
Отырар ауданында шаруалар ағын су тапшылығының алдын алу мақсатында бидай егуді қолға алған болатын. Аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановтың ұсынысымен және жергілікті шаруалардың қолдауымен басталған жұмыстар өз нәтижесін беріп, бүгінгі таңда астық жинау науқаны басталып кетті. Енді шаруалар өнім көлемі мен сапасын арттыру бағытында тәжірибе жинап, қажетті техникаларды алу мүмкіндіктерін қарастырып жатыр.
Осы мақсатта бүгін Қарғалы ауыл округіндегі егістік алқабында «Пайдаланылмаған егістік алқаптарды тиімді пайдалану, агро химиялық өңдеулер жүргізу және өнімділігі мол бидай егу мен қатар су үнемдеу технологияларына көшу» атты аудандық семинар өтті. Семинарға келген шаруалар егістік алаңдағы өнімділігі мол тұқым, минералды, органикалық тыңайтқыштармен жаңбырлатып суғару көрмесімен танысып, мамандардан кеңес алды. Семинар жұмысына арнайы қатысқан Отырар ауданының басшысы Сәкен Сұлтанханов бидай егуді алғаш рет тәжірибе ретінде бастаған шаруаларға бүгінгі жиынның маңыздылығын атап өтті.
Отырар ауданының әкімі өз сөзінде: «Аудан көлемінде осы дақыл түріне қызығушылығы артып, алдағы уақытта бидай егуге ниетті азаматтардың қатары көбейіп келеді. Осы орайда бізге өнім көлемі мен сапасын арттыру мақсатында тиімді шараларды қолдану қажет. Сондықтан да ғылыми зерттеу институттары мамандарының көмегіне жүгініп, шаруалардың тәжірибесін жетілдірудің маңызы зор», — деді.
Мұнан соң Түркістан облысы Кәсіпкерлер Палатасы директорының кеңесшісі Нұрлыбек Нұрманұлы Боранбаев «Агро-кеңес беру орталығы» негізінде өсімдік шаруашылығын дамыту» тақырыбында баяндама жасап, егілетін тұқымдардың сапасы мен алынатын өнімділігі туралы жан-жақты әңгімелеп берді.
Сондай-ақ элиталы ұрық және минералды тыңайтқыштар тасымалдаушы фирмалардың өкілдері құрамында гуматы бар және хелатталған сұйық тыңайтқыштар өндірісі және топырақ пен өндірілген дақылдардың қажеттіліктеріне сәйкес тыңайтқыштардың құрамын таңдау мүмкіндігі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Семинар барысында шаруалар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, қажетті мағлұматтарға қанықты. Ғылыми негіздеменің толық іске асатынына көз жеткізу үшін егістік алқаптардың топырағын зерттеп, тыңайтқыштарды қолданып көруге ниетті екендерін жеткізді.
Айта кету керек, бүгінде Отырар ауданы көлемінде 300 гектар аумаққа күздік бидай егілген болса, оның ішінде 165 гектары Қарғалы ауыл округінде егілген. Алдағы уақытта шығыны аз, ағын суды көп қажет етпейтін, шаруаларға қолайлы бидай алқабын одан әрі ұлғайту көзделіп отыр.
Осы тұста назар аударар мәселе, күздік қара бидай және күздік бидай астық тұқымдастарына жатады. Бұл дақылдарды негізінен тағамдық, мал азығына және техникалық мақсаттарға пайдаланылады. Солтүстік өңірлерде осы дақалдарды астыққа өсіргенде таза сүрі жер (парға) танабында және ықтырмалы парда өсіреді. Күздік қара бидай қара бидайға қарағанда тез өседі, қысқы аязға төзімді, көктемде ерте көк балауса беруімен ерекшеленді. Өңірлерде соңғы жылдары осы дақылдардың ауыспалы егіс құрылымындағы үлесі мүлдем аз 0,12%-ды құрайды, яғни дақылдардың көлемі шаруашылықтарда өте аз деуге болады.
А. И. Бараев атындағы АШҒӨО ауыспалы егістерді зерттейтін көп жылдық далалық стационарында күздік қара бидай және күздік бидай соңғы 30 жылдан бері өсіріліп келеді. Бұрынғы жүргізілген зерттеулер ауыспалы егісте осы дақылдарды тыңайтқыш енгізілген таза ықтырмалы пар алғы дақылында ұзақ жылдар бойы өсіру жақсы нәтижелерін көрсетті. Алайда осы алғы дақылды (ықтырмалы парды) дайындау үшін 21 ай уақыт кетеді, ал өсірілген күздік қара бидай және күздік бидай дақылдардың өнімін жинау үшін қосымша тағыда 3-4 ай уақытты қажет етеді. Сонымен осы аталған дақылдарды өсіру үшін 2 жыл уақыт кетеді. Біздің астық өндірісін өндіретін шаруашылықтарға бұл тиімсіз алқаптар тиімді пайдаланылмайды және екі жыл уақыт күтуге тура келеді. Нарықтық экономика жағдайында фермерлер астық, көк балауса, пішен және т.б. өсімдік өнімін алуы қажет және финанстық таза пайда табуы керек. Бұдан басқа көктемгі ауа райының ерешелігене қарай ықтырмалы парда сирек болса су эрозиясы жүреді және жыл сайын жел эрозиясы болып тұрады.
Осы бағытта жүргізілген ғылыми жұмыстарға аталған дақылдарға ауыспалы егістегі өз орнын табу және өсіру технологиясына біршама өзгеріс енгізу қажет етеді. Кейінгі жылдары аңыздық дақылдар танаптарына алғы дақылдар ретінде күздік қара бидай мен күздік бидай орналастырап өсірілуде.
Күздік бидай азық-түліктік маңызы жағынан жаздық бидайға теңесе отырып, одан бірқатар артықшылықтарымен ерекшеленеді: ол күзгі-қысқы және ерте көктемгі ылғал мен қоректік заттарды тиімді пайдаланады, топырақты эрозиядан қорғайды, арамшөптермен жақсы күреседі, аурулармен аз залалданады, астық сұр көбелегінің жарақаттайтын кезеңінен өтіп кетеді, ұйымдастыру-шаруашылық жағынан өте бағалы және анағұрлым өнімді. 2001 жылы Қазақстандағы күздік бидай егістігі 0,57 млн/га, ал астық өнімі 14,1 ц/га болды.
Ұзақ уақыт бойы Солтүстік Қазақстан облыстарында күздік бидай өсіруге мән берілмей келеді. Себебі бұл аймақтың климат жағдайлары оны өсіруге мүмкіндік бермейді, өсімдіктері нашар қыстайды, маусым айының қуаңшылығына төтеп бере алмайды және төмен өнім береді деп түсіндірілді. Алайда, Қостанай облыстық ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының көп жылдарғы зерттеулері оны аталған аймақта өсірудің мүмкін екендігін, өнімі жаздың бидайдан жоғары екендігін дәлелдеді. Қыстан шығуға қолайлы жылдары күздік бидай 15-20 ц/га өнім бере алады. Күздік бидай Солтүстік Қазақстанда жұмсақ бидай түрінде өсіріледі.
Биологиялық ерекшеліктеріне келсек, күздік бидайдың өсіп-дамуы екі кезеңде өтеді: біріншісі күзде, себуден тұрақты бозқырауға дейін және екіншісі көктемгі тірілуінен басталып, дәннің пісіп және өсімдіктің қурап қалуымен аяқталады. Күзгі кезеңде онда тамыр жүйесі мен жапырақ беті қарқынды дамиды. Күзгі салқын температураның нәтижесінде түптену түйіндері мен жапырақтарда қорлық пластикалық заттар, әсіресе, қанттар мол жинақталады.
Өсімдіктер тыныштық күйіне көшеді және қыс бойы осы күйде болады. Күздік бидайдың ойдағыдай қыстап шығуына өсімдік ұлпаларындағы судың мөлшері көп өсер етеді. Оның тым көп мөлшері және аздығы өсімдіктің құрып кетуіне әкеліп соғады: жасушаларда судың артық мөлшері мұз кристалдарының түзілуіне ықпал жасайды, бұл ұлпалар үшін өте қауіпті, ал су жетімсіздігі — протоплазма биоколлоидтарының коагуляциясына ұрындырады да, өсімдіктер құрып кетеді. Өсімдіктердің қыстап шығу кезеңіндегі құрамды қолайсыз жағдайларға төтеп беруі оның қысқа төзімділігі, ал өсімдіктердің төменгі теріс температураға төтеп беруі аязға төзімділігі деп аталады.
Өсімдіктердің үсіп кетуіне қарсы барынша тиімді шараларға аязға төзімді сорттарды пайдалану, фосфор, калий тыңайтқышын енгізу, мерзімінде себу, тұқымды тереңірек сіңіру, ықтырма көмегімен қар тоқтату, т.б. жатады. Күздік бидайды солып қалудан сақтандыру үшін қар қабатын тығыздаған дұрыс, бұл жағдайда топырақ тезірек қатады да, өсімдіктің пластикалық заттары тыныс алуға аз шығындалады: тым ерте жиі себу мен үстеп қоректендіру азоттың артық мөлшерін қолданудан, т.б. сақтану қажет. Түптену түйіндері мен тамырлардың топырақ бетіне шығып қалмауына тұқымды «ТУР» препаратымен өңдеп тереңірек сіңіру және себу мен себуден кейін топырақты «ЗККШ-6А» катогымен тығыздау жақсы көмектеседі.
А.В.Артюшенко мен О.Г.Артюшенконың пікірінше, Қостанай облысы жағдайында күздік бидайдың жойылып кетуі қыстың қолайсыз жағдайларымен емес, негізінен ерте көктемнен бастап өсімдік ылғалды буландыра бастайды, ал тамыр жүйесі әлі топырақтың тоң қабатында жатады да, ылғалмен қамтамасыз етіп үлгермейді. Соның нәтижесінде өсімдіктер әлсірейді де, түнгі аяздың әсерінен (-12-14°С) опат болады. Сондықтан қар қабатын жасай отырып өсімдіктің ерте көктемде өсуін кешеуілдетудің маңызы зор.
Күздік бидайдың тұқымы, жаздың бидай сияқты, +1-2°С жылылықта өне бастайды, бірақ жаппай өнуі +12-15°С температурада жүреді. Бұл жағдайда егін көгі 6-9 тәулікте пайда болады. Мысалы, С. Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық университетінің өсімдік шаруашылығы кафедрасының тәжірибелерінде күздік бидай көгі орташа тәуліктік ауаның 18,6°С температурасында бес тәулікте, ал 15,9 және 12,8°С болғанда (себу мерзіміне байланысты) тиісінше б.жөне 8 тәулікте пайда болды. Өсімдіктің көктемгі оянуы 3-4°С жылылықта басталады, алайда өсіп-дамуына қолайлы жылылық 12-15°С. Қысқы, көктемгі төменгі температура мен оның күрт өзгеруіне күздік бидай өте сезімтал. Қар қабаты болмағанда түптену түйінінде -16-18°Стемпературада өсімдік опат болады, 20 см қар қабаты -30°С аязға, ал 30-60 см -40°С аязға төтеп береді.
Күздік бидай күзде және көктемде +2-4°С жылылықта түптене бастайды, бірақ қолайлы жылылық +12-14°С. Солтүстік Қазақстан аймагында қолайлы мерзімде себілгенде 9-20 күннен кейін негізгі сабаққа қоса 2-3 қосымша өркендер қалыптастырады және бұл кезең 30-35 күнге созылады. Жекелеген жағдайларда, топырақта ылғал жеткіліксіз болғанда, өсімдіктер түптеніп үлгермей, қысқы тыныштық күйге кетеді. Күздік бидайдың түптену қарқыны мен ұзақтығы температураға, топырақтағы ылғал мен қоректік заттар қорына, оттегінің жеңіл енуіне, қыстап шыққан өсімдік күйіне байланысты өзгереді де, орта есеппен 30-35 күнге созылады. Қолайлы температура түптену кезеңінде +15-16°С, масақтануда +18-20°С, гүлдену мен пісіп жетілу кезеңдерінде 20-25°С.
Күздік бидайдың көктеуі мен түптенуінде ылғалдың маңызы зор. Ф.Н. Пруцков пен И.П.Осиповтың (1990) деректері бойынша, себу қарсаңында топырақтың 0-10 см қабатындағы тиімді ылғал қоры 10 мм артық болса, онда өсімдіктердің өсіп-жетілуінің алғашқы кезеңі қолайлы жағдайда өтетіндігінің сенімді көрсеткіші, 10 мм аз болса, егін көгінің пайда болуы жауын-шашынға байланысты, ал 5 мм төмен болса — егін көгінің толықтығы төмендейді де, өсімдіктер дамуының алғашқы кезеңінде-ақ опат болуы ықтимал. Күзгі ылғал жетімсіздігінде қалыптасқан тамыр жүйесі нашар дамиды, көмірсутектері (қанттар) аз жинақталады, егістік нашар қыстап, көктемде әлсіреп шығады, оның үстіне көктемгі ылғал қорын тиімді пайдалана алмайды да нәтижесінде егін өнімі азаяды.
Қалыпты қыстап шығу жағдайында күздік бидай көктемгі тірілу кезеңінен масақтануға дейін барлық қажетті ылғал мөлшерінің 70%, гүлдену балауызданып пісу кезеңінде 20% дейінгі мөлшерін сіңіреді. Бұл дақылға қолайлы топырақ ылғалдылығы 60 см қабатта ТДЫ-тың 70-75%. Күздік бидайдың транспирация коэффициенті -460-500.
Күздік дәнді дақылдардың ішінде бидайдың топыраққа қажетсінуі барынша жоғары. Ол мол өнімді арам-шөптерден таза, құнарлы әрі ылғалды қара топырақтар мен қоңыр топырақтарда қамтамасыз етеді. Ойпаң, батпақты жерлер күздік бидайға жарамайды. Оған кектемде су жиналып қалмайтын және өсімдіктердің езіліп кетуін болдырмайтын тегіс танаптарды таңдап алған жөн. Солтүстік Қазақстан аймағында күздік бидайдың Мироновская 808, Северная Заря сорттары аудандастырылған.
Жалпы, жаһандық климаттың өзгеруі Қазақстанның астық алқабындағы құрғақшылыққа әсер ететін болады деп сарапшылар көптен бері ескертуде. БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы кеңесшісі Сәулет Сәкенов бұл қауіпті тағы да айтып еске салды. Оның айтуынша, елде астық өндірісі 2050 жылға қарай 40 пайызға қысқаруы мүмкін.
Алайда, қазақстандық аграршылар ауа-райының қолайсыздығын тек алдын алып қана қоймай, әртүрлі ауыл шаруашылығы технологияларын қолданып, оны тиімді пайдалануға дайындалуда.
«Климат өзгеруде. Осыны ескеру керек және мұны пайдалану қажет», — дейді Қостанай облысының егін алқаптарында жұмыс істейтін Қарабалық ауыл шаруашылық тәжірибе станциясының директоры Дамир Қалдыбаев.
