Егіс алқабында уақыт-мезгілмен санаспай, белі қайысып еңбек ететін Мақтаарал мен Жетісай аудандарының диқандары ерте пісетін көкөніс дақылдарын сауда сөрелері мен экспортқа жөнелте бастады. Қазір бұл жақтағы егіс алқабы басында тіршілік қыз-қыз қайнап жатыр. Диқандар қырыққабат теріп жатса, үйіргелік жылыжайларда қызанақ пен қиярдың саудасы қыза түскен.
Жетісай ауданындағы Сәкен Сейфуллин ауылының тұрғындары үйіргелік жерді тиімді игерудің шебері десек, асыра мақтағандық болмас. Себебі мұндағы әр үйдің ауласы жайқалып тұр. Көкөністен көз тұнады. Бос жер жоқ. Барлығының ауласында шағын жылыжайы бар. Мәселен, жергілікті диқан Бахадир Булишев ауласындағы 5 гектар жерге жылыжай ашып, қияр өсіріп жатыр. Өзі күніне 110-120 келі өнім алып, базарға 500 теңгеден өткізетінін айтады. Мұнымен тоқтамай, мамыр айының аяғында жерді қайта аударып, екінші өнімге дайындайды.
«Егістік жайды дайындап, тыңайтқыш беріп, қыркүйекте қызанақтың көшетін егеміз, ол өнім желтоқсан айында дайын болады», дейді нәпақасын қара жер мен төгілген терден тауып отырған диқан. Бұдан басқа тағы да айналысатын шаруасы жеткілікті. «Көшет егеміз, басқа жақта жылыжаймыз бар. Жүз мың баклажан және 50 мың болгар бұрышының көшетін егеміз. Ауылға сатамыз» — дейді Бахадир Булишев.
Осылайша ауыл тұрғындары алысқа бармай-ақ ауласындағы шағын алқаптан да көл-көсір пайда тауып отыр. Жалпы, биыл оңтүстікте ауа райы қолайсыз болды. Соған байланысты көктемгі дала жұмыстары да жылдағыдан 1 айға кеш басталды. Мақтаарал ауданына қарасты Атакент ауылының диқандары 400 гектарға қырыққабаттың ерте пісетін сортын еккен. Қазір шаруалар орамжапырақтың әр келісін 165 теңгеден саудалап жатыр. Өткен жылы 130 теңгеден өткізген екен.
Сейсенбай Мұсылманқұлов атты жергілікті диқан әзірге піскен өнімін Ақтөбе облысына жөнелтіп жатқанын айтты. Ал өнімділікке келсек, «гектарына шамамен 30 тоннадан айналады деп отырмыз. Есеп бойынша гектарына 30-35 тоннадан беру керек. Бұлар ерте пісетін сорт болғандықтан, көлемі кішірек болады. Салмағы азырақ болаы. Кештеу пісетіндері ауырлау болады. 40-45 тонна, одан кеш пісетіндері 60 тоннаға дейін береді» — дейді.
Биыл мақтааралдық диқандар 1900 гектар жерге ерте пісетін көкөніс дақылын еккен. Мамандар ерте пісетін қырыққабат өніміне еуропалықтар мен ресейліктер тарапынан сұраныс өте жоғары екенін айтады.
Бұл жөнінде Мақтаарал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Көленов: «Екі апта көлемінде 100 тоннадай өнім шығарып қойдық. Ерте піскен өнімдеріміз Ресейге, ТМД елдеріне, алыс шетелдерге де кетіп жатыр. Тағы бір атап өтерлігі, ерте егілген 400 гектар капуста мен 400 гектар бақша дақылдарының орнына, яғни 800 гектардай аумаққа тағы да екінші өнім егіледі» — дейді.
Диқандар енді аз күнде екінші өнім ретінде қауын-қарбыз, қызанақ-қияр және мақта дақылдарын егуге кіріседі. Осылайша жер емген шаруалар 1 жылда бір алқаптан екі, үш рет өнім алады. Мамандар бұл нарықтағы көкөніс бағасының тұрақты болуына да өз септігін тигізетінін айтады. Жалпы, биыл Жетісай мен Мақтаарал аудандарының диқандары 140 мың гектар алқапқа егіс егуді жоспарлап отыр. Ал Түркістан облысында 860 мың гектар жерге дақылдар отырғызылмақ. Оның ішінде, дәнді дақылдар — 318,0 мың гектар (былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 4,3 мың гектарға артық); мал азықтық — 227,7 мың гектар (былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 6,7 мың гектарға артық); көкөніс, бақша, картоп — 129,1 мың гектар (былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 9,7 мың гектарға артық); майлы дақылдар — 73,5 мың гектар (былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 6,3 мың гектарға кем); мақта — 111,4 мың гектар (былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 14,9 мың гектарға кем).
Ауыз толтырып айтар көрсеткіш, Түркістан облысы бойынша «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы өндіріске кеңінен ендіріліп келеді. Мәселен, былтыр жоба 8,4 мың гектарға ендіріліп, 294 мың тонна өнім өндірілді. Нәтижесінде, бұрын шаруалар гектарына 3-4 миллион теңге табыс тапса, қазіргі таңда гектарына 8 — 10 миллион теңгеге дейін табыстары артты.
Ал ағымдағы жылы жоба 9,3 мың гектарға ендірілуде.
Жылыжайлар көлемі 1 491 гектарды құрайды немесе республикалық көрсеткіштің 71 пайызы. Оның ішінде биылғы алғашқы 3 айда 31,3 гектарға жылыжай салынды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.