Түркістан облысы: Сарыағаш қаласында Рамадан каналының бойына су насостары орнатылып, суғару жүйесін құру жұмыстары жүргізіліп жатыр

Бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаев Сарыағаш қаласы, А-15 республикалық маңызы бар тас жолының бойындағы жасыл екпелерді суғару жүйесін құру жұмыстарының барысын бақылап қайтты.

Бүгінгі күнге дейін А-15 тас жолының бойында егілген жасыл екпелерді күтіп ұстау жұмыстары арнайы техникалармен тасымалдап суғару арқылы жүргізіліп келуде. Суғару жұмыстарының тиімділігін арттыру мақсатында Рамадан каналының бойына су насостарын орнату және А-15 тас жолының бойында суғару жүйесін құру жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, аудан әкімі Арман Абдуллаев М.Шоқай көшесінен Торғай көшесіне дейінгі аралықтағы абаттандыру, санитарлық тазалық жұмыстары және «Ана мен бала» аллеясындағы әктеу, сырлау жұмыстарын аралап көрді.

Аудан басшысы жұмыс барысын аралау кезінде қала әкімі М.Доспуловқа тиісті жұмыстарды атқару барысында тұрғындар мен көліктердің қозғалысына ыңғайсыздық туғызатын бөліктерді дер кезінде қалпына келтіру қажеттігі жөнінде және жұмысты сапалы орындау бойынша тапсырма берді. Сонымен қатар, қала аумағындағы кәсіпкерлерге санитарлық тазалықты сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша ескертпелер берілді.

Сонымен қатар бүгінгі таңда ауданда шағын және орта бизнестің дамуына ерекше мән берілуде. Әсіресе, мемлекеттік гранттар біраз адамның кәсіп бастауына оң әсерін тигізуде.

Осыған орай, бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаев мемлекеттік грант алып эпоксидті шайыр бұйымдар жасау арқылы өз кәсібін дөңгелетіп отырған қала тұрғыны, Ж.Сұлтанмұрадованың жұмысымен танысты. Ж.Сұлтанмұрадова ағымдағы жылдың сәуір айында мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алып, эпоксидті шайыр бұйымдар жасауда, яғни сағат, ыдыстар және т.б үйге, кеңсеге арналған заттарды жасайды. Осы жобаны іске асыра отырып, қазіргі таңда, қолөнер шебері 5 шәкірт тәрбиелеп, әрі қарай кәсібін дамытуда.

Сонымен қатар, аудан басшысы Арман Абдуллаев мемлекеттік грант алып, кәсіп ашқан Жартытөбе ауылдық округінің тұрғыны А.Мұстафаеваның да жұмысымен танысты. Жеке кәсіпкер осы жылдың сәуір айында мемлекеттен грант алып, үй іргесінен шағын кондитерлік цех ашқан. Мемлекеттік грант керекті құрал-жабдықтар сатып алуына үлкен септігін тигізгенін айтады. Қазіргі таңда дәмі тіл үйіретін тәтті нан өнімдеріне сұраныс көп екенін, тапсырыстарды орындап жатқандығын, сондай-ақ ауыл округінен 2 тұрғынын жұмыспен қамтып отырғанын жеткізді.

Содан соң, аудан әкімі Арман Абдуллаев Дастан елді мекеніне арнайы барып, көпбалалы ана, жеке кәсіпкер Р.Ажимұратқызының тігін цехымен танысты. Кәсіпкер ағымдағы жылдың сәуір айында мемлекеттік грант ұтып алған. Грант қаражатына тігін машиналарын, оларға қажетті қосалқы бөлшектерін алып, кәсібін бастап, өз отбасының 4 мүшесін жұмыспен қамтып, отбасылық экономиканың бюджетін артырып отыр. Бүгінде ол тапсырыспен ұлттық нақышта безендірілген, қыз жасауларын және басқа да кестелеп тігетін түрлі қолөнер бұйымдарын жасауда.

Шыны керек, қазір кәсіп ашамын деген адамға мүмкіндік көп. Тек нақты жоспар құрып, тірлікке батыл кіріссеңіз болғаны. Алдына мақсат қойып, сол жолда тынбай еңбектеніп жүрген жандардың бірі – Айжан Көкебаева.

Жас кәсіпкер тігін тігуді 7 жасында анасынан үйренген. Бала кездегі әуесқойлық оны бүгінде шын шеберге айналдырды.

–Анадан анаға мұра болып келе жатқан кәсіптің төртінші ұрпағымын. Тігін тігуге бала кезден әуестендім. Қызығушылығым қуыршақтарға көйлек тігуден басталды. Өсе келе осы өнер түрімен айналысуға бел будым. Десем де, біраз үйрену қажет болды. Сөйтіп, тігін цехына жұмысқа орналастым. Ол маған тәжірибе жинауға септігін тигізді. Алдымен көрпе тіктім, содан кейін өзімді әртүрлі бағытта сынап көрдім. Қиындыққа қарамастан, бастаған ісім оң нәтижесін берді, – дейді А.Көкебаева.

Жас кәсіпкер «Білгенімді туған жерімнің қыздарына үйретемін» деген патриоттық ұстаныммен бүгінгі таңға дейін 50 шәкірт тәрбиелеп шығарған. Өзінің білімін Астана, Алматы, Қарағанды қалаларында сынап, ондағы шеберлермен тәжірибе алмасқан. Бүгінгі таңда «Дәулет» базарында жас шәкірттерге тігудің қыр сырын үйретуде.

Сарыағаш ауданында мемлекеттік грант алып, мал шаруашылығымен айналысатындар қатары да көбейіп келеді. Мемлекет тарапынан берілетін «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті қолдаудың ұлттық жобасы» аясында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант алып, қаржылай қолдау тауып, шаруасын дөңгелетіп отырған Т.Секеровті ерекше атап өтуге болады.

Т.Секеров мемлекеттен грант алып, екі бас құлынды бие сатып алған. Жылқы шаруашылығымен айналысып қымыз, саумал өнімдерімен ауыл тұрғындарын қамтамасыз етіп келуде. Сонымен қатар, бүгінгі таңда бір адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

– Халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың берері көп, – дейді шаруа.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.