Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірдегі жиһаз жасау саласындағы кәсіпкерлердің басын қосып, мәжіліс өткізді. Жиынға сонымен бірге осы салаға бейімделген кәсіпорындарға қажетті жабдықтар тасымалдайтын мекеме өкілдері де қатысты.
Облыс әкімі Түркістан облысынан арнайы жер бөлініп, өндірістік парктер салынатынын, онда кәсіпкерлерге жағдай жасалатынын айта келе, облыста жиһаз саласы бойынша кластер жасақтау, кәсіпорындарды бір аймаққа шоғырландырып, экспорттық әлеуетін көтеру жөнінде ұсыныс айтты.
– Жиһаз саласында Түркістан өңірінің әлеуеті жоғары. Бүгін сіздермен осы саланы одан әрі дамытып, жаңа кәсіпорындар мен зауыттар ашу мәселесін талқылауды жөн көрдік. Жұмыс орындарын ашу – уақыт талабы. Бұл ретте әкімдік, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және кәсіпкерлер күш біріктіріп, жиһаз кластерін дамытуымыз қажет. Оған біздің тарапымыздан қолдау көрсетіледі. Ұсыныстарыңызды, мәселелерді тыңдап, тиісті шешім шығарамыз. Мемлекеттік тапсырыс саласында да алдымен отандық өндірушілерге басымдық беріледі. Ол үшін осы саладағы кәсіпкерлер бірігіп, Түркістанның брендін жасақтауға, экспорттық әлеуетін көтеруