Түркістан облысы әкімдігі аппаратының апталық мәжілісінде жылыту маусымына дайындық барысы және жылыжайларды көмірмен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басшыларға, аудан, қала әкімдеріне жылыту маусымына дайындықты сапалы жүргізуді тапсырды.
– Әлеуметтік нысандар, әсіресе, мектептер, денсаулық сақтау мекемелері жылыту маусымына 100 пайыз дайын болуы керек. Әрбір ғимаратты тексеріп, жұмыс жүргізіңіздер. Білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет саласына жауапты басқармалары бюджеттік мекемелердің жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жүргізсін. Бюджеттік мекемелер қажетті қатты отын қорымен қамтамасыз етілсін. Аудан, қала әкімдері, барлық нысандардың, жылу қазандықтардың жылыту маусымына дайындығын пысықтаңыздар. Жылыжай бойынша былтырғы кемшіліктер қайталанбауы тиіс. Жұмысты жауапкершілікпен атқарыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Роза Сариеваның айтуынша, Түркістан облысында алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жалпы облыста 1733 көпқабатты тұрғын үй бар. Орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілетін 686 көпқабатты тұрғын үйдің 574-і жылыту маусымына дайын.
2448 бюджеттік мекеменің жылыту маусымына дайындалғаны – 515. Өңірде196 білім мекемесі, 245 денсаулық сақтау мекемесі, 12 спорт нысаны, 58 мәдениет нысаны қысқа дайын. Жұмыстар жалғасуда.
Облыс бойынша көмір отынының қажеттілігі 1 миллион 154 мың тоннаны құрап отыр. Оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық қажеттілігі – 245,1 мың тонна. Тұрғындар мен жылыжайларға қажетті көмір – 908,9 мың тонна. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес, бюджеттік мекемелер көмір сатып алуды 2023 жылдың 15 тамызына дейін аяқтауы тиіс. Бүгінгі таңға облысқа тасымалданғаны – 121,5 мың тонна (11%).
Жиында жылыжайларды көмірмен қамту мәселесі де сараланды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспановтың хабарлауынша, Түркістан облысында 1517 гектарды құрайтын 3366 жылыжай бар. Жылыжайлардың негізгі бөлігі Сарыағаш ауданында – 812 гектар (54 %).
Өткен жылы ауа райының күрт суытуы салдарынан жылыжайларда бірқатар мәселе туындаған. Осыған байланысты облыс әкімінің тапсырмасымен біраз жұмыс атқарылды. Нәтижесінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан жылыжайларда пайдаланылған электр энергиясы мен газ шығындары ішінара субсидиялау қағидасы әзірленуде. Бюджеттік бағдарлама 2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің ұсынысына сәйкес, көмір отынын өндірушілерден тауарлық биржа арқылы жылыжай шаруашылықтарына тікелей сатып алу механизмі пысықталуда. Осы биржа арқылы жылыжай шаруашылықтарын бір қолдан көмір отынмен қамтамасыз ету үшін Сарыағаш ауданында «Zhylyzhai otyn» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды.
Жүргізілген талдау жұмыстарына сәйкес, облыс аумағында көмір отынымен жылытылатын 575,4 гектар жылыжайға 282,9 мың тонна көмір қажет екені анықталып отыр.
Мәжілісте басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне жылыту маусымына дайындық және жылыжайларды көмірмен қамту бойынша тапсырмалар беріліп, хаттамаға енгізілді.
Естеріңізде болса, биыл 4 ақпанда астаналық арнайы делегацияны бастап келген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі
Серік Жұманғарин Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдымен бірге оңтүстіктің жылыжай иелерімен кездескен болатын. Онда тараптар талап — тілектерін ортаға салды.
Диқандар талаптары орындалады. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Алайда мемлекет тарапынан да бірқатар ұсыныс бар. Ең алдымен, жылыжай иелері өнімдерінің 70 пайызын нарықтық бағамен, ішкі нарықты қамтуы тиіс. Яғни, көкөніс пен жеміс — жидектің басым бөлігі шетел емес, Қазақстан халқына қолжетімді болуы тиіс. Жылыжай иелеріне мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген несие алудың заңды тетіктері қаралып жатыр. Алайда, ол үшін олар өз істерін заңдастыруды керек. Қазіргі жағдайда бұл да бұғау болып тұр. Өйткені жылыжайлардың 90%-дан астамы құжаттандырылмаған.
Гектарлық субсидия беріледі. Ол үшін белгілі стандарттар бекітіледі. Олар сертификатталады. Тиісті заңдарға өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік органдар тарапынан ережелер бекітіледі. Ал, қардан қираған жылыжайлар жеңіл темірден, стандарттарға сәйкес емес салынған.
Келер жылы көмір тапшылығын болдырмау үшін осы бастан іс-әрекетке көшу керек. Алыпсатарлардан арылу үшін шаруалар кооператив құрып, тапсырысты ерте және нақты мөршерде беру керек. Отынды алдын ала сатып алып, сақтау үшін қауіпсіздік шаралары қамтылу міндеттеледі. Яғни, жер асты не қойма болуы міндетті. Жылыжай иелері — кәсіпкер. Соған қарамастан, әлеуметтік салаға бағытталған төмен бағада есептеледі.
Басқосуға көрші Өзбекстаннан ауыл шаруашылығы саласы мамандары да келді. Тәжірибе алмасып, өнім сапасын арттыруға күш салу үшін.
— Біз сіздерді тыңдауға келдік. Алдағы уақытта қиындықтарды болдырмау үшін, ерте қамданудың маңыздылығы белгілі. Жылыжай иелеріне мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау беріледі. Алайда олар тек заң аясында жүзеге асуы тиіс, — деген-ді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.
Жылыжай шаруашылықтарын ауыл шаруашылығы дақылдарын қорғалған топырақта өсіруді субсидиялау (гектарлық субсидия) бағдарламасы арқылы қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ жылыжай кешендерін қолдау үшін, айналым қаражатын толықтыру мақсатында «Кең-дала» бағдарламасы шеңберінде арнайы жеңілдетілген қаржыландыру механизмін ендіру қажет.
Жалпы жылыжайлардың 94 %-ы фермерлік қолдан жасалған жеңіл конструкциялы жылыжайлар болғандықтан 100-ден астам тауар өндірушілердің 37 гектар жылыжайлары қар салмағын көтере алмай жарамсыз күйге түсті. Сонымен қатар 9 гектарды құрайтын 3 өнеркәсіптік жылыжайлардың өнімдерін үсік шалды.
Зардап шеккен жылыжай көлемі — 46 гектар. Оның 3,7 гектар өнім егілген. Қалғанына өнім егілмеген.
Жылыжай шаруашылықтарын қарқынды дамытуда Түркістан облысы еліміздегі алдыңғы қатарлы бірден-бір өңір болып табылады. Жалпы, республикадағы жылыжайлардың 71 % облыстың үлесінде немесе 1 569 гектарды құрайтын 3 366 бірлік жылыжай бар.
Жылу демекші, биыл Кентаудағы №5 жылу орталығы жылыту маусымын жаңа деңгейде қарсы алады. Аталған орталыққа мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мәселе Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында кезекті рет пысықталып, жауаптыларға тапсырмалар берілді.
– №5 жылу энергия орталығының дайындығын жылу беру маусымына дейін қамтамасыз ету – ең өзекті мәселелердің бірі. Жөндеу, қайта құру жұмыстары күнделікті бақылауға алынсын. Ай сайын осы мәселе бойынша мәжіліс ұйымдастыру қажет, – деді Дархан Сатыбалды.
Аталған мәселе туралы Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, Кентау қаласындағы № 5 жылу энергия орталығын қайта құру жұмыстарын 3 кезеңге бөліп жүргізу жоспарлануда.
Қаладағы тозығы жеткен 6,6 шақырым магистралдық жылу жүйелерін және 4 кері сорғы станцияларын қайта құру жұмыстарын атқару бойынша мердігер мекеме «Ер-Мад» ЖШС-мен келісімшарт түзіліп, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сметалық құны – 4 431,8 млн. теңге, бөлінгені – 2 105,6 миллион теңге. 2023 жылы 4,7 шақырым жылу жүйесін және 2 сорғы станциясын қайта құру жоспарланып отыр.
Екіншіден, Кентау қаласы №5 ЖЭО-ның қазандықтарын, жылу жүйелерін және қосалқы қондырғыларын қайта құру жұмыстары басталады. Облыстық бюджеттен 1,0 миллиард теңге қаржы қарастырылып, 1 шілдеде мердігер мекеме болып «ЭМ-Холдинг» ЖШС анықталды. Биыл 2 қазандықты жылыту маусымына дейін қайта құру, 2 қазандықты жыл соңына дейін қайта құру және 4 қазандықты ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар келешекте жылу энергия орталығын газға ауыстыру көзделген. Осыған орай жеткізуші газ құбырының құрылысына жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытыңдысы алынды, сметалық құны – 1 553 миллион теңге. Бұл газ құбыры бірнеше күрделі мәселелерді шешеді. Атап айтқанда, ЖЭО мен Хантағы ауылын газбен қамтамасыз ету, 10 үйге қосымша газ қысымы, Индустриалды аймақ, Кентау байыту комбинаты мен Кентау эксковатор зауыттырына арнайы қосылу нүктелері қарастырылған.
Қала аумағында 75 бюджеттік мекеме бар. Бюджеттік мекемелерге қажетті 1394 тонна қатты отын (көмір) мен 390 175 тонна сұйық отын (дизель) сатып алу жоспарланған. Қазіргі таңда жеке жылу қазандықтарымен жылытылатын бюджеттік мекемелер отын сатып алуға келісімшарттарға тұрды. Бюджеттік мекемелерге көмір жеткізілуі тамыз айына жоспарланған.
Кентау қаласы және оған қарасты ауылдардағы жеке тұрғын үйлерге 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымында 25600 тонна қатты отын (көмір) сатып алу жоспарланған. Қалада көмір сатумен айналысуға 4 кәсіпкер тіркелген.
№ 5 ЖЭО-на қажетті қатты отын – 110 мың тонна, сұйық отын (мазут) –700 тонна, сұйық отын (дизель) – 20 тонна. Кентау қаласы әкімдігі мен «Керемет Энерджи» ЖШС арасында нормативке сәйкес, 20 күндік отын қоры (21,3 мың тонна көмір) 2023 жылдың тамыз айында жеткізілмек. Қосымша 90 000 тонна көмір, 700 тонна мазут, 20 тонна дизель отынын сатып алуға бюджеттік өтінім беріліп, қаржы бөлінген.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.