ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Шымкент қаласына жұмыс сапары аясында «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-і басшылығы және қызметкерлерімен кездесті.
Компанияда тәуелсіз кәсіподақ кәсіпорын құрылғалы бері жұмыс істейді. Қызметкерлердің еңбек шарттарын, персоналға әлеуметтік қолдау көрсету, жастарға, көпбалалы отбасыларға, өндіріс ардагерлеріне әлеуметтік кепілдік ұсыну бойынша бірқатар шаралар қабылдануда. Алдымен төраға мекеменің мұражайын, орталық диспетчерлік қызметтің жұмысымен танысты. Мекемеде 1000-ға жуық адам жұмыспен қамтылған. Онда орташа айлық жалақы – 150 000 теңге. 927 қызметкер кәсіподақ мүшесі.
– Іссапарымыздың негізгі мақсаты – өңірде қалыптасқан әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу мәселесі. Яғни, жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайы, жалақыны көтеру мәселесі, еңбек қауіпсіздігі, мекеменің кәсіподақтармен бірлесіп, әлеуметтік әріптестікті арттыру, лайықты еңбек жағдайын қарастырудағы жұмыстарымен танысу. Қазіргі таңда кәсіподақтар ретінде ең төменгі жалақыны көтеру мәселесімен айналысып жатырмыз. Экономикалық жағдайларды ескере отырып, ең төменгі жалақы мөлшерін кезең-кезеңімен өсіру мәселесі назарымызда тұр. Бұл мекеме басшылығы ендігі ретте жұмысшылардың жалақысын арттыру бойынша кешенді шаралар қабылдау керек. Талаптар-ұсыныстар хаттамасын зерделеп, бұл мәселені Үкіметтің алдында көтереміз, – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Серіктестіктің бас директорының орынбасары Жанатбек Тұрдалиевтың айтуынша, компания басшылығы жасалған ұжымдық келісімшарт аясында таңдалған әлеуметтік басымдықтарды ұстанып келеді. 2023 жылдың басында қызметкерлердің денсаулық жағдайын жақсарту мақсатында спорт кешені ашылған. Мекеме заманауи корпоративтік саясатты жүргізуде әріптестік байланыстарды жақсарту, кадр жүйесінің кәсіптік деңгейін арттыру бойынша трнеингтер және шеберлік сабақтарын ұйымдастыруда.
«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеевтің мәлімдеуінше, 2023 жылдың 6 айында қалада 12 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, оған 2043 адам тартылған. Ол мекемелердің жұмыс берушілері мен кәсіподақ ұйымдары арасында ұжымдық шарттар жасалып, Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасынан тіркеуден өтті.