Түркістан облысы: Созақ ауданында «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде атаулы әлеуметтік көмек алушы 4 азамат 17 миллион 650 мың теңгеге несие алып, кәсібін ашуға мүмкіндік алды

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековтің төрағалығымен маңызды мәжіліс өтті. Мәжілістің күн тәртібіндегі бірінші мәселе «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалу барысы туралы аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қайырбек Мейірманов хабарлады. Хабарлама барысында жобаның 1-ші бағыты – өсімдік шаруашылығы, 2-ші бағыты – мал шаруашылығы, 3-ші бағыты – құс шаруашылығы, 4-ші бағыты – балық шаруашылығы, 5-ші бағыты – ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін жабдықтау, 6-шы бағыты – өз кәсібін ашу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға егжей-тегжей тоқталып өтті.

Қазірді таңда пилоттық жобаға 221 азамат құжат өткізген екен. Оның ішінде 173 азаматтың құжаты 924 миллион 310 мың теңгеге мақұлданып, 125 азаматқа 647 миллион 510 мың теңгеге жеңілдетілген несие берілді. Ерекше атап өтерлігі, атаулы әлеуметтік көмек алушы 4 азамат 17 миллион 650 мың теңгеге несие алып, кәсібін ашуға мүмкіндік алды.

«Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған және несиелер 2023 жылдан бастап беріледі деп жоспарланып отыр. Жоба аясында қандай жеңілдіктер қарастырылған? «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. — несие/микронесие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін; — несиенің/микронесиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады; — номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз, кепілмен қамтамасыз ету. Мұндай несиенің халыққа пайдалы болары анық. Мәселен, бүгінде бірде-бір коммерциялық банкте ауыл тұрғындарында мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие бұл – өте тиімді. Сондықтан да ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін бұл – үлкен мүмкіндік. «Ауыл аманаты» жобалық кеңсесі хатшылығының басшысы Нұркен Шарбиевтің айтуынша, ел тұрғындарының табысын арттыру мәселесін шешу «AMANAT» партиясының негізгі басымдықтарының бірі болып саналады.

«Ауылда 7,7 миллион адам тұрады. Бұл – халықтың жалпы санының 41%-ы. Былтырғы дерекке сәйкес, ауыл және қала тұрғындарының ақшалай табысының айырмашылығы 38%-ды құрайды. «Ауыл аманаты» жобасы осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді. Ауыл тұрғындарының табысын, әл-ауқатын және өмір сүру сапасын арттыруға көмектесуге тырысамыз. Жобаның мақсаты мен міндетін түсіндіру үшін кең ауқымды 40 күндік ақпараттық марафон өткіздік. Мобильді топ құрамындағы тренерлеріміз 28 шілде мен 10 қыркүйек аралығында республикадағы 179 ауданның 425 ауылы мен ауылдық округінде 250 мың азаматты қамтыған кездесулер өткізді», – дейді ол.

  Ауылдықтар жобаға үлкен үміт артып отыр. Жобаға ауыл тұрғындарының да қызығушылығы зор болды. Олар ауылда өз кәсібін бастауға немесе осыған дейін болған шағын кәсіптерін дамыта алатынына дән риза.

 «AMANAT» партиясы өкілдері «2019 жылдан бастап табысты арттыру бағдарламасы жүзеге асырылып жатқан Жамбыл облысының оң тәжірибесі ауыл тұрғындарын бағдарламаға қатысуға ынталандыруы тиіс» деп атап өтті. Мәселен, осы өңірге республикалық бюджеттен 7,2 млрд. теңге бөлінген. Жобаға қатысуға 11 ауылдық округ іріктелді. Осылайша, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 3 есеге қысқарып, аталған ауылдарда орташа айлық табыс мөлшері 1,7 есеге ұлғайды. Жұмыссыздар саны 36 %-ға азайды. Микрокредиттер бойынша, 60 күннен астам мерзімі өткен төлемдер болмады.

«Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Біз ауыл тұрғындарына мамандануға көмектесеміз. Айталық, барлық жерде бірдей қызылша өсіру немесе ірі қара мал жаю мүмкін емес. Жамбыл өңірінде тұрғындардың 68 %-ы атаулы әлеуметтік көмек алушылар санатынан шықты. АӘК алуды жалғастыру немесе осы бағдарлама арқылы ақша таба бастау.  Тұрғындар осындай таңдау жасап жатыр», – дейді партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев.

Кәсіп ашуға немесе істі дұрыс жүргізуге мамандануға ауылдық округ әкімдері көмектесетін болады. Осы ретте «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы ауылдық округ әкімдеріне және «AMANAT»-тың аумақтық филиалдарының атқарушы хатшыларына арнайы курстар өткізді. Халықтың экономикалық белсенділігін арттыру саласында 2 346 адам курстан өтіп, білімін жетілдірді.

«Кооператив құру және өткізу тізбегін қалыптастыру бойынша тренингтер өткізілді. Адамдар жекелей жұмыс істей алатынын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперативіне біріге алатынын түсіндірдік. Бұл қадам шығынды азайтады. Мысалы, жемді нарықтағы бағадан 40-50 %-ға арзан бағамен сатып алуға болады. Жер жырту, қоқыс шығару кезінде де арнайы техниканың қызмет құны төмендейді. Кооперативтер техниканы лизингке оңай ала алады. Облыс әкімдіктері кооперативтерге кәсіби агрономдардың, ветеринарлардың, механизаторлар мен зоотехниктердің қатысуын қамтамасыз етеді», – дейді жобалық кеңсе хатшылығы басшысының орынбасары Ақмарал Бекмұрзаева.

 «Ауыл аманаты» жобасы 2023 жылдан 2025 жылға дейін қолданыста болады. Аталған жобаны барлық өңірде іске асыру үшін бюджеттен кредиттер бөлу көзделіп отыр.

Күн тәртібінде қаралған келесі мәселе көп қабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, білім беру мен денсаулықты сақтау ұйымдарының жылу беру маусымына дайындықтары жөнінде аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Ербол Аманов баяндады. Бұл жөнінде жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ Таукент, Қыземшек кенттеріндегі орталықтандырылған жылу қазандықтарындағы жөндеу жұмыстары мен онда қажетті қатты және сұйық отынның жеткізілу барысын назарға алды.

Аудан басшысы салаға жауапты мамандарға жиында қаралған мәселелер бойынша қажетті шараларды сапалы әрі уақытында атқаруды және осы бағыттағы жұмыстарды әр кез бақылаудан шығармауды ескертті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin