Таяуда Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлының төрағалығымен мәжіліс өтіп, оған аудан әкімінің орынбасарларымен қатар барлық бөлім басшылары, қала, кент, ауылдық округтердің әкімдері, аудандық полиция бөлімінің басшысы Әділбек Сапарбеков пен аудан прокурорының орынбасары Ырысбек Ерназаров, аудандық кірістер басқармасының басшысы Жомарт Пилалов қатысты. Күн тәртібіндегі аудандағы игерілмей жатқан жерлерді игеру, қала, кент, ауылдық округтердегі заңсыз құрылыстарды жою, цифрландыру мен мемлекеттік қызмет көрсету бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы бойынша жауапты сала мамандарының есебі тыңдалып, ұсыныс-пікірлер талқыланды.
Жетісай ауданының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің жер қатынастары секторы тарапынан арнайы жұмысшы тобы құрылып, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік мақсатындағы игерілмей жатқан жер учаскелеріне түгендеу жұмыстары жүргізілген.
Өткен жылғы түгендеу нәтижесінде анықталған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерінің жалпы ауданы 351,57 гектарды құрап, жер иелеріне Түркістан облысының жер ресурстарының басқару департаменті тарапынан тексеру тағайындау хабарламалары берілген. Нәтижесінде 6 гектар жер игерілсе, 9,72 гектар жер ерікті түрде мемлекетке қайтарылған.
Бүгінде 55 дана жер пайдаланушыларға тиесілі жалпы ауданы 335,85 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы және 2 гектар кәсіпкерлік мақсатындағы игерілмеген жер телімдерін мемлекетке қайтару жұмыстары жүргізілуде.
Одан бөлек, Жетісай ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан қала, кент, ауылдық округтердегі заңсыз құрылыстарды жою бойынша анықтау, зерделеу жұмыстары жүргізіліп, құжаттары толық алынбаған немесе дұрыс емес және өз мақсатына сай пайдаланбай жатқан 61 нысан анықталып, Түркістан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына және Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментіне өз құзыреті шегінде шара көру үшін жолданған.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 13 наурыздағы №86 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне сәйкес аудан, қала әкімдіктерімен жалпы 66 қызмет көрсетіледі, оның 38-і баламалы (ХҚКО, электронды, қағаз), 26-ы электронды түрде болса, 2-і тікелей (тек қана қағаз түрінде) ұсынылады.
Жетісай ауданы әкімдігінің қала, кент, ауылдық округтері әкімі аппараттары және дербес бөлімдерімен өткен жылдың 12 айында көрсетілген 53 273 мемлекеттік қызметтің 1617-і баламалы қағаз түрінде, 38 876-ы электронды түрде мемлекеттік мекемелердің ақпараттық жүйелері арқылы, 12 780-і халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүргізілген.
Нәтижесінде, 2022 жылдың қорытындысымен электронды қызмет көрсету үлесі ауданда 72,1 пайызды құраған.
Мәжіліс соңында аудан басшысы қала, кент, ауылдық округ әкімдері мен жауапты бөлім басшыларына жұмысты жандандыруды, құзырлы органдармен бірлесіп жұмыс жүргізуді тапсырды.
Жалпы, «Игерілмей жатқан және заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жөніндегі комиссия жыл басынан бері мемлекет меншігіне 891 мың гектар жерді қайтарды» — деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Жер пайдаланушыларға қатысты 486 мың гектар алаңда жоспардан тыс 381 тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде 304,7 мың гектар алаңда 152 нұсқама енгізілді.
«Сонымен қатар биыл 891,7 мың гектар бос жатқан ауыл шаруашылығы жерлері мемлекетке қайтарылды. Бұдан басқа, әкімдіктерге қатысты 65 тексеру жүргізіліп, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін беру туралы 117 заңсыз шешім анықталды», — делінген хабарламада.
Жергілікті атқарушы органдардың атына жер заңнамасын бұзу фактісін жою туралы 54 ұйғарым берілді.
Айта кетері, екі жыл ішінде қайтарылуға тиіс 10 млн. гектардың 6,3 млн. гектары мемлекет меншігіне өтті. Мемлекетке қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлері халықты жайылыммен қамтамасыз ету мақсатында аудандардың резервіне қойылады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.