Қазақстандық фермерлер қолдана алатын тиімді әдістердің бірі — күздік дақылдарды көп егу, яғни оңтүстікте майлы дақылдар, солтүстікте дәнді дақылдарды кеңінен отырғызу болып табылады.
Ғылыми мекемелер 1978 жылдан бастап күздік бидайдың «шығу мерзімін» зерттеп келеді. Көп жылдардан бері зертхана мамандары 20 — 25 га алқапқа ғылыми жасушаларды егіп, зерттеу жүргізуде. Бидайдың күздік сорттары іріктеліп алынды, ең төзімді сорттар анықталып, ауылшаруашылық технологиясы жасалды.
«Біздің шаруашылық шамамен 6-7 жыл бұрын егін егуді бастаған еді», — дейді Дамир Қалдыбаев. — Қазір 187 гектар алқапқа егін егудеміз. Егілген сұрыптың атауы — Қарабалық күздік бидайы. Біздің зерттеулер көрсеткендей, бұл сұрып тіпті 18 — 20 градус аязда да қатып қалмайды. Бұл, әсіресе, қар қалың емес кезде және көктемде қар еріп жатқан уақытта егілетін астық.
Ауыл шаруашылығы жайлы айтар болсақ, биылдан бастап Қарабалық ауыл шаруашылығы колхозында олар жаңаша егуді қолдануда — бұл әлемдік тәжірибе. Яғни, әрбір 4 метр сайын қыша отырғызылды, олар күзде 40 см-ге дейін өсіп, қардан қорғаушы рөлін атқарды. Жиналған «қар құрсауы» бидайға қосымша қорғаныс ретінде қызмет етті. Егер бұрын қысқы егістіктерде әлі күнге дейін аязды жерлерде дақтар пайда болса, биыл ондай зақымдалу болмады.
Аталған күздік дақылдардың артықшылықтарына келетін болсақ, олар көктемдегі еріген суды және жауын-шашынды толығымен пайдаланады.
«Мамыр айында жаңбыр жауды», — дейді Дамир Қалдыбаев. – Бұл ылғал күздік дақылдарға жақсы әсер етеді және ары қарай дұрыс өсетін болады. Енді бізге алдағы уақытта, маусым айында жаңбыр жаууы керек, содан соң егін бітік болады деп үміттене аламыз.
Бұл дақылдың артықшылығы туралы айтар болсақ, алдын ала болжам бойынша күздік бидай әр гектардан 30 — 35 центнерден береді. Бұл — өте жақсы көрсеткіш. Бірақ бастысы — астықтың көлемі ғана емес, сапасы да жақсы болуы тиіс. Күздік бидай әрдайым 2-3 сұрыпты болады, клейковина индексі 30% -дан жоғары, табиғи түрінде 800-ден төмен емес болады. Ал жаздық бидай көбінесе 4 сұрыпты болады.
Күздік бидайдың қосымша артықшылығы — шілде айының аяғында — тамыздың басында пісетіндігі. Бұл уақытта жаңбыр болмаған кезде егін орылады. Соның нәтижесінде, дән ылғалды болмайды, түрлі аурулардан және зиянкестерден таза болып бүлінбейді. Осылайша шамадан тыс құрғақ жаз егін егу үшін оңтайлы да пайдалы болады.
«Қазір күздік бидай Қостанай облысында кең таралмаған», — дейді Дамир Қалдыбаев. — Менің ойымша, барлығын қосқанда 1 мың гектар жер болмайды. Оны бірнеше шаруашылықтар ғана егеді. Бірақ мен мәселені зерттедім — көршілес Челябі облысында 16 мың гектар алқапта күздік дақылдар егіледі. Бірақ біздің өңірлердің климаттық жағдайы ұқсас. Сондықтан, менің ойымша, бұл егіннің алқаптарын ұлғайту керек. Фермерлер бұған дайын: біз 187 гектар жерден алатын барлық тұқымдарды жинап үлгердік. Бұл өте қуанарлық жағдай. Біз өзіміз де келесі жылы егіннің көлемін 400 гектарға дейін ұлғайтуды ойлап отырмыз. Уақыт өте келе біз егістік жерлердің жалпы көлеміндегі күздік дақылдардың үлесін 10-15% -ға жеткіземіз. Бидай ғана емес — біз қара бидай мен тритикале егудіде жоспарлаудамыз. Әрине, маркетинг мәселесін қарастырған жөн. Егер жем-шөпке қызығушылық танытатын жақын маңдағы мал бордақылау шаруашылықтарымен келісім жасасақ, біз тритикале егетін боламыз.
Әрине, бұл бидай көбінесе қыстың қалай болатынына байланысты. Соңғы жылдары температура көтеріліп, қыс жылы болып жүр. Мысалы, Қостанай облысындағы қаңтардағы орташа температура өткен қыста минус 8 градус болды, әдетте бұл аймақтағы орташа норма минус 16 болатын. Қарабалық АШИ ғалымдары да соңғы уақытта температураның жоғарылауын растауда.
Әрине, біз тұқымдарды дұрыс таңдау туралы мәселені ұмытпауымыз керек. Мұнда ғалымдар жергілікті сұрыпқа басымдық береді, өйткені қысқы сорттарды аймақтарға бөлу өте маңызды.
