Шымкентте төтенше жағдайдың карталық сызбасы әзірленді

Жалпықалалық сейсмикалық оқу жаттығу шаралары №65 Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясының аумағында жалғасты. Мұнда шартты түрде халықты қабылдау пунктінің қызметі ұымдастырылды. Жаттығу барысында қала бойынша құрылған 123 эвакуациялық пункттің мекенжайлары арнайы мобильді қолданбаларға орналастырылды.

Қала әкімі М.Әйтенов сейсмикалық оқу жаттығу барысын қадағалап, штаб жұмысын пысықтады.

«Жалпы қала аумағы төтенше жағдайдың карталық сызбасы бойынша 36 секторға бөлінген. Орталық штабтың барлық бөлімдермен тығыз байланыста болуы, резервтегі көмектерді шұғыл әрі тиімді пайдалануы маңызды. Қаланың әрбір мектебінде қабылдау пунктері іске қосылады. Әр ауданда арнайы штаб құрылады» — деді қала әкімі.

Төтенше жағдай кезіндегі арнайы операциялар Ипподром аумағында көрсетілді. Онда шатырлы лагерь, далалық ас үй, тамақтану және азық-түлікпен қамтамасыз ету пункттері орналастырылған.

Бүгінгі шараға 65 жеке құрам, жедел-құтқару жасақтың 5 құтқарушысы,өрт сөндіру қызметінің 16 арнайы техникасы, 10 жедел жәрдем көлігі жұмылдырылды. Сондай-ақ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан 7 қоғамдық автобус тартылды. Сонымен қатар 21 қалалық азаматтық қорғау қызметі қатысып, дайындықтарын пысықтады.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 6 ақпанында Түркияның оңтүстігінде таңғы сағат төртте 17 км тереңдікте 7,8 баллдық дүмпулер тіркелді. Эпицентрінен жүздеген мильге созылған жер сілкінісінен кейін миллиондаған түріктер мен сириялықтардың өмірі түбегейлі өзгерді.Жер сілкіністерінің соңғы сериясы бүкіл әлемдегі елдерге әсер етті.

Жер асты дүмпулері көрші елдерде — Ирак, Израиль және Арменияда тіркелді. Сейсмикалық процестердің жандануы Кавказдың орталық бөлігінде — Солтүстік және Оңтүстік Осетия, Грузияда байқалды. Сол күні Алматыдан батысқа қарай 600 км жерде магнитудасы 5,4 балл болатын жер сілкінісі болды. Елдің кейбір аудандарында 2-3 баллдық серпіліс сезілді. Жер дүмпулері Шымкентте де орын алған еді.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.