Түркістан облысы: Отырар аудандық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында мал шаруашылығына қысқы мезгілге қажетті жем-шөп қорын дайындау мәселесі сөз болды

Отырар аудандық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтіп, күн тәртібінде Қоғам, Қарғалы ауыл округі әкімдерінің 2023 жылы атқарған жұмыстарының есебі және Түркістан облыстық мәслихатының 2023 жылғы 10 шілдедегі №4/42-ҮІІІ шешімінің негізінде жүргізілетін өзгерістер жобасы талқыланды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша алдымен Қоғам ауыл округінің әкімі Жеңіс Зернабиев есепті баяндама жасап, атқарылған жұмыстардың жайы мен алға қойған міндеттеріне тоқталды. Әлеуметтік, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, инфрақұрылым салаларында туындаған міндеттердің орындалуы, қол жеткізген көрсеткіштер талданып, бағыттар бойынша түсіндірілді.

Ауыл әкімінің сөзіне сүйенсек, Қоғам ауыл округінде жыл басынан 26 азаматқа гигиеналық құралдар, 17 азаматқа демалыс орындарына жолдама берілсе, облыстық оңалту орындарына 13 азамат жіберіліп, емделіп қайтты, «Ардагерлер» демалыс үйіне 5 азамат, «Мейір» емделу шипажайына 2 азамат, Арыс шипажайына 6 азамат сауықтыру шараларымен қамтылып, демалған.

Халықтың әлжуаз топтарының өтініштері бойынша аудан әкімдігі жанындағы Мұқтаж азаматтардың жекелеген топтарына әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі комиссиясы арқылы қаржылай көмек берілген. Атап айтар болсақ, әлеуметтік мәні бар аурумен ауырған 24 науқастың емдеу шараларына, 1 жалғыз ілікті әйел азаматтың тұрғын үйіне орта жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржылай көмек көрсетілді.

Ауыл шаруашылығында, оның ішінде мал шаруашылығында қысқы мезгілге қажетті жем-шөп қоры дайындалуда. Ауыл округіне қарасты жайылым, шабындық жердің жетіспеушілігіне байланысты, биылғы қуаңшылыққа сәйкес орман шаруашылығы және көрші ауыл округтердің жайылым, шабындық жерлерін, мал жаю үшін пайдалана жүріп, мал азығын дайындап, тасымалдау ұйымдастырылды. Бүгінгі таңда мал қыстатуға қажетті 18 900 тонна жем-шөп дайындалды. Жалпы, 8 айдың қорытындысына үңілсек, Отырар ауданы бойынша 2024 жылға дайындалатын мал азығының жоспары 283,3 мың тонна болса, қазіргі таңда орындалуы — 247,8 мың тонна немесе 87,5 пайызды құрайды. Атап айтқанда: 

— Жоңышқа — 113,7 мың тонна.

  • Табиғи шөп – 113,3 мың тонна.
  • Сүрлем жүгері – 16,9 мың тонна.
  • Сабан – 3,9 мың тонна.

Жүгері паясының есебінен 40,0 мың тоннаға жуық өнім жиналып, жалпы мал азығының көлемін 103,0 пайызға жеткізу жоспарлануда.

Округтегі Ж.Смайлов, Атамекен, көшелеріне тиісті жөндеу жұмыстары жүргізілсе, ауыл тұрғындарының сұранысы жоғары болған медициналық тіректің жаңа ғимараты қарқынды жүргізіліп жатыр.

Аталған жұмыстардың жай-жапсарын баяндаған ауыл округінің әкімі кеңес мүшелерінің сауалдарына да тұщымды жауап беріп өтті.

Мұнан соң сөз алған Қарғалы ауыл округінің әкімі Еркеғали Жұмабек ауыл округінде қолға алынған тың бастамаларға тоқталды. Бюджеттік-салықтық саясат, қоғамдық-саяси жұмыстар, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым салаларында туындаған мәселелер мен жоспарлы жұмыстардың орындалу барысын баяндады.

Соңғы жылдары таулы аудандарда жауын-шашын және мұз деңгейінің аздығынан ағын су жетіспеушілігі орын алып келеді. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімімен бірлесе отырып, далалық семинарлар өткізу нәтижесінде ауылдағы шаруалар бидай өсіру ісін қолға алғанын айтты. Расында да, Түркістан облысының Отырар ауданында ағын су мәселесі өзекті. Әсіресе, Алтынбеков каналының бойындағы Қарғалы мен Отырар ауылдарының диқандары жаз айларында судан тапшылық көреді. Енді осы мәселені шешу үшін ауыл тұрғындары суды көп қажет ететін бақша дақылдарын емес, күздік бидай егуді қолға алып отыр. Бұған дейін мұнда ешкім ештеңе екпейтін. Себебі жаз ортасында арықтардың аңқасы кеуіп, егістікке су жетпей қалады. Диқандар да тәукелге бара бермейді. Аузы күйген ауыл тұрғындары ақылдаса келе, бұл жерге күздік бидай егуді жөн деп тапқан. Қарғалы ауылының тұрғыны Аманкелді Байкеевтің айтуынша, егін суғаратын көктем мен күз айларында мұнда су мол болады. Шаруалар бидайды алғаш рет егіп отырса да, егін бітік шыққан.

Былтыр күзде Қарғалы ауылындағы 8 шаруа бір кооперативке бірігіп, 30 гектар жерге бидай еккен. Оны көрген көршілес Отырар ауылының диқандары да 130 гектарға дән сеуіпті. Егін жайқалып пісті. Мұны көрген басқа шаруалардың бидай егуге қызығушылығы артқан. Сөйтіп, бұған дейін бақша дақылдарын егіп келген диқандар енді күздік бидай егуді қолға алып отыр.

«Егісіміз жаман емес. Су көп керек емес екен. Күздің күні судың бәрі бос кезде егіп болғаннан кейін көгеріп шыққан кезде бір жақсылап суарып алсаң болды» — дейді жергілікті диқандар.

Отырар ауданының шаруалары ағын суды Сырдария өзенінен Алтынбеков каналы арқылы алады. Қарғалы мен Отырар ауылы каналдың ең төменгі бөлігінде орналасқандықтан, жаз айларында су жетпей қалады. Мамандар бұл жоба су тапшылығын жоюдың ең тиімді жолы екенін айтады. Әрі алғаш рет егіліп отырғандықтан, шаруаларға жан-жақты қолдау көрсетілген.

Отырар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Бекжан Кенжеғұлов: «Ұрық тауып беру бойынша біз ауыл шаруашылығы бөлімі мен ауыл әкімшілігі түгелімен көмектесті. Қазргі таңда 160 гектар жерге бидай егілді. Егіс жаман емес. Комбайнмен уақытында көмектесеміз деп шаруаларға біз өзіміз уәде бердік» — дейді.

Су тапшылығына байланысты ауданда игерілмей жатқан 800 гектар жер бар. Биыл соның барлығына егін егу жоспарланып отыр. Одан бөлек, Отырар мен Қарғалы ауылдары «Ауыл аманаты» бағдарламасына енген. Енді ауыл ақсақалдары аудан әкіміне 2,5%-тік несиені диқаншылықпен айналысатын жастарға берсе деген ұсыныспен шыққалы отыр. Егер қолдау тапса, онда егіс көлемін мың гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік болмақ.

Еске салайық, Отырар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының айтуынша, 2023 жылы жалпы ауыл шаруашылығы өнімі көлемін арттыру мақсатында ағымдағы жылға 36 246 гектар егіс алқабына егіс егу жоспарланып отыр екен. Атап айтқанда, күздік бидай, дәндік жүгері, күнбағыс, мақта, картоп, көкөніс, бақша өнімдерін егу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда егілетін егіс алқабына жыртылуға тиісті жер көлемі 29 758 гектар болса, оның 23 362 гектар яғни 78,5 пайызы орындалған. Ал, сор шаюға берілген 1350 гектар жер толығымен суғарылып, 343 гектар күздік бидай, 4 668 гектар жаңа жоңышқа, 75 гектар бақша дақылдары егілген.

Мұнан бөлек, байланыс сапасын арттыру бағытында Қарғалы ауылының тұрғындары 4G дейгейлі байланыспен қамтылғанын атады. Алдағы күндері «Кселл» АҚ жаңа базалық байланыс станциясын орнататынын жеткізді.

Аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Асқар Көлбай Түркістан облыстық мәслихатының 2023 жылғы 10 шілдедегі №4/42-ҮІІІ шешімінің негізінде жүргізілетін өзгерістерді баяндап өтті.

«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» Ұлттық жобасын іске асыру, «Күміс жас», «Алғашқы жұмыс» жобалары, Шәуілдір ауылындағы жаңа ықшамауданға газ құбырын салу, Бестам ауылында ауыз су құбыры және ауыз су имараты (сооружение) құрылысына байланысты белгіленген өзгерістерді атады.

Жиын қорытындысы бойынша кеңес мүшелері өз пікірлерін ортаға салып, жұмыстарды одан әрі жетілдіру бағытында ұсыныстарын енгізді.

Күн тәртібіндегі көтерілген мәселелер мен ұсыныстар хаттамаға түсіріліп, орындау үшін тиісті салаға жолданды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin