Шымкентте Чернобыль апатына 37 жыл толуына орай, Чернобыль ардагерлері одағының ұйымдастыруымен апат құрбандарын еске алу және ардагерлердің ерлігіне тағзым кеші өтті. Чернобыль құрбандары аллеясында өткен іс-шараға Чернобыль апатының, Ауған, Тәжік-Ауған, Таулы Қарабақ, «Семей сынақ», «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық ұйымдарының ардагерлері қатысты.
Жиналған көпшілік апат салдарынан қаза болған сарбаздардың құрметіне ескерткішке гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды. Жиында сөз алған Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Бексұлтан Әділханов бұл күннің маңыздылығына тоқталып, белсенді ардагерлерді марапаттады.
Бүгінде шаһарда Шымкент қаласы ҚР Қарулы күштер ардагерлер қоғамдық коолициясының ұйымдастыруымен тұрғындарға қол ұшын беру және патриоттық іс-шаралар тұрақты өтіп тұрады. Атап айтсақ, ұйым Қостанай облысындағы алапат өрт пен Мақтаралдағы су тасқыны кезінде тұрғындарға қол ұшын созып, белсенділік танытқан.
Сондай-ақ іс-шара барысында патриоттық әндер шырқалып, қоғамдық бірлестіктер ардагерлерге сый-сияпат табыстады.
Айта кетейік, 1986 жылы 26 сәуірде Украинаның Чернобыль қаласында атом электр станциясы жарылды. Апаттың зардабын жою жолында жүз мыңдаған сарбаз отан алдындағы борыштарын атқарды. Қазақстаннан 52 мыңнан астам әскери тартылған. Тағы бір ескерерлік жағдай, олардың құрамында запастағы әскерилердің, азаматтық саладағы мамандар мен бірге әйелдер мен студенттердің де болғаны туралы дерек бар. Ядролық реактордың от жалыны 300 метрге дейін көтерілген. Жарылыс кезінде салмағы бір тоннаға жететін темір жабулар мен бетондар аспанға ұшып, атом отынына жалғанған 1661 арна ашық қалған. Одан шыққан атом отыны ауамен араласып, желмен бірге айналаға тараған. Жарылыс кезінде жұмыста 4500 адам болыпты. Аталған 4 блоктағы өртті өшіруге сегіз күн кеткен. Апаттың алғашқы күні 80 адам қаза болып, зардабынан 2 мыңнан астам адам ауруханада көз жұмған. Өкінішке орай, оның зардабын ардагерлеріміз әлі күнге тартып келеді. Бүгінгі таңда елімізде Чернобыль апатының зардаптарын жоюға атсалысқан 2500 ардагер ғана қалған. Ел амандығы үшін тәуекелге бел буып, жанын қиған сарбаздардың ерлігі жадымызда мәңгілік сақталады.