Қылышын сүйреткен қыс мезгілімен де қауышар күн алыс емес. Қыс қатал мінез көрсеткенде жағдайдың қалай өрбитінін ешкім болжай алмайтыны түсінікті. Оның қаһарына төтеп беру әрине, жан-жақты дайындықты талап етеді. Аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың тапсырмасына сәйкес жергілікті әкімдік пен тиісті мекемелер жылыту маусымына қарқынды дайындық жүргізіп жатыр.
Осы ретте Сауран ауданы әкімдігі аудан тұрғындары мен жылыжай шаруашылығымен айналысатын агроқұрылым өкілдері үшін құлаққағыс жасап отыр. «Көмірді қазіргі уақыттан бастап сатып алуға асығыңыздар! Көмір бағасы — 18 000-18 500 тенге аралығында. Бүгінгі таңда Түркістан қаласында көмір саудалаушы 4 оператор жұмыс істеп жатыр. Олар: «ЖАН» ЖК-гі және «Алтынхан» ЖК-гі. Қазіргі таңда қоймада 16,1 мың тоннадан астам көмір бар. Аталған операторлар Түркістан қаласының Төле би көшесінде қызмет көрсетеді» — дейді жауаптылар.
Иә, қыс мезгілі – салғырттық пен қателікті кешірмейтін қатал сыншы. Халқымыз «Қыстың көзі — қырауда» дейді. Қалай болғанда да, кім-кім де алдағы қытымыр кезеңге сақадай-сай болғаны абзал.
Осы орайда ескерек жайт, биылғы шілде айының соңына таман «Шұбаркөл Көмір» АҚ мен Түркістан облысының жылыжай шаруашылықтары арасында қатты отын жеткізуге тікелей келісімшарт жасасу арқылы қосымша 150 мың тонна көмір жеткізуге Келісімге барлық мүдделі қатысушылармен: Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, Түркістан облысы әкімдігінің, жылыжай шаруашылықтарының, көмір жеткізу жөніндегі өңірлік операторлардың, көмір кәсіпорындары және «ҚТЖ» ҰК АҚ өкілдерімен келіссөздердің бірнеше раундының қорытындысы бойынша қол жеткізілді.
Жылыжай шаруашылықтары үшін 1 тонна үшін көмірдің құны 10 350 теңгені құрайды (ҚҚС-сыз, FCA шарттарында). Жөнелтудің 2024 жылғы 1 қаңтардан басталады. Мүдделі жылыжай шаруашылықтары келісімшарт жасасу тәсілдері туралы толығырақ ақпарат алу үшін Түркістан облысы әкімдігінің энергетика басқармасына жүгінуі керек. Өңір әкімдігінің мәліметінше, ағымдағы жылдың 20 шілдесіндегі жағдай бойынша облысқа 148,8 мың тонна көмір жеткізілген, жылыжай шаруашылықтары одан 28 мың тонна көмір сатып алды.
Бұдан басқа, әрбір өңірдің қажеттіліктері мен ерекшеліктерін ескере отырып, коммуналдық-тұрмыстық көмір сауда-саттығының нормативтерін ретке келтіру үшін СИМ Сауда комитеті, БҚДА және ИИДМ-мен бірлесіп биржалық сауда саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша жұмысты бастады.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың ақпан айының басында Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин қалың қардан зардап шеккен Түркістан облысының жылыжай иелерімен кездескен болатын. Сол кездесуде олар Вице-премьерге көмірді жеткілікті мөлшерде қамтамасыз ету және субсидияларды қайтару туралы өтінішпен жүгінген еді. Вице-премьер фермерлерді Үкіметтің жылыжай шаруашылықтарын субсидиялау туралы шешімі туралы хабардар етті. Ол үшін жылыжай сертификаттаудан өтіп, өндіріс стандарттарына сай болуы керек. Осы мақсатта жылыжайлар үшін ұлттық стандартты әзірлеу тапсырылды.
Иә, биылғы ақпанда Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бастаған үкіметтік делегация Түркістан облысының Сарыағаш ауданында болып, шаруалармен өңірдегі жылыжай шаруашылықтарын дамытудың жағдайын талқылады.
Белгілі болғандай, қалың қарға төтеп бере алмаған жылыжайлардың 94%-ы шаруалардың өз күшімен салынған жеңіл құрылыстар екен. Жиында шаруалар атап өткендей, қожалықтар шығынын тез өтеу үшін оларды мүмкіндігінше арзан етіп жасайды. Мемлекет тарапынан тұрақты қолдау немесе төмен пайыздық ұзақ несиелер болса, шаруалар жылыжайларды талап етілетін стандарттар мен технологиялар бойынша сала алады.
Сол мезетте «Біз Үкімет атынан жылыжай шаруашылығын одан әрі қалай дамыту керектігін бірлесіп шешу үшін келдік. Бізбен бірге Өзбекстаннан өз тәжірибелерімен, технологияларымен және жылыжайларды күтіп ұстаудың басқа да мәселелерімен бөлісуге дайын мамандар келді. Біріншіден, мемлекетке нәтиже қажет. Жылыжай шаруашылықтарына берілетін субсидиялар бұрын да болған, бірақ олардың пайдасы аз болды: жылыжайлар белсенді деп саналғанына қарамастан ештеңе өндірмеді. Егер мемлекет субсидия берсе, сіздер оның есесіне көкөністерді ішкі нарыққа жеткілікті мөлшерде және нарықтық бағамен сатуға тиіссіздер. Екінші мәселе – сертификаттау. Алдағы уақытта субсидиялар алу үшін жылыжай өндіріс стандартына сай болуы керек. Ол үшін жылыжайлар үшін ұлттық стандарт қабылданады. Техникалық реттеу және метрология комитетіне тиісті тапсырма берілді, сондай-ақ сіздерді осы стандартты әзірлеуге белсенді қатысуға, тәжірибелеріңізбен бөлісуге шақырамыз. Үшіншіден – көмір мәселесі: бізбен бірге Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілі келді, ол келешекте биылғыдай төтенше жағдайларды болдырмауға көмектесетін шешімдерге тоқталады», — деген болатын кездесуде С.Жұманғарин.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек Аграрлық несие корпорациясы арқылы көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға 140 миллиард теңге бағытталғанын, қазір жылыжайларды осы бағдарлама бойынша қаржыландыру бағытына қосу жұмыстары пысықталып жатқанын хабарлаған. Бағдарлама шарттарына тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін жылыжайлар 5%-дан аспайтын несие ала алады.
«Қазір біз жылыжайларды субсидиялау бойынша түрлі нұсқаларды қарастырып жатырмыз, бірақ электр энергиясы мен газға жұмсалатын шығындар негізге алынады. Қалған бағыттар бойынша қолдау шаралары қазірдің өзінде іске асырылып жатыр. Мемлекет тұқым, тыңайтқыш, өсімдіктерді қорғау құралдарына шығындардың жартысын субсидиялайды. Сондай-ақ жылыжайлар үшін стандарт әзірленеді. Стандарт талаптарына сәйкес келетін және қарсы міндеттемелерді қабылдайтындардың барлығы субсидия алады», — деп атап өтті ол.
Мақта өндірушілер мен диқандар қауымдастығының төрағасы Данияр Қалтаев жылыжайлар барлық қажетті құжатты рәсімдеуге дайын екенін айтқан болатын.
«Бізге гектарлық субсидиялар алған тиімді, бұрын осы схема бойынша жұмыс істеп келдік. 2018 жылы субсидиялар алынып тасталғандықтан, барлық жылыжай ғимараттарын салу тоқтап қалды. Біз сертификаттаудан өтуге дайынбыз. Біздің ұсыныстарымыз: маусымаралық уақытта көмір болмайды, ал болған жағдайда, оның сапасы нашар. Жылыжай қожалықтарында көмірді алдын ала сатып алуға қаражат жоқ, оны жеткілікті мөлшерде сақтайтын орын жоқ. Мұның бәрі өнімдерімізді бәсекеге қабілетсіз етеді. Біз Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-дан әлеуметтік көмірмен алдын ала қамтамасыз етуді сұраймыз», — деген еді Д.Қалтаев.
ИИДМ Индустриялық даму комитетінің көмір өнеркәсібі басқармасының басшысы Жанат Игісінов өңірдің жылыжай шаруашылықтарын уақтылы көмірмен қамтамасыз ету үшін елдің негізгі көмір өндіруші кәсіпорындарымен келіссөздер жүргізуді және көмірді тікелей көмір кеніштерінен жеткізу бойынша шарттар жасауды ұсынды.
«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өз тарапынан көмір өндіруші компаниялармен көмір жеткізу бойынша келіссөздер жүргізуге көмектесуге дайын. Тек суық түскеннен кейін емес, барлығын алдын ала жасау керек. Көмір сақтау қоймаларында өзінің қасиетін жоғалтпайды», — деп атап өтті Ж.Игісінов.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылардың көбі жылыжай өндірісін сертификаттау, стандарттау және жоспарлау қажет деген ортақ пікірге тоқталды. Сертификаттаудан жалғыз өте алмайтын шағын шаруашылықтар кооперативтерге бірігуге тиіс делінді.
Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі басым дақылдарды өндіру шеңберінде жылыжай шаруашылықтарын субсидиялауды енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, маусымаралық кезеңде жылу энергиясына арналған шығыстарды субсидиялауды енгізу жоспарлануда. Субсидияға өтініш беру үшін жылыжайдың өндіріс технологияларына сәйкестігі туралы сертификат қажет.
Ол үшін Вице-Премьер Жұманғариннің тапсырмасы бойынша Сауда және интеграция министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп 2023 жылғы 1 мамырдан бастап күшіне енген фермерлік жылыжайлар үшін Ұлттық стандартты (ҚР СТ 3834-2023) бекітті. Бүгінгі таңда Ұлттық аккредиттеу орталығы республика бойынша аккредиттеу саласындағы бөлімшелер желісі бар «жылыжай» өнімі бойынша «ҰлтЭкС» АҚ бастапқы аккредиттеу жөніндегі жұмыстарды аяқтады. Сертификаттау бойынша дайындық жұмыстары тамыздың бірінші онкүндігінде аяқталды.
АШМ тарапынан әкімдіктің қаулысымен бекітілген субсидиялар нормалары бойынша 1 гектар шығыстарды өтеуді көздейтін субсидиялау қағидаларына тиісті өзгерістер әзірленді. Ережелер 2023 жылдың тамыз айының соңына дейін қабылданды.
Сөйтіп, Түркістан өңірінің жылыжай иелері көмір мен газ шығындары үшін субсидия алатын болды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы міндетін атқарушы Әлібек Плалов айтқан-ды.
– Статистикалық мәліметтерге сәйкес, еліміздегі жылыжайлардың 71%-ы Түркістан облысының аумағында орналасқан. Өңірде 1 517 гектар аумақта 3 366 жылыжай бар. Қуат көздері тарифінің көршілес Орталық Азия елдеріне қарағанда жоғары болуы, жергілікті жылыжай өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін төмендеткен. Осы мәселелерді шешу мақсатында өнеркәсіптік және фермерлік жылыжайларда пайдаланылған көмір мен газ шығындарын субсидиялау жоспарлануда. Ол үшін жылыжай иесі сертификат алуы керек,- дейді Әлібек Әбдіхалықұлы.
Сондай-ақ, брифингке қатысқан Түркістан облысы бойынша техникалық реттеу және метрология департаментінің басшысы Қанат Қабылбеков 2023 жылдың 1 мамырынан бастап Фермерлік жылыжайларға жалпы техникалық талаптарының мемлекеттік стандарты бекітілгенін айтты. Сонымен қатар, «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» АҚ аймақтық филиал директоры Мәлік Асхатұлы облыста жылыжайларды стандарттау мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылғандығын жеткізді.
— Фермерлерге түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Қазіргі таңда жылыжай шаруашылықтары тарапынан 89 өтінім тапсырылып, 15 фермерлік жылыжай сертификатталды. Сертификатқа өтінім қабылдау үшін Шымкент, Сарыағаш қалаларында орталық жұмыс істеп тұр. Сертификат алған жылыжай иесі субсидияға ие болады. Ал сертификаттау бойынша 8 775 318 67 57, 8 7252 982-196 нөмірлеріне хабарласып, толық ақпарат алуға болады. Ал субсиядиялау бойынша «gosagro.kz» сайты жұмыс істейді, — деді ол.
Мақтанышпен айтатын дүние, Түркістан өңірі – Қазақстанда мақта өсіретін және жылыжай шаруашылықтары ең көп шоғырланған жалғыз аймақ. Жалпы ауданы 844 гектар республикадағы жылыжайлардың 67%-ы оған тиесілі.
Сол себепті Түркістан облысында жылу беру маусымына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Дегенмен, тұрғындар мен жылыжай шаруашылықтары көмір сатып алуға асығар емес. Күннің күрт сууы мен ауа райының бұзылуын күтпестен, осы кезден бастап қысқа қамдана беру керек. Өйткені, қыс түскенде, көмір алуға кезек көбейіп, алып-сатар делдалдар бағаны көтеруі мүмкін. Сондықтан мамандар көмір отынын ертерек сатып алып, уақтылы қамдану қажеттігін айтады.
Өңірлік операторлардың ақпаратына сәйкес, қазіргі таңда сақтау қоймаларында 140 мыңға жуық тонна көмір қоры бар. Көмір қоры күннен-күнге толығуда.
Қазіргі таңда Арыс қаласында екі қоймада 19 800 тонна көмір бар болса, Сайрам ауданында орналасқан 1 қоймада – 7 900 тонна, Сарыағаш ауданында 4 қоймада – 49 317 тонна көмір бар. Айта кету керек, Сарыағаш ауданындағы қоймадан Жетісай, Мақтаарал, Шардара, Келес аудандарының тұрғындары көмір ала алады.
Төлеби ауданында 1 қойма орналасқан, көмір қоры қазіргі таңда 12 500 тоннаны құрап отыр. Созақ ауданында екі қоймада 9 200 тонна көмір бар. Ал Отырар ауданында орналасқан екі қоймаға 26 800 тонна көмір түскен. Ордабасы ауданында 483 тонна, Түркістан қаласында 14 000 тонна көмір қоры бар.
«Қазақстан Темір Жолы — Жүк тасымалы» Акционерлік қоғамының мәліметі бойынша, биыл облысқа 236 мыңға жуық тонна көмір жеткізілген. Көмір вагондары тұрақты келуде. Коммуналдық-тұрмыстық көмір тасымалдаумен облыста 16 өңірлік оператор айналысады.
Мемлекеттік деңгейде оңынан шешімін тапқан мәселелердің барлығы үшін Сауран ауданының жылыжай шаруашылығымен айналысатын диқандары қуанышты. Мәселен, Түркістан облысына қарасты Сауран ауданында тұратын шаруа Мұрат Сұлтанбаевтың жылыжай шаруашылығымен айналысып келе жатқанына он жылдан астам уақыт болған. Екі соттық жерден бастау алған жылыжай көлемі бүгінде 0,5 гектарға ұлғайған. 7,5 соттық жерден он күннің ішінде 600 келі қияр жиналған. Шаруа бұл межені 50 тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Қиярдан басқа жылыжайға тәтті болгар бұрышы мен қырықабат, қызанақ, жүгері егілген. Мұрат Сұлтанбаевтың айтуынша, былтыр 15 соттық жылыжайдан 12 тонна болгар бұрышы жиналған. Биыл бұл өнім есе есеге артады деп күтілуде.
«Мынау — қиярдың «фламинго» деген ең жоғарғы сорты. Қиярдың бұл түріне сұраныс жоғары. Өнімді базардағы сатушылар көтерме бағамен өздері алып кетеді. Бір айдың жобасында болгар бұрышы да өнім береді. Қазір гүлдеп жатыр. Жылыжай ерекше күтімді қажет етеді. Баптасаң, табысқа кенелесің. Өзіме бау-бақша еккен ұнайды. Қазір он адамды жұмыспен қамтып отырмын. Жиын-терім кезінге жылыжайда елу адамға дейін жұмыс істейді. Бұдан бөлек, қарбыз ектім. Отбасылық кәсіптің аясын өз күшімізбен ұлғайтып жатырмыз», — дейді шаруа қожалығының егесі Мұрат Сұлтанбаев. Иә, жылыжай — көзін тапсаң, таптырмайтын табыс. Жер ана диқанның еңбегінің есесін еш етпейді. Еңбегі адал болса. Жылыжай кешендерінің молайғаны дұрыс. Бәсекелестікке жол ашады. Сонда ғана халыққа сапалы өнім қолжетімді болмақ. Көкөніс өндірудің әлеуеті зор бола тұра, импорттық өнімдерге тәуелдіміз. Диқан Мұраттың айтуынша, 2 соттық жылыжайды салып, оны баптау үшін қыруар қаржы мен шыдамдылық керек. Шаруасы оңға басқан диқаншының бар айтары еңбек етсең ғана игілігін көресің. Еңбектің қашанда наны тәтті. Жалпы, Сауран ауданы бойынша биыл 32 гектар жерге жылыжай егу межеленген. Бүгінгі таңда 27,2 гектар жердегі жылыжайға 19,9 гектар — қияр, 8,1 гектар — қызанақ, 1 гектар — болгар бұрышы, 1 гектар лимон егілген.
Сауран ауданында ауыл шаруашылығы саласы қарқынды өсіп келеді. Бұл жайында ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сәкен Оразбаев мәлімдеді.
Ол биыл аталған саланың негізгі капиталына тартылған инвестициялар көлемі 8 айдың қорытындысымен 3 миллиард 973 миллион теңгеге жеткіндігін айтты. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6 есеге артқан. Сонымен қатар, биыл 44 080 гектар жер игеріліп, өткен жылдың тиісті кезіңімен салыстырғанда 2 057 гектарға көбейген.
Айта кетерлігі, 44 080 гектар жердің 11 666 гектарына шаруалар мақта еккен. Ал, аудан бойынша жылыжай өсіруді 12 гектарға жеткізу жоспарланса, бүгінгі таңда бұл меже 100%-ға толық орындалған.
Айта кетейік, жалпы Түркістан облысында 1 517 гектарды құрайтын 3 366 бірлік жылыжай бар. Оның ішінде: 87,2 гектары — 26 бірлік өнеркәсіптік үлгідегі жылыжай және 1 429,8 гектары — 3 503 бірлік фермерлік жылыжай.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.