![]()
Сауран ауданының Ескі Иқан ауылдық округі аумағында жаңа «Бірлік» елді мекені құрылды. Халық санының өсуіне және аумақтың әкімшілік-аумақтық құрылымын реттеу қажеттілігіне байланысты қолға алынған бұл бастама тұрғындардың жер мен тұрғын үйге қатысты құжаттарын заңдастыруға, елді мекеннің шекарасын нақтылауға және оның алдағы дамуын жүйелі жоспарлауға негіз болады. Жаңа ауылдың қазіргі жағдайымен танысу мақсатында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров елді мекенге арнайы барып, тұрғындармен кездесті.
Бүгінде «Бірлік» елді мекенінің жалпы жер көлемі 300 гектарды құрайды. Мұнда 50 тұрғын үй орналасқан, халық саны – 285 адам. Қазіргі уақытта аумақтағы жер учаскелерін заңдастыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл үдеріс жаңа елді мекеннің аумақтық шекарасын айқындап қана қоймай, тұрғындардың тұрғылықты мекенжайын ресми рәсімдеуіне, жер телімдері мен тұрғын үйлерге қатысты құжаттарын ретке келтіруіне мүмкіндік береді.
Жаңа ауыл құру мәселесі Ескі Иқан ауылдық округіндегі халық санының артуына және қалыптасқан қоныстану аумағын әкімшілік тұрғыдан реттеу қажеттілігіне байланысты көтерілген. Осыған орай жергілікті қоғамдастық жиыны өткізіліп, жаңа елді мекен құру, оның аумағы мен шекарасын белгілеу және оған «Бірлік» атауын беру мәселелері қаралған. Жиынға қатысқан тұрғындар бастаманы қолдап, ауылдың қалыптасуы мен болашақ дамуына қатысты ұсыныстарын білдірген. Атап айтқанда, аумақтың шекарасын нақтылау, тұрғын үйлерді құжаттандыру және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселелері көтерілген.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров тұрғындармен кездесу барысында жаңа елді мекеннің қалыптасу кезеңінде шешімін табуы тиіс мәселелерге назар аударды. Әсіресе, жер учаскелерін заңдастыру жұмыстарын қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес әрі жүйелі жүргізудің маңызын атап өтті. Өйткені жер қатынастарына байланысты құжаттардың дұрыс рәсімделуі тұрғындардың құқықтық мүдделерін қорғаумен қатар, елді мекеннің аумақтық дамуын жоспарлауға да негіз болады.
Кездесу кезінде тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, көтерілген мәселелерді шешу жолдары қарастырылды. Аудан басшысы тиісті сала басшыларына әрбір мәселені жан-жақты зерделеп, жауапты мекемелермен бірлесіп жұмыс жүргізу жөнінде тапсырмалар берді. Бұл ретте жер учаскелерін заңдастыру, тұрғын үйлердің құжаттарын реттеу және елді мекеннің алдағы даму бағыттарын айқындау жұмыстарының өзара үйлесімді атқарылуы маңызды.
Жаңа «Бірлік» елді мекенінің құрылуы – Ескі Иқан ауылдық округіндегі әкімшілік-аумақтық құрылымды реттеудегі маңызды қадам. Ендігі міндет – жер қатынастарына қатысты рәсімдерді ретімен аяқтап, тұрғындардың құқықтық мәселелерін шешуге және елді мекеннің тұрақты дамуына қажетті жағдайларды қалыптастыру. Ал әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі ұсыныстарды кезең-кезеңімен қарастыру ауылдың болашақ келбетін айқындауға мүмкіндік береді.
Осылайша, 285 тұрғыны бар жаңа «Бірлік» елді мекенінің құрылуы қоныстану аумағын ресми тұрғыда реттеумен шектелмейді. Бұл – тұрғындардың мүддесін қорғауға, жер мен баспанаға қатысты мәселелерді заң аясында шешуге және ауылдың келешектегі дамуын жоспарлы түрде ұйымдастыруға бағытталған бастама.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
