Келес өңірінде көктем шуағы еніп, жер сызы кетісімен, дала төсінде көктемгі егіс жұмыстары қыза түскен. Қазіргі таңда мол өнім алу мақсатында егістік алқаптарды тазалау, жер жырту, тұқым себу және суару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ауданның еңбекқор шаруалары жергілікті халықты ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіп, кәсіптерінің жемісін көруде. Солардың бірі – келестік шаруа Өмірзақ Мақсат. Ол үш жылдан бері пияз егіп, табысын еселеу үстінде. Шаруа Жаңадәуір ауылында орналасқан 2 гектар суармалы жеріне өткен жылдың тамыз айында пияз өнімін қондырған. Биыл маусым айының басында еккен өнімін саудалауға дайын отыр. Шаруа мол өнім алуда кәсіби мамандардың кеңесіне құлақ түретінін айтып өтті.
– Пияз егумен үш жылдан бері айналысып келеміз. Өнімнің тұқымын көрші өзбек елінен алдырамыз. Олар Кореядан дақылдарды арнайы алдырып, сұрыптап, саудалап отыр. Биылғы еккен пиязымыздың сорты «Пассад» деп аталады. Бұл сұрып ұзақ күнде дайын болуымен ерекшеленеді. Есесіне өнім мол алынады. Өткен жылдың тамыз айында тұқымын жетілдіріп, қазан айында көшет қылып отырғыздық. Қысымен қардың астында жатады. Көктемде өңдеу жасалып, өнім алуға дайындаймыз. Өнімді еселеу үшін түрлі сыналған дәрумендер қолданылады. Нәтижесінде пияз еккен шаруалар гектарынан 80-90 тоннаға дейін өнім жинайды, – дейді шаруа.
Айта кетейік, биыл Келес ауданында 27 мыңнан аса аумаққа егін егілсе, оның 11 мыңға жуық жеріне бақша, көкөніс өнімдері егілген. Жалпы өткен жылы шаруалардың тынымсыз еңбегінінің арқасында аудан бойынша 458 359 тонна өнім өндірілді.
«Жалпы, Қазақстанның Орта Азия елдерімен бәсекеге түсетіндей қабілеті бар. Ерте өнім беруге болатынын дәлелдеп, биыл 3-ші рет көрсетіп жатырмыз. Өнімділігі гектарына – 50-60 тоннаға дейін. Егер жер тың болса, тыңайтқышты дұрыс қолданса, 80-90 тоннаға дейін береді. Бағаны ешкім білмейді, бірақ дәл қазіргі бағасы 170-180 теңге болып жатыр» — дейді диқан.
Еске салайық, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Ордабасы, Қазығұрт, Сайрам, Сарыағаш, Келес аудандарында агроиндустриалды аймақ құру жоспарланған. Сол арқылы өңірдегі жылыжайлар көлемін 690 гектарға ұлғайтып, 2259 гектарға жеткізу көзделген. Қожалық иелері бүгінде нарыққа шығару барысында жылыжай шаруашылығымен айналысу қиын екендігін және оған төзім қажет екенін жеткізді. Жылыжайды жылы ұстау, ауа райының түрлі сынақтарынан өнімді аман сақтау оңай емес. Желтоқсан айында жылыжайға көшетін отырғыздық. Осы айда өнім аламыз деген үміт бар. Бүгінгі таңда жылыжайда қызанақ және гүл өсіру жұмыстары жүріп жатыр, – дейді Рустем Занджаниджад. Аудан басшысы – Ауыл шаруашылық өнімдері-тұрғындардың басты азығы. Аудан тұрғындарын ауыл шаруашылық өнімдерімен толығымен өзіміз қамтуымыз керек. Мемлекет қолдауы жылдан-жылға артып келеді. Мүмкіндікті дұрыс пайдалану арқылы, шаруақожалықты үлкен мекемеге айналдыруға болады. Бұл бағытта жұмыстарыңызды тоқтатпаңыздар, – деді.
Айта кетсек, шаруа қожалығы төрағасы 1,5 гектар аумаққа жылыжай тұрғызып, бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Қызанақ және гүл өсірумен айналысатын жылыжайда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Аталған жылыжай жылына 12 мың түп гүл және 200 тонна қызанақ өндіруге қуатты. Өнімдерін еліміздегі басқа да облыстарға жөнелтуде. Ерте өнімді экспорттаудан — Келес ауданының диқандары алдыңғы қатарда. Аудан ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаудан әлеуеті жоғары шекаралық аумақ болып саналады. Аудан тұрғындарының басты тіршілік көзі – ауыл шаруашылығы саласы. Өткен жылы ауданда алдыңғы қатарлы озық технологияны қолдана отырып, жылына 2-3 рет өнім алу бойынша 325 жоба немесе 1 502 гектарды құрайтын егістік алқаптарға егін егіліп, 89,3 мың тонна бақша және көкөніс өнімдері өндірілген.
Сонымен қатар, келестік шаруалар шалғам көкөнісін де нарыққа шығарды. Ауданға қарасты Жүзімдік ауылдық округіндегі «Серік» шаруа қожалығы бір жерден үш өнім алып отыр. Атап айтқанда, қожалық биыл картоп, шалғам, қызылша ексе, үшінші өнім ретінде күздік қырыққабат отырғызады. Қожалық бүгін алғашқы өнім ретінде 25 соттық жерге орналасқан шалғам көкөнісін жұлып бастады. Шалғам өткен жылы желтоқсан айында отырғызылған. Қожалық екінші өнімге картоп пен қызылша алуды көздеп отыр. Ал кезекті өнімге күздік қырыққабат егуді жоспарлауда. Айта кетейік, аудан тұрғындарының дерлік барлығы да ауыл шаруашылық саласымен айналысады. Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласындағы өндірілген өнім көлемі 70,4 миллиард теңгені құраған. Егін шаруашылығы бойынша егіс көлемі 26,3 мың гектарды құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда 1,8 мың гектарға артқан болса, көкөніс, картоп және бақша дақылдарынан жалпы 535,6 мың тоннаға өсіп, шаруалар мол өнім алуға қол жеткізген.
Дегенмен Келес ауданында ауыл шаруашылығы саласынан 510 мың тонна өнім өндірілген. Өткен жылы ауданда ауыл шаруашылығы саласындағы көрсеткіштер едәуір жоғарылады. Бұл нәтижеге жетуде жергілікті шаруалардың еңбегі орасан. Жалпы егілген егістік көлемі 26 314 гектарды құрайды. Оның ішінде астық дақылдары, дәндік және бұршақ дақыл – 8 397 гектар, майлы дақыл – 53 гектар, техникалық дақыл – 440 гектар, көпжылдық мал азықтық дақыл – 4 358 гектар, Көкөніс, картоп, бақша дақылы – 11 981 гектар егілді. Ауыл шаруашылығы саласындағы іргелілеуге тың технологиялар мен техникалардың рөлі орасан. Өткен жылы ауылшаруашылығында қолдану мақсатында 71 дана жаңа техникалар шаруалар тарапынан сатып алынса, 10-нан аса жаңбырлатып суару технологиялары енгізілді, — дейді Келес аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Өмірсерік Алтынбаев.
Айта кетейік, келестік шаруалар егін жинау науқаны барысында 20 676 тонна астық дақылдарын, 5 730 тонна техникалық және майлы дақылдарын, 431 953 тонна көкөніс пен картоп және бақша дақылдарын, 52 320 тонна қыстық мал азығын жинап алды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.