Түркістан облысы: Арыс қаласында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында бос жұмыс орындарына жәрмеңке ұйымдастырылды

Арыс қаласында «Еңбек күні» мерекесіне орай жұмыссыз азаматтарды нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Соңғы жылдары қала экономикасында орасан зор өзгерістер орын алуда, атап айтқанда, еңбек нарығындағы жұмыссыздық деңгейінің төмендеуі және жұмыспен қамтылған халықтың тұрақты өсуі байқалады.

Жұмыс беруші мекемелер қажетті мамандар таңдауларына, ал жұмыс іздеушілерге жұмысқа орналасуына, сұхбаттасып жүздесуіне ықпал жасау мақсатындағы шараға қала көлеміндегі меншік түріне қарамастан, барлық жұмыс беруші мекеменің басшылары мен кадр мамандары, жастар орталығының өкілдері қатысты. Қала көлеміндегі 34 мекемеден 78 бос жұмыс орны бойынша сұраныстар келген.

Жәрмеңкеде бос жұмыс орындарымен қатар жұмысқа орналасу және мемлекеттік қолдау шараларына қатысу бағытында консультация берілді. Бұл шараны жұмыссыздар мен жұмыс берушілер арасындағы алтын көпір деуге болады. Мұндай шаралардың жемісін көріп, жұмыс тапқан, мамандық алған адам да көп.

Сонымен қатар жәрмеңке барысында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында «Күміс жас», «Ақылы қоғамдық жұмыстар», «Алғашқы жұмыс орны», «Әлеуметтік жұмыс орындары», «Жастар практикасы», мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грант пен жастарға арналған 2,5% жеңілдетілген несие және аз қамтылған отбасыға берілетін жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек туралы кеңестер берілді.

Жұмысқа орналасу демекші, қала әкімі Гүлжан Құрманбекова бір топ қала және ауыл жастарымен еркін форматта кездесу өткізді. Кездесудің бас тақырыбы жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмысқа орналасу жайы болды.

«Өздеріңізге белгілі, жастарды жұмыспен қамту бойынша түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Мен Сіздерді арнайы шақырған себебім де осы – мүмкіндікті мүлт жібермей, бағдарламаларға қатысып, алған білімдеріңізді қаламыздың өркендеуіне жұмсау», — дейді қала әкімі.

Шаһар басшысы атап өткендей, бүгінгі таңда Арыс қаласында «Жастар практикасы», «Ақылы қоғамдық жұмыс», «Алғашқы жұмыс орындары» секілді мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Оған қаланың 35-ке дейінгі жастары қатыса алады.

Кездесу барысында жастарға жоғарыда аталған бағдарламалар бойынша толық мағлұмат берілді. Жастармен кездесуге келген бірнеше мекеме басшылары бағдарлама талаптарына сәйкес келетін жастарды қабылдауға дайын екендіктерін жеткізді.

Сондай-ақ, еңбек етуге ниетті жастарға жауапты сала басшылары мен мамандары толыққанды түсіндіріп, құжаттандыру бойынша көмектер көрсетілді.

Айта кетейік, 35 жасқа толмаған жұмыс іздеуші жастар қалалық Мансап орталығына барып, бос жұмыс орындарын таңдауларына болады. Орталық Тәжібаев №1 ғимаратында орналасқан (Бұрынғы сот ғимараты).

Арыс қаласы аумағында жастармен тізе қоса жұмыс істеуде едәуір ілгерілеу байқалады. Мәселен, мәдениет үйінде белсенді жастардың басын қосқан «Жалынды жастар – Жарқын болашақ» тақырыбындағы жастар форумы соған дәлел бола алады.

Қаланың 300-ден астам жасы жиналған форумға қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, қала прокуроры мен сот төрағасы және Арыс аудандық полиция басқарма басшысы мен жеке құрамы қатысты.

Еркін форматта өткен кездесу шымылдығын қалалық мәдениет үйінің өнерпаздарының «Қисық жол» қойылымы ашты. Ұйып отқан отбасыны нашақорлықтың кесірінен күйреуін суреттеген көрініс өте әсерлі болды.

Бұдан кейін қала әкімі Гүлжан Құрманбекова форум аясында алғы сөз сөйледі.

«Мен Арыс жастарының мемлекетіміздің өркендеуі мен жарқын болашағы жолында жастық жалынымен, ерік-жігерімен, аянбай еңбек етіп, ел үмітін ақтайды деп сенемін» — деді шаһар басшысы.

Одан соң қаланың дамуы жолында аянбай еңбек етіп жүрген бір топ белсенді жастарды Алғыс хатпен марапаттады. Марапатталған жалынды жастар ішінде жас кәсіпкерлер мен спорт, медицина, ветеринария саласының жас мамандары бар.

Жиында қала прокуроры мен сот төрағасы жастар арасында және оларға қарсы жасалатын қылмыс пен құқық бұзушылыққа жол бермеу, адамның қадір-қасиетіне тиіспеу, мемлекеттік қолдаулар мен мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып сапалы білім алу туралы айтып өтті.

Шара барысында Арыс қаласының полиция басқармасының бастығы, подполковник Бауыржан Батырханұлы қаладағы қоғамдық тәртіптің жай-күйі және полиция жұмысы туралы баяндама жасады.

Қаландың жалынды, елі үшін қызмет етуден тайынбайтын мәдениет, спорт, білім-ғылым, кәсіпкерлік салалары бойынша жетістіктері бар белсенді жастар қатысқан кеш қала өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Кәсіпкерлік демекші, қала әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Арыс-Шымкент тас жолы бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандардың сыртқы қасбетін ретке келтіру, айналасын таза ұстау және тиісті құжаттарын рәсімдеу бойынша да жиын өтті.

Қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың төрағалығымен өткен жиынға аталған күре жол бойында орналасқан кәсіпкерлік нысан иелері мен қала әкімдігінің жауапты сала өкілдері қатысты.

Шаһар басшысы жол бойында орналасқан нысандардың қасбетіне сын айтты. Ретке келтіру бойынша нысан иелерімен жеке-жеке келіссөздер жүргізді. Барлық нысан иелеріне заман талабына бейімдеп және айналасындағы абаттандыруға ерекше көңіл бөлу керектігін нақтылады.

«Бүгінде қала жаңа леппен, жаңа қарқынмен дамуда. Қаланың сәулеті, әсемдігі мен көркі қалаға кіре берістен басталады. Сондықтан, қаламызда бой көтеретін әрбір нысан эскиздік жобаға сай жасалынуы қажет. Шаһардың шырайын бұзуға жол бермейміз» — деді шаһар басшысы.

Жиында қалалық Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрғиса Ережепұлы баяндама жасап, жол бойында бой көтерген және соғылып жатқан нысандар туралы жеке-жеке тоқталып өтті.

Сондай-ақ, әрбір салынған ғимаратты құжаттандыру, тиісті рұқсатнама алу керектігі ескертілді. Өйтпеген жағдайда айыппұл салынатыны айтылды.

Жиынды қорытындылаған қала әкімі кәсіпкерлік мақсатта алынған жерлерді нысаналы мақсатында пайдаланып, құжаттарды заңға сәйкестендіру, абаттандыру бойынша жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin