстырғанда 136,2%-ға артып отыр. Ал, кіру туризмі бойынша келушілер саны 36 529 адам, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есеге ұлғайған.
Бүгінде Республикалық көрсеткішке сәйкес, қалаға келген туристер саны бойынша Шымкент қаласы 3 -орында тұр.
Оның ішінде:
— резиденттер (ҚР азаматтары) бойынша 4- орын;
-резиденттер еместер (шет ел азаматтары) бойынша 4- орында.
Бүгінгі күні Шымкент қаласында 142 орналастыру орны, 9 саябақ, 7 мұражай, 25 әлеуметтік-мәдени нысан, 5 театр, 12 сакралды нысан, 11 сауда, ойын-сауық орталығы,5 діни нысан, 18 аквапарк және 4 табиғи су көзі орналасқан. Аталған нысандардың барлығы дерлік қалаға келетін туристерге қызмет көрсетеді. Мегаполисте жүзге жуық туристік нысан бар. Соның ішіндегі ең маңыздысы әрі шоқтығы биігі ол – цитадель. Содан соң қаланың мақтанышы саналатын дендрологиялық саябақ бар. Саяхатшылар Бәйдібек би ескерткіші мен соның айналасындағы демалыс орнына да көп келеді. Осыған орай Шымкент қаласында туризм сұранысқа қарай бірнеше бағытқа бөлінген. Мәселен, кейбіреулер киелі орындарға барғанды қалайды. Осы ретте басқарма Өзбекстан Республикасымен туристік байланыстарды жандандырып жатыр. Малайзия, Тайланд елінен Өзбекстанның тарихи жерлерін аралауға жыл сайын миллиондаған турист келеді екен. Өз кезегінде жергілікті әкімдік сол саяхатшыларды бізге қарай бұру мақсатында жұмыс істеп жатыр. Сол үшін де киелі орындарға саяхат Оңтүстіктен бастау алады деген ұғымды қалыптастыру бағытында тиісті жұмыстар қолға алынуда. Мәселен, Қожа-Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесі Түркістан қаласында орналасса, оның ата-анасы Ибрагим ата мен Қарашаш ананың қабірі – Шымкент қаласына кіретін Сайрам тұрғын алабында. Яғни зиярат етушілердің көбі алдымен Сайрамға келеді, сосын бабамыздың ұстазы Арыстан бабқа барады, содан соң Түркістанға жол тартады. Одан бөлек те туристердің саяхаттау нысанына байланысты әртүрлі сұраныстары болады. Оған, айталық, экстремалды туризмді жатқыза аламыз. Осы ретте қала іргесінде Бүркіт спорт ұйымы қызмет көрсетеді. Ол жерде мәселен, парашютпен секіруге болады. Сонымен бірге картинг бар. Сондай-ақ қала ішін аралау, балалар туризмі секілді бағыттар қосылған. Шымкентте сонымен қатар медициналық туризм де ерекше қанат жайып келеді. Мәселен, осы күні жан-жақтан, тіпті шетелдерден Шымкентке келіп емделуді қалайтын науқастар саны арта түскен.