Түркістан облысы орталығындағы мектеп-лицейде Димаш Құдайберген атындағы кабинет ашылды

Түркістан қаласындағы №28 мектеп-лицейінде білім мен тәрбие сапасын ұштастырған мазмұнды іс-шара ұйымдастырылып, білім ордасының 5 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде атап өтілді. Салтанатты жиынға білім саласы мен зиялы қауым өкілдері, ата-аналар қатысып, мектеп ұжымының жетістіктеріне жоғары баға берді.

Бүгінде Түркістан – облыс орталығы ретінде қарқынды дамып, жаңа шағынаудандар бой көтеріп, көпқабатты тұрғын үйлер саны артып келеді. Соған сәйкес, сапалы білімге деген сұраныс та еселеп өсуде. Осындай қажеттіліктің нәтижесінде ашылған №28 мектеп-лицейі қысқа уақыт ішінде өңірдегі беделді білім ордаларының біріне айналып үлгерді.

Салтанатты жиында Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев пен Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов мектеп ұжымын 5 жылдық мерейтойымен құттықтап, білім сапасын арттыру жолындағы еңбектеріне табыс тіледі.

– Мектептің 5 жылдық мерейтойы – баршаңыз үшін зор мақтаныш. Осы аз ғана уақыт ішінде мектеп ұжымы сапалы білім мен саналы тәрбие беруде айтарлықтай жетістіктерге жетіп, өз бағытын айқындап үлгерді. Бұл – ең алдымен, білікті ұстаздардың қажырлы еңбегінің, ата-аналардың сенімі мен қолдауының, оқушылардың талпынысы мен ізденісінің нәтижесі. Алдағы уақытта да білім ордасы өзінің игі дәстүрін жалғастырып, жаңа жетістіктерге жете берсін. Ұстаздар қауымына шығармашылық табыс, оқушыларға биік мақсат пен жарқын болашақ тілеймін, – деді басқарма басшысы Ғалымжан Қалдыкөзұлы.

Іс-шара аясында ерекше мәнге ие тағы бір маңызды оқиға – әлемге танымал әнші, Қазақстанның мақтанышы Димаш Құдайберген атындағы арнайы кабинеттің ашылуы болды. Ашылу рәсіміне өнер иесінің ата-аналары арнайы қатысып, мектеп ұжымына ризашылықтарын білдірді. Бұл – оқушыларға шабыт беріп, өнер мен білімді қатар игеруге үндейтін тағылымды бастама. Сондай-ақ шара барысында ұлттық құндылықтар дәріптеліп, арнайы қонақтар бүлдіршіндердің тұсауын кесті.

Бүгінде мектеп оқушылары түрлі халықаралық білім додаларында топ жарып, өңір абыройын асқақтатып жүр. Бұл білім ордасында қалыптасқан сапалы білім мен жүйелі тәрбиенің нақты нәтижесі дер едік.

Түркістандық зиялы қауым өкілдері Өзбекстанға әдеби сапармен табан тіреді

Өңірдің әдеби-мәдени тыныс-тіршілігінен тағы бір маңызды ақпаратпен бөлісе кетсек. Түркістан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен және облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен өңірдің зиялы қауым өкілдері іргелес ел — Өзбекстанға әдеби сапармен барды. Делегация мүшелері Жызақ қаласында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қаламгер Шараф Рашидовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.

Одан кейін қос елдің зиялы қауым өкілдері Жызақ қаласындағы Шараф Рашидов атындағы өңірлік кітапханада «Кітап оқу – ұлттар арасындағы рухани көпір» атты халықаралық конференцияға қатысты. Іс-шара барысында Жызақ облыстық ақпараттық-кітапхана орталығы мен «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы арасында ынтымақтастықты дамыту жөнінде меморандумға қол қойылды. Бұл құжат алдағы уақытта тәжірибе алмасу, бірлескен жобалар ұйымдастыру және мәдени байланыстарды кеңейтуге жол ашары анық.

Өз кезегінде өзбекстандық зиялы қауым өкілдері рухани ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі екенін білдірді. Соның дәлелі ретінде Халықаралық әдебиет, өнер, мәдениет және әлеуметтік ғылымдар академиясының президенті әрі негізін қалаушы Абдулла Ахматұлы мен аталған академияның академигі Абдуманноп Абдулазизұлы кітапхана қорына сирек кездесетін «Кавказ и Средняя Азия» фотосуреттер альбомы мен 1908 жылы Қазан қаласында басылып шыққан «Бокироний китоби» атты көне кітаптарды сыйға тартты. Облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұжымы да Жызақтағы әріптестеріне 150-ге жуық көркем әдеби кітап тарту етті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You