«Жыл сайын біз шетелдік сұрыптарды еліміздің табиғат жағдайында қалай өсетіндігін зерттедім», — дейді Дамир Қалдыбаев. — Ал біз Ресейдің жылы аймақтарынан Түркиядан әкелінген бидай тұқымдары бізге сәйкес келмейтінін көріп отырмыз. Бірақ көбінесе фермерлер белгілі бір сұрыпты сатып ала салады, мысалы, Краснодар өлкесінде әр гектардан 40-50 центнерден өнім алғанын көріп, оны Қазақстанда да өседі деп үміттеніп алады. Ал шындығында ол шықпауы мүмкін. Сондықтан жергілікті жердің жағдайына бейімделген тұқымды алу қажет, сонда ғана олар қыста аман қалып, сапалы астық жинауға мүмкіндік береді деп үміттенуге болады.
«Қарабалық» ауыл шаруашылығы кешенінің селекционерлері күздік бидайдың барлық түрін өсіріп шығарды, атап айтсақ, Қарабалық, Қабалық 101, Аяз, Герда, Белоглинка сияқты сорттар — жақында жасалған жаңа сұрыптардың түрі.
Қазіргі уақытта Қазақстанда астық өндіруді тұрақтандыру ауыл шаруашылығы ғылымдары мен өндірістің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Әсіресе, бұл мәселе нарықтық экономикаға көшуге байланысты өткір қойылып отыр, бір жағынан Республикамыздың дүниежүзіндегі дамыған елдердің құрамына кіру мақсатында және қуатты бидай астығын арттырудың, оның экономикалық әлеуетін тұрақтандырудың, әрі азық түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің айтарлықтай шарты.
Мұндай қосымша астық алу көздерінің бірі – Қазақстанда күздік дәнді дақылдарды өсіру. Астық дақылдарының ішінде барынша өнімдісі күздік бидай екендігі белгілі. Ол барлық астық дақылдарынан өнімі бойынша 4,0-тен 10-12 ц\га дейін асып түседі. Осыған қоса жаздық бидайға қарағанда азық−түліктік құндылығы кем болмаса да, одан бірқатар артықшылықтарымен ерекшеленеді: ол топырақтан, күзгі, қысқы, ерте көктемгі ылғалды және қоректік заттарды жақсы пайдаланады; топырақты су және жел эрозиясынан сенімді қорғайды; арамшөптерге қарсы күресте ерекше маңызы бар; аурулармен аз залалданады және астық зиянкесі − астық сұр көбелегі жарақаттануынан «өтіп кетеді», әрі 7-10-нан 15-30 тәулікке дейін вегетациясын ерте аяқтайды. Күздік бидайдың ерте пісуі нәтижесінде егін жылы, құрғақ уақытта жиналады, ауыл шаруашылық техникалары тиімді пайдаланылады, көктемгі-күзгі себу және жаздық дақылдарды жинау кезеніндегі қаурыттылық төмендетеді. Оның ерте жиналуына байланысты тамыз айының бас кезінде сүдігер дайындауды ерте жүргізуге мүмкіндік береді, ал мұның өзі аңыз қалдықтарының жақсы минерализациясын қамтамасыз етеді, топырақта ылғал жинауға және арамшөптер мен зиянкестерге қарсы ерекше маңызды. Күздік бидай алғы дақыл ретінде жартылай сүрі танабы болып табылады.
Дәнді астық дақылдары ішінде бидай өте құнды тағамдық өсімдіктердің бірі ретінде дүниежүзінде 230 млн.га егіс алқабын алып жатыр, оның ішінде күздік бидай егістіктері 35%-ын құрайды, ал оның астық өнімі орта есеппен 25,4ц\га.
2009 жылы Қазақстанда күздік бидай 465,1 мың га егістікте өсірілді және орташа астық өнімі 11,7ц\га болады. Елімізде күздік бидайдың негізгі егістік ауданы Батыс Қазақстан (133 мың га), Оңтүстік Қазақстанда (137 мың га), Жамбыл (113 мың га) облыстарының үлесіне тиеді. Бұл жылы солтүстік Қазақстан облыстарында күздік бидай 29,9 мың га алқапқа өсіріледі.
Кезінде егіншілік мәдениетінің өсуі, дақылдарды өсірудің қарқынды (пәрменді) технологияларын игерудің ж.б. нәтижесінде Солтүстік Қазақстанның жекеленген облыстары, шаруашылықтар күздік бидайды кеңінен өсіре бастады.
Биологиясындағы ерекшеліктер. Күздік бидай биологиясы бойынша жаздық бидайдан ерекшеленеді. Жаздық бидайдан айырмашылығы-оның вегетациялық кезеңі күзде басталады да, келесі жылы жазда аяқталады. Тіршілік үдерісінде күздік бидай өну, көктеу, түптену, түтікке шығу, масактану, гүлдену және пісу (сүттене пісу, балауыздана және толық пісу) кезеңдерінен өтеді. Алғашқы үш кезеңдері күзде, қалғандары-келесі жылы көктемде және жазда өтеді. Осы кезеңдері бойынша оның биологиялық ерекшеліктерін қарастырайық.
Тұқымның өнуі – бұл тыныштық күйіндегі тұқымның белсенді әрекетке көшуі, ол үшін жылу, ылғал және ауа қажет. Тұқымы өз массасының 45-50% су сіңіргеннен кейін өне бастайды, топырақтың оңтайлы ылғалдылығы ТЫС-тың 60-70% мөлшерінде болғаны дұрыс.
Тұқымның өнуінің алғашқы күндерінде органогенезді бірінші кезеңі жалғасады — өсу конусының әртүрлі ткандерге дифференциясы (оқшаулануы) жүреді, ұрықтықтамыршалармен жапырақтардың ұзара өсуі күшейеді, ұрықтық сабақ оқшауланады, жаңа жапырақтар ұрықтары қалыптасады.
Егін көгі (көктеу) кезеңі. Топырақ бетіне әуелі колеоптиле шығады, ол жарылады да бірінші нағыз жапырақ пайда болады, осы сәтті егін көктеді деп есептейді.
Ассимиляция мүшелерінің қалыптасуы 4-тен 30°С-ға дейінгі аралықта жүреді, алайда оңтайлы мөлшері – 12-15°С. Көктеу кезеңі жапырақтың пайда болуынан алғашқы үш жапырақтың өсу аралығын қамтиды және органогенездің екінші кезеңіне сәйкес келеді – ұрықтық түйіндер, сабақтар мен олардың буынаралықтары, негізгі гүл шоғырының бас бөлігі оқшауланады, масақ негізі түзіледі.
А.И.Носатовский (1965) деректері бойынша қалыпты жағдайларда көктеу кезеңінің өтуіне қажетті оң температура жиынтығы 200°шамасында.
Жапырақтарының өсуімен бір мезгілде тамыр жүйесінің дамуы жүреді. Үшінші және төртінші жапырақтардың қалыптасу уақытында ұрықтық тамырлар 27-28 см-ге дейін топыраққа бойлайды, бұл уақытта түптену түйіні қалыптаса бастайды.
Түптену кезеңі. Түптену кезеңінің басын әдетте төменгі жапырақ қолтығына бірінші бүйір өркенінің пайда болуымен анықтайды. Бірінші бүйір өркенінің жапырағының өсуіне қарай негізгі өркеннің екінші жапырақ негізінде орналасқан бүршіктен екінші бүйір өркен қалыптасады ж.б. Орта есеппен 5-7 өркен түзіледі. Күздік бидай да күзгі және көктемгі түптену кезеңдері ажыратылады. Күздік бидайға түйін тамыр жүйесі жаздық бидайға қарағанда қуатты дамиды.
Күздік бидайдың түптенуі 2-4°C-да жүре алады, алайда оңтайлы түптену температурасы 12-14°С.
Түптенудің күзгі кезеңің және көктемгі бұл кезеңнің бір бөлігін органогенездің екінші кезеңі қамтиды. Органогенездің екінші кезеңінің соңында өсу конусы ұзарады да 0,5-0,8 мм жетеді.
Түтікке шығу (сабақтану) кезеңі. Бұл кезең бірінші буын аралығының 5-6 cм-ге ұзаруынан басталады. Өсімдік сабағының шапшаң өсуі мен масақтың дамуы осы кезеңнен басталады, жапырақтардың негізгі массасының түзілуі аяқталады. Бұл кезеңде барлық буынаралықтар қалыптасады, тамыр жүйесі жайылып өседі. Масақтың қалыптасуына азоттың өте көп мөлшері де, жетімсіздігі де кері әсерін тигізеді. Фосформен жеткілікті қамтамасыз етілуі масақтың түзілуін тездетеді және генеративтік мүшелерінің дамуына, ал кейіннен масақтың дәнділігіне ықпал етеді, жоғары температура мен төмен салыстырмалы ауа ылғалдылығы масақ пен оның мүшелерінің қалыптасуына теріс әсерін тигізеді, бұл кезеңдегі ылғал мен қоректік заттардың жетімсіздігі өсімдіктердің кейінгі өсуі мен өнім шамасына теріс әсерін байқатады.
Масақтану кезеңі. Кезең масақтың жоғарғы жапырақ қынабы бөлігінен сыртқа шығуымен сипатталады және түтікке шыққаннан кейін 20-25 тәуліктен соң басталады.
Кезеңнің өтуі үшін оңтайла ауа температурасы 18-20°С. Өсімдіктердің жеке дамуына бұл органогенездің сегізінші кезеңіне сәйкес келеді: ең жоғары буынаралықтардың өсуі жалғасады, масақтың барлық мүшелерінің қалыптасуы мен тозаңдық дәндер мен ұрық қынабының пісуі аяқталады. Жекелеген өсімдіктердің масақтануы 4 тәулікте аяқталады, ал түгелдей танап – 5-7 тәулікте.
Гүлдену кезеңі. Қолайлы жағдайларда күздік бидайдың гүлденуі масақтанудан соң іле-шала басталады. Оның ұзақтығы температураға, ауа мен топырақ ылғалдылығына тәуелді. Гүлдену мен тозаңдану жүретін ең төменгі температура 6-7°C, ал барынша қолайлы ауа температурасы-20-25°C. Барынша жақсы гүлдену мен тозаңдану тәуліктің таңғы және кешкі сағаттарында өтеді. Гүлдену, тозаңдану, ұрықтану, зиготаның түзілуі мен эндоспермнің қалыптасуы органогенездің 9-кезеңін қамтиды.
Пісу кезеңі. Ұрықтанған ұрық бүршігінде эндосперм қалыптасады, ұрық өсіп-дамиды, жатын қабырғасынан қабық түзіледі де тұқыммен бірігіп өседі, соңынан дәнге айналады.
Күздік бидайдың қоршаған орта факторларына қажетсінуін қорытыныдылай келе мынаны көрсеткен жөн:
-барлық өсіп даму кезеңдерінде топыраққа жоғары талап қояды – қара топырақтарда жақсы өседі, алайда күңгірт-қоңыр топырақтарда да өсіруге болады;
-вегетация кезеңінде күздік бидай жаздық бидайға қарағанда ылғалды көбірек шығындайды, бұл оның аталған кезеңнің ұзақтығына байланысты; барынша оңтайлы топырақ ылғалдылығы ТЫС-тың төменгі ылғалдылықтың 70-75% мөлшерінде деп есептеледі; ылғалды өсу және даму кезеңдерінде пайдалану заңдылығы жаздық бидайға ұқсас.
— күздік бидайдың температуралық байқалатын өсу шекарасы 2-3-тен 37-40°C аралығы, алайда өсімдіктердің пәрменді өсу мен дамуына барынша қолайлысы -20-25°C; танаптық жағдайда күздік бидайдың күзгі вегетациясы, түптенуді қоса есептегенде, 15°C-дан 3°C аралығында өтеді, басқаша айтқанда, оңтайлы шамадан төмен деген сөз; денегмен төменгі температурада күздік бидай түптену түйінінде бүкіл құрғақ затқа есептегенде 20-30%-ға дейін қант жинақтайды, ал мұның өзі жасуша шырынының концентрациясын арттырады және жақсы қыстап шығуға мүмкіндік жасайды.
Қазақстан Республикасында, әсіресе, солтүстік Қазақстан жағдайында күздік бидай негізінен көктемгі қардың еру кезеңінде, әсіресе қары аз қыста, опат болады; бұл уақытта өсімдіктердің жапырақтары тіршілігін бастап, ылғалды буландыра бастайды, бірақ тамыр жүйесі топырақтың тоң қабатында әлі тыныштық күйде болатындықтан, жапырақтарға ешқандай көмек жасай алмайды; өсімдіктер тез әлсірейді де түнгі 12-14°C аяздан опат болады; күздік бидай қолайлы қыстап шығу жайдайында көктемгі тіршілігінің басынан масақтануға дейін барлық қажетті ылғалды 70% гүлденуден балауызданып пісуге дейін -20% шығындайды; топырақтың 60 см қабатындағы оңтайлы ылғал мөлшері ТЫС- тың 70-75%, дақылдың транспирациялық коэффициенті-460-500.
— Күздік астық дақылдарының ішінде күздік бидай топырақтарға барынша жоғары талап қояды; ол жоғары астық өнімін құнарлы, арамшөптерден таза, ылғалды қара және күңгірт-қоңыр топырақтарда қамтамасыз етеді; оған батпақтаған топырақтар жарамсыз; оған тегіс бетті, шұңқырларсыз танаптарды таңдайды – көктемде су жиналмайтын және өсімдіктердің тұңшықпауын қаперге алынады. Күздік бидайдың вегетациялық кезеңінің ұзақтығы 180-310 күн аралығында өзгереді.
-Күздік бидайдың опат болу себептері: өсімдіктердің үсіп кетуінен; ойпаң жерлерде судың артық мөлшерінен тыныс алу ережесінің бұзылуынан өсімдіктердің тұшығуы; түптену түйіннің топырақ бетіне шығып қалуынан; топырақ бетіне мұз қабыршақтарының пайда болуынан т.б.
-Үсіп кетуге қарсы тиімді күрес шаралары- аязға төзімді сорттарды өсіру, фосфор-калий тыңайтқыштарын енгізу, дер кезінде себу, тұқымды топыраққа тереңірек сіңіру, сүрі танаптарында ықтырма өсіру арқылы қар тоқтату ж.б.; күздік бидайды шіруден опат болдырмауға топырақ тезірек қату үшін және өсімдіктерде тыныс алуға пластикалық заттардың шығынын азайту үшін қарды тығыздау қажет; ерте себуді және жиі егістік қалыптастыруды; артық мөлшерде азотпен үстеп қоректендіруді болдырмау.
Ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін жоғарылатудың маңызды шараларының ішінде күздік бидайдың ауруларға төзімді, жоғары сорттарын өндіріске өндіру және олардан жоғары өнім алу ең маңызды мәселе болып отыр. Соңғы жылдары Қазақстанның Оңтүстік және Оңтүстік-Шығысы үшін өнімділік потенциалы 90-120 ц\га жететін, ауруларға төзімді, дәнінің сапа көрсеткіштері жоғары және суыққа, ыстыққа және құрғақшылыққа төзімділігі жоғары сорттар шығарылуда.
Мәселен, Р.А.Оразалиев пен А.Т.Сарбаевтың деректері бойынша соңғы жылдары Қазақстанның біраз аймақтарында, шет елдерде, жоғары сапалы агроэкотипіне жататын Прогресс, Алматинская полукарликовая, Қарлығаш сорттары өсірілуде, Богарная 56 және ОПАКС сорттарын тәлімі жерлерге жоғары сапалы астық өндіру талаптарына сай келеді. Тұқымы жоғары сапалы астық өндіру талаптарына сай келеді. Тұқымы жоғары сапалы күздік бидай сорттары алдыңғы қатарлы шаруашылықтарда гектарынан 80-100 ц, ал қалғандарында 20-40 ц өнім береді.
Расында да, Түркістан облысының Отырар ауданында ағын су мәселесі әлі де өзекті. Әсіресе, Алтынбеков каналының бойындағы Қарғалы мен Отырар ауылдарының диқандары жаз айларында судан тапшылық көреді. Енді осы мәселені шешу үшін ауыл тұрғындары суды көп қажет ететін бақша дақылдарын емес, күздік бидай егуді қолға алып отыр. Бұған дейін мұнда ешкім ештеңе екпейтін. Себебі жаз ортасында арықтардың аңқасы кеуіп, егістікке су жетпей қалады. Диқандар да тәукелге бара бермейді. Аузы күйген ауыл тұрғындары ақылдаса келе, бұл жерге күздік бидай егуді жөн деп тапқан. Қарғалы ауылының тұрғыны Аманкелді Байкеевтің айтуынша, егін суғаратын көктем мен күз айларында мұнда су мол болады. Шаруалар бидайды алғаш рет егіп отырса да, егін бітік шыққан.
«Бізге шығымы жақсы сияқты. Бидай көрмегенбіз ғой. Балалар жақсы дейді. Құдай қаласа, жаман өнім болмайды. Судан қысылған жоқпыз, ертеректе суарып алдық сәуірдің ішінде. Қазір енді егін орағына кірісіп жатырмыз» — дейді ол.
Былтыр күзде Қарғалы ауылындағы 8 шаруа бір кооперативке бірігіп, 30 гектар жерге бидай еккен. Оны көрген көршілес Отырар ауылының диқандары да 130 гектарға дән сеуіпті. Егін жайқалып пісті. Мұны көрген басқа шаруалардың бидай егуге қызығушылығы артқан. Сөйтіп, бұған дейін бақша дақылдарын егіп келген диқандар енді күздік бидай егуді қолға алып отыр.
«Егісіміз жаман емес. Су көп керек емес екен. Күздің күні судың бәрі бос кезде егіп болғаннан кейін көгеріп шыққан кезде бір жақсылап суарып алсаң болды» — дейді Отырар ауылының тұрғыны Әбілахан Салықбаев.
Отырар ауданының шаруалары ағын суды Сырдария өзенінен Алтынбеков каналы арқылы алады. Қарғалы мен Отырар ауылы каналдың ең төменгі бөлігінде орналасқандықтан, жаз айларында су жетпей қалады. Мамандар бұл жоба су тапшылығын жоюдың ең тиімді жолы екенін айтады. Әрі алғаш рет егіліп отырғандықтан, шаруаларға жан-жақты қолдау көрсетілген.
Отырар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Бекжан Кенжеғұлов: «Ұрық тауып беру бойынша біздің ауыл шаруашылығы бөлімі мен ауыл әкімшілігі түгелімен көмектесті. Қазргі таңда 160 гектар жерге бидай егілді. Егіс жаман емес. Комбайнмен уақытында көмектесеміз деп шаруаларға біз өзіміз уәде бердік» — дейді.
Су тапшылығына байланысты ауданда игерілмей жатқан 800 гектар жер бар. Биыл соның барлығына егін егу жоспарланып отыр. Одан бөлек, Отырар мен Қарғалы ауылдары «Ауыл аманаты» бағдарламасына енген. Енді ауыл ақсақалдары аудан әкіміне 2,5%-тік несиені диқаншылықпен айналысатын жастарға берсе деген ұсыныспен шыққалы отыр. Егер қолдау тапса, онда егіс көлемін мың гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік болмақ.
Еске салайық, Отырар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының айтуынша, 2023 жылы жалпы ауыл шаруашылығы өнімі көлемін арттыру мақсатында ағымдағы жылға 36 246 гектар егіс алқабына егіс егу жоспарланып отыр екен. Атап айтқанда, күздік бидай, дәндік жүгері, күнбағыс, мақта, картоп, көкөніс, бақша өнімдерін егу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда егілетін егіс алқабына жыртылуға тиісті жер көлемі 29 758 гектар болса, оның 23 362 гектар яғни 78,5 пайызы орындалған. Ал, сор шаюға берілген 1350 гектар жер толығымен суғарылып, 343 гектар күздік бидай, 4 668 гектар жаңа жоңышқа, 75 гектар бақша дақылдары егілген.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.