Түркістан облысы: Ордабасы ауданы әкімдігі «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша кооперативке біріккен шаруа қожалықтарына 27 миллион теңгеге дейін несиелік қолдау көрсетілетінін түсіндіріп жатыр

Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев Бадам ауылдық округінде ауыл шаруашылығы саласына байланысты көшпелі семинар кеңес өткізді. Көшпелі жиында аудан басшысы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша шаруаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жекелеген азаматтарды кооперативке бірігіп, аудандағы ірі сүт өндірісі, мал бордақылау алаңдарын қажетті жем-шөппен қамтамасыз ету жолдарын айтып өтті.

«Қазіргі таңда шаруаларға кооперативке бірігу тиімді болып отыр. Ұжымдастыруға 27 миллион теңгеге дейін қолдау көрсетіліп, аталған қаржы ұжымның техникалық базасын нығайтуға, техниакаларын жаңартуға жұмсалады. Жекелеген шаруалар кепілге қойылған мүлкі арқылы 8 миллион теңгеге дейін көмек алып, мал азағымен қамтамасыз ететін коператив төңірегіне топтаса алады. Ауданымызда «Ауыл аманаты» бағдарламасы мал шаруашылығында сүт өндірісі бағытында, өсімдік шаруашылығында жылыжай бағыты бойынша жүзеге асырылады. Бөржар ауылында шаруалар құс, мал шаруашылығы бойынша аталған бағдарламаға қатыса алады», — деді аудан әкімі көшпелі семинарда.

Ордабасы ауданы аграрлы аудан болғандықтан, экономиканың қозғаушы күші мен табыс көзі де — ауылшаруашылығы саласы. Диқандар биыл 71 553,5 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда егіс көлемі 2 000,5 гектарға ұлғайды.

Айта кетерлігі, ауданда «Жақсылық» шаруа қожалығы 300 гектар алқапқа егілген жүгеріден маусымында 10 мың тонна сүрлемдік жүгері дайындауда. Бұл ретте негізгі тұтынушы «Бөрте-Милка» ЖШС болып табылады. Қажеттілігі 8 мың тоннаны құрайды. Сүрлемдік жүгері дақылының сүтті бағыттағы ірі қара малдың сүтінің өнімділігі мен майлылығына әсері зор екендігін ескерген жөн.

Тұрғындарды мал азығымен қамту бағытында арнайы ұйымдастырылған семинарда Азат Әбдіғалиұлы «Ауыл аманаты» пилоттық жобасына Бадам, Шұбар, Бөржар, Қараспан ауыл округі енгізіліп, 8 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылған тілге тиек етті.

Аудан басшысының айтуынша, кооператив мүшелері белгіленген 6 бағытта да несие алуға мүмкіндігі бар болып, бүгінгі таңда «Ырыс» МҚҰ ЖШС-не 259 өтінім қабылданып, жоба құны 1 миллиард 393 миллион теңге, оның ішінде 185 өтінім – 1 миллиард 158 миллион теңге мақұлданған. Оның ішінде 124 жоба — 723 миллион 050 мың теңге қаржыландырылған. Қаржыландырылған 124 жобаның 107 жобасы мал шаруашылығын дамыту бағытындағы жоба болған.

Осы семинардың нәтижесіне сәйкес алдағы уақытта шаруа қожалықтармен келісімшартқа тұрып, сүрлемдік жүгері дайындауға болады. «Жақсылық» шаруа қожалығының жылына 20 мың тоннаға дейін сүрлемдік жүгері дайындауға мүмкіндігі бар.

Осы орайда атап өтерлігі, Үкімет Президенттің ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі тапсырмасын белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Бұл мақсатта «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылып отыр, оның шеңберінде ауыл тұрғындарына жылдық 2,5%-бен 5-7 жыл мерзімге шағын несие беріледі.

Жобаның орындалу барысы ҚР Үкіметі Аппараты жанындағы «Ауыл Аманаты» жобалық кеңсесінің кезекті отырысында талқыланды. Жиынға Премьер-Министрдің орынбасары Т.Дүйсенова қатысты. Ауыл шаруашылығы министрлігінің өңірлердегі жобасының іске асырылу барысы және жергілікті атқарушы органдардың бөлінген несиелік ресурстарды игерілуі туралы есептері тыңдалды.

Мәселен, осы жылдың 13 қыркүйегінде 1388 ауылдық округті қамтитын 42 миллиард теңге сомасына 7429 шағын несие берілді. Оның 85%-ы мал шаруашылығы саласына (35,8 миллиард теңге), 7%-ы өсімдік шаруашылығына (2,8 миллиард теңге), 5%-ы кооперативтер үшін ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуға және 2,6%-ы басқа бағыттарға (1,1 миллиард теңге) берілген.

Жиын қорытындысына сәйкес Премьер-Министрдің орынбасары жауапты мемлекеттік органдар мен өңірлерге облыс, аудан, ауылдық округ деңгейінде жобалық кеңселер құру, цифрлық платформаны әзірлеу процесін жеделдету жөнінде тапсырмалар берді.

Барлық деңгейдегі әкімдіктерге жыл соңына дейін ауылдық округтерге скрининг жүргізу, олардың экономикалық мамандануын айқындау, сондай-ақ ауылдық кооперативтер құру жұмысын жандандыру тапсырылды.

Сондай-ақ Жамбыл және Ақтөбе облыстарының оң тәжірибесі ұсынылды. Онда жобаны іске қосу алгоритмінен бастап, ауылдық округтерге скрининг жүргізу, ауыл шаруашылығы кооперациясын құру, дайын ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу тізбегін ұйымдастыру үдерісін реттей алды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin