Түркістан облысы: Кентау қаласында өз кәсібін жүргіземін деген инвесторларға барлық мүмкіндіктер жасалған

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов шаһардағы индустриалды аймаққа барып, жұмыс барысын бақылады. Аталмыш аймақта орын алған бірқатар келеңсіз жағдайларды анықтаған қала басшысы сала басшыларына қалыпқа келтіру бойынша тапсырмалар берді.

Бүгінгі таңда индустриалды аймақта жалпы құны 3,8 млрд. теңгені құрайтын және 270 жұмыс орнымен қамту мүмкіншілігі бар 11 жоба орналасқан. Олар: «ЮгЭлектроПривод» ЖШС, «ЭлектроДеталь» ЖШС, ЖК «Ауэзов», «Бесқасқа» ЖШС, ЖК «Таженов», «Сим-Тас» ЖШС, «МЖ-Алихан» ЖШС, «Bereke Құрылыс Сервис» ЖШС, «Data Farming» ЖК, «Халтаев» ЖК, «Кентау аспап құралдар цехы» ЖК .

Олар 10 гектар жер аумағын алып жатыр, ал бос учаскелер 29 гектарды құрайды.

2023 жылы индустриалды аймаққа жаңадан 2 жобаны енгізу жұмыстары жүргізілді. Олар: «Халтаев» ЖК, «Кентау аспап құралдар цехы» ЖК.

Кентау шаһарындағы индустриалды аймақта өз кәсібін жүргіземін деген кез келген инвесторларға мүмкіншіліктер жасалынған. Атап айтқанда, жер телімін кәсібіне қарай бөліп беру, ауыз су құны 1 текше метріне — 74,5 теңге, электр қуаты 1 кВт – 16 теңге (50 пайыз төмендетілген), ІІІ категориялы асфальт жол, жалпы қолданыстағы темір жол тораптарына жақын орналасқан. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне 28 шақырым жақын.

Кәсіпкерлік дегеннен шығады, биыл Түркістан облысында жаңа бизнес-идеялар ұсынған 1688 азаматқа грант беру жоспарланған болатын. Жалпы, облыс жастарына 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие үйлестіру үшін мемлекет тарапынан 2,9 млрд. теңге бөлінген.

Аталған мемлекеттік бағдарлама аясында кентаулық жастар да өз кәсібін ілгерлетіп, беріліп жатқан жаңа мүмкіншіліктерді ұтымды пайдаланып келеді.

Солардың бірі — жас кәсіпкер Әлия Алдабергенова. Ол «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы жастарға арналған 2,5 % пайыздық несие бағдарламасына қатысып, 5,0 млн. теңге несие алды. Бүгінгі таңда қалада кішігірім сабын шығару цехінде отандық өнім өндіріп жатыр. Жас кәсіпкердің мақсаты — жергілікті дүкен сөрелерінде отандық және жергілікті өнім көлемін арттырып, сатылым географиясын кеңейту.

Әлия Алдабергенова айына 10 мыңға жуық сабын шығарады. «Соңғы уақытта тапсырыс көбеюіне байланысты өнім көлемі де арта береді», — дейді кәсіпкер.

Алдағы уақытта басқа да сабын түрлерін шығаруды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, Кентау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінде мемлекеттік несие бағдарламалары, субсидия, грант түрлері бойынша ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары жүргізіліп ашық есік күндері ұдайы өткізіліп келеді.

Еске салайық, Кентау — Түркістан облысы қарамағындағы қала, Кентау қалалық әкімдігі орталығы. Облыс орталығы Түркістан қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 30 шақырымдай жерде, Қаратау жотасының етегінде орналасқан. Кентау қаласы “Қаратау тәжі” және “Қазақстанның жасыл-желекті қаласы” деген аттарға ие. Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы бар.

Кентау қаласы Ащысай қорғасын-мырыш кен орнын игеру мақсатында, Хантағы мен Мырғалымсай жұмысшылар поселкілері негізінде құрылған. 1955 жылы 1 тамызда Мырғалымсай ауылын Кентау деп өзгерту туралы жарлық шықты. 1971 жылы қаланың бас даму жоспары бекітіліп, оған сәйкес Кентауда 4-5 қабатты үйлер тұрғызылды.

1999 жылы тұрғындар саны 55521 адам (27036 ер адам және 28485 әйел адам) болса, 2009 жылы 57121 адамды (27304 ер адам және 29817 әйел адам) құрады. 2020 жылы тұрғындары 68669 адамды құрады. Ал биылғы статистикаға сүйенсек, 74464 адам мекендейді.

Бүгінгі таңда ұлттық құрамы: қазақтар — 67,55%, өзбектер — 26,03%, орыстар — 3,01%, татарлар — 1,11%, әзірбайжандар — 0,6%, басқа ұлт өкілдері — 1,7%.

Қала алғаш құрылған кезде орыстар көптеп көшіп келді. Олардан бөлек гректер, немістер, корейлер, шешендер де келіп қоныстады. Олар – қуғынға ұшырағандардың туыстары мен арттарында қалған үрім-бұтақтары.

Кентау қаласында аты КСРО-ға әйгілі болған тау-кен орындары, трансформатор зауыты, экскаватор зауыты құрылды. Алайда, XX ғарыдың 80-90-шы жылдарындағы өндіріс ошақтары мен жұмыс орындарының жабылуы қала халқының әлеуметтік тұрмысына ауыр соққы болды. Кейіннен қайта іске қосылған экскавтор зауытының күші Кеңестік уақытындағыдай жоғары деңгейге жете алмады.

Кентау – Қазақстандағы машина жасау, металл өңдеу және тау-кен өнеркәсібі орталықтарының бірі. Қала экономикасындағы ірі кәсіпорындар: «Трансформатор зауыты» АҚ – еліміздегі трансформатор жасайтын жалғыз зауыт, «Экскаватор» АҚ – металл өңдеп, машина жасайды. Барий өнімдерін, түсті металл концентраттарын өндіретін «Оңтүстік түстіметалл» АҚ-қа Кентау байыту фабрикасы, Ащысай металлургия цехы, темір жол цехы кіреді. Мақта-мата өнімдері шығарылады. «Табыс» акционерлік қоғамы, «Эластополимет» АҚ резина-техникалық бұйымдарын, «Ердес-нан» АҚ нан, тоқаш, кондитерлік бұйымдарын шығарады. Жалпы өнім жиынтығында өнеркәсіп үлесі 55%-ды (түсті металлургия – 28,8%, электр қондырғыларын шығару – 28,5%, машинажасау – 11,9%) құрайды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin