Маңғыстау өңірінде Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасынан құрылған насихат тобы ақпараттық тур ұйымдастырған болатын. Іс-шара аясында Ақтау қаласындағы ірі мұнай компаниясы «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның басшылығымен кездесу өткізіп, өзара ынтымақтастық меморандумы түзілген. Кездесуге «Сарыағаш» ЕОК» шипажайының өкілі де қатысқан.
Облыстық мәдениет және туризм басқармасының өкілі Ботагөз Мәуленова Жаңаөзен қаласына арнайы барып, компания қызметкерлеріне Түркістан өңірінің туристік әлеуетін таныстырды.
– Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының облыстың туризмін ілгерілету тапсырмасына сәйкес, таяуда Қазақстан бойынша роуд-шоулар өткізіліп, алғашқы ақпараттық турымыз Маңғыстау облысынан басталған еді. Бүгін қойнауы құтты мекенде Сіздермен жүздесіп отырмыз. Басты мақсат – киелі Түркістан өңіріне туристерді тартып, ішкі туризмнің дамуына үлес қосу. Қазіргі таңда Ақтау-Түркістан бағытында тікелей әуе рейстері тұрақты ұсынылуда. Сіздер үшін арнайы туристік маршруттар да әзірленді. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, оңтүстіктің көрікті орындарын аралауға және демалуға шақырамыз, – деді басқарма өкілі.
Кездесу нәтижесінде маңғыстаулық компанияның 100 қызметкері әуелі Түркістанның тарихи-танымдық туризмі бойынша зиярат жасайтын болды. Одан соң емдік-сауықтыру туризмі негізінде Сарыағаштың шипажайында демалады.
Туризм демекші, биыл Түркістан облысына келушілер мен туристердің саны артқан. Оның ішінде биыл 8 айда ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда 115 мың адам демалған. Ал былтыр 12 айда 74,9 мың адам келген болатын. Сондай-ақ биыл 8 айда Түркістан қаласына біркүндік келушілер саны 519,3 мың адамға жетті. Түркістан өңірінде туризмді дамыту мәселелері талқыланған мәжілісте облыс әкімі Дархан Сатыбалды бұл салада жұмысты күшейтіп, ұзақ жылдарға индикаторлар белгіленген тұжырымдама әзірлеуді тапсырған-ды.
– Көрсеткіштер жақсы. Бұл жұмыстарды жалғастырыңыздар. Бірақ біздің алдымызда нақты мақсаттар болуы керек. Ол – туристер санын көбейту. Мысалы, келесі жылы екі есе, одан кейін үш есе көбейту, осы салада жұмыс орындарын ашу, табысты молайту және өзге де миссиялар бекітілуі қажет. Ал ол үшін не істеу керек? Әкімдік қандай қолдау көрсеткені дұрыс? Туристерді жыл сайын көбейту үшін қанша қонақүй қажет? Қай елдермен әуе рейстерін ашамыз? Ресей, Өзбекстан, Қытай, Түркия және өзге де елдердің саяхатшыларын тартатындай туристік бағыттар, инфрақұрылым, іс-шаралар жоспарын бекіту де – уақыт талабы. Міне, осы және басқа да мәселелерді шешу жолдары жоспарланып, бекітілгені жөн.
Сондықтан кемінде 5 жылға жоспарланған тұжырымдама әзірлеуді тапсырамын. Басшылар ауысқанымен, сол тұжырымдама ары қарай жұмысын жалғастыруы тиіс. Оған туризм саласының білікті мамандарын тартыңыздар. Еліміздегі және шетелдегі тәжірибелерді зерттеңіздер. Іздену керек. Осы құжатты әзірлеуге 2 ай мерзім беремін. Аудан, қала әкімдері де өздері басқаратын аумақтың туристік әлеуетін көтеру бойынша жұмыс атқарсын. Жауапты басқарма мен «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығына іс-шаралар мазмұнын байыту, ізденісті арттыруды тапсырамын. Тарихи Түркістанның туристік әлеуеті бұған мүмкіндік береді, – дейді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың айтуынша, облыс аумағында 220 қонақ үй және 72 емдік-сауықтыру орны қызмет көрсетеді. Биылғы 8 айдың статистикалық дерегіне сәйкес, қазіргі таңда күнгей өңірге 230,5 мың турист және 737,9 мыңнан астам біркүндік келуші келген. Оның ішінде орналастыру орындарына 6 айда — 115,5 мың, «Әзірет-Сұлтан» қорық-музейіне — 519 320 адам, «Отырар» қорық-музейіне 8 айда 218658 адам келген. Қазіргі таңда Түркістан қаласында нөмірлік қоры 2557 төсек-орынды құрайтын 58 орналастыру орны қызмет атқарады.
2018 жылдан бері Түркістан қаласында 34 орналастыру орны қолданысқа беріліп, нөмірлік қор 1479 төсек-орынға немесе 2,5 есеге артқан. Туристік қызмет саласының тартылған инвестиция көлемі 280,1 млрд. теңгені құраған.
Былтыр 3 қонақ үй, ал биыл 2 қонақ үй қолданысқа берілді. Қазіргі таңда Түркістан қаласы аумағында 5 қонақүй құрылысы жүргізіліп жатыр. Жобалардың жалпы соммасы 13,4 миллиард теңгені құрайды.
Соңғы жылдары экологиялық туризм бүкіл әлемде трендке айналып келеді. Өңірде де экологиялық туризм қарқында дамуда. Оның айқын дәлелі, өткен жылмен салыстырғанда табиғи аумақтар келушілер саны 1,5 есе артқан.
Облыста жыл соңына дейін республикалық және халықаралық деңгейдегі туристік іс-шаралар ұйымдастырылады.
Естеріңізде болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында еліміздегі туризм саласының ақсап тұрғанын айтты. «Еліміздің туристік әлеуетін де пайдалану керек. Туризм осындай серпінді жобалар қатарында болуға тиіс. Өкінішке қарай, осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатыр, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келеді.
Жалпы, кемінде 15 ірі жобадан тұратын нақты тізім дайындалуға тиіс. Осы салада бұрын болған қателіктерді қайталауға болмайды. Жобаларды тиімді қолдау шараларын және оларды орындау мерзімдерін нақты айқындау керек. Оны іске асыруға шетел инвесторларын және еліміздің бизнес өкілдерін барынша тартқан жөн», — деді Мемлекет басшысы Парламенттің бірлескен отырысында.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.