Отырар ауданында шаруалар шығыны аз, ағын суды көп қажет етпейтін дақыл – бидай егуді қолға алған болатын. Аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановтың ұсынысымен һәм жергілікті шаруалардың қолдауымен басталған жұмыстар өз нәтижесін беріп, бүгінгі таңда астық жинау науқаны басталды. Шаруалар өнім көлемі мен сапасын арттыру бағытында тәжірибе жинап, қажетті техникаларды алу мүмкіндіктерін қарастырып жатыр.
Осы мақсатта «Алқаптарды тиімді пайдалану, агрохимиялық өңдеулер жүргізу және өнімділігі мол бидай егумен қатар су үнемдеу технологияларына көшу» атты аудандық семинар өтті. Семинарға келген шаруалар егістік алаңдағы өнімділігі мол тұқым, минералды, органикалық тыңайтқыштармен жаңбырлатып суғару көрмесімен танысып, мамандардан кеңес алды. Семинар жұмысына арнайы қатысқан аудан басшысы Сәкен Сұлтанханов бидай егуді алғаш рет тәжірибе ретінде бастаған шаруаларға бүгінгі жиынның маңыздылығын атап өтті.
– Аудан көлемінде осы дақыл түріне қызығушылығы артып, бидай егуге ниетті азаматтардың қатары көбейіп келеді. Осы орайда, бізге өнім көлемі мен сапасын арттыру мақсатында тиімді шараларды қолдану қажет. Сондықтан да ғылыми зерттеу институттары мамандарының көмегіне жүгініп, шаруалардың тәжірибесін жетілдірудің маңызы зор, – деді аудан басшысы.
Семинарда Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының кеңесшісі Нұрлыбек Боранбаев «Агро-кеңес беру орталығы» негізінде өсімдік шаруашылығын дамыту» тақырыбында баяндама жасап, егілетін тұқымдардың сапасы мен алынатын өнімділігі туралы жан-жақты тоқталды. Сонымен қатар элиталы ұрық және минералды тыңайтқыштар тасымалдаушы фирмалардың өкілдері топырақ пен өндірілген дақылдардың қажеттіліктеріне сәйкес тыңайтқыштардың құрамын таңдау туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Семинар барысында шаруалар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, қажетті мағлұматтар алды. Ғылыми негіздеменің толық іске асатынына көз жеткізу үшін егістік алқаптардың топырағын зерттеп, тыңайтқыштарды қолданып көруге ниетті екендерін жеткізді.
Айта кету керек, бүгінде аудан көлемінде 300 гектар аумаққа күздік бидай егілген болса, оның ішінде 165 гектары Қарғалы ауыл округінде егілген. Алдағы уақытта шығыны аз, ағын суды көп қажет етпейтін, шаруаларға қолайлы бидай алқабын одан әрі ұлғайту көзделіп отыр.
Расында да, Түркістан облысының Отырар ауданында ағын су мәселесі әлі де өзекті. Әсіресе, Алтынбеков каналының бойындағы Қарғалы мен Отырар ауылдарының диқандары жаз айларында судан тапшылық көреді. Енді осы мәселені шешу үшін ауыл тұрғындары суды көп қажет ететін бақша дақылдарын емес, күздік бидай егуді қолға алып отыр. Бұған дейін мұнда ешкім ештеңе екпейтін. Себебі жаз ортасында арықтардың аңқасы кеуіп, егістікке су жетпей қалады. Диқандар да тәукелге бара бермейді. Аузы күйген ауыл тұрғындары ақылдаса келе, бұл жерге күздік бидай егуді жөн деп тапқан. Қарғалы ауылының тұрғыны Аманкелді Байкеевтің айтуынша, егін суғаратын көктем мен күз айларында мұнда су мол болады. Шаруалар бидайды алғаш рет егіп отырса да, егін бітік шыққан.
«Бізге шығымы жақсы сияқты. Бидай көрмегенбіз ғой. Балалар жақсы дейді. Құдай қаласа, жаман өнім болмайды. Судан қысылған жоқпыз, ертеректе суарып алдық сәуірдің ішінде. Қазір енді егін орағына кірісіп жатырмыз» — дейді ол.
Былтыр күзде Қарғалы ауылындағы 8 шаруа бір кооперативке бірігіп, 30 гектар жерге бидай еккен. Оны көрген көршілес Отырар ауылының диқандары да 130 гектарға дән сеуіпті. Егін жайқалып пісті. Мұны көрген басқа шаруалардың бидай егуге қызығушылығы артқан. Сөйтіп, бұған дейін бақша дақылдарын егіп келген диқандар енді күздік бидай егуді қолға алып отыр.
«Егісіміз жаман емес. Су көп керек емес екен. Күздің күні судың бәрі бос кезде егіп болғаннан кейін көгеріп шыққан кезде бір жақсылап суарып алсаң болды» — дейді Отырар ауылының тұрғыны Әбілахан Салықбаев.
Отырар ауданының шаруалары ағын суды Сырдария өзенінен Алтынбеков каналы арқылы алады. Қарғалы мен Отырар ауылы каналдың ең төменгі бөлігінде орналасқандықтан, жаз айларында су жетпей қалады. Мамандар бұл жоба су тапшылығын жоюдың ең тиімді жолы екенін айтады. Әрі алғаш рет егіліп отырғандықтан, шаруаларға жан-жақты қолдау көрсетілген.
Отырар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Бекжан Кенжеғұлов: «Ұрық тауып беру бойынша біздің ауыл шаруашылығы бөлімі мен ауыл әкімшілігі түгелімен көмектесті. Қазргі таңда 160 гектар жерге бидай егілді. Егіс жаман емес. Комбайнмен уақытында көмектесеміз деп шаруаларға біз өзіміз уәде бердік» — дейді.
Су тапшылығына байланысты ауданда игерілмей жатқан 800 гектар жер бар. Биыл соның барлығына егін егу жоспарланып отыр. Одан бөлек, Отырар мен Қарғалы ауылдары «Ауыл аманаты» бағдарламасына енген. Енді ауыл ақсақалдары аудан әкіміне 2,5%-тік несиені диқаншылықпен айналысатын жастарға берсе деген ұсыныспен шыққалы отыр. Егер қолдау тапса, онда егіс көлемін мың гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік болмақ.
Еске салайық, Отырар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының айтуынша, 2023 жылы жалпы ауыл шаруашылығы өнімі көлемін арттыру мақсатында ағымдағы жылға 36 246 гектар егіс алқабына егіс егу жоспарланып отыр екен. Атап айтқанда, күздік бидай, дәндік жүгері, күнбағыс, мақта, картоп, көкөніс, бақша өнімдерін егу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда егілетін егіс алқабына жыртылуға тиісті жер көлемі 29 758 гектар болса, оның 23 362 гектар яғни 78,5 пайызы орындалған. Ал, сор шаюға берілген 1350 гектар жер толығымен суғарылып, 343 гектар күздік бидай, 4 668 гектар жаңа жоңышқа, 75 гектар бақша дақылдары егілген.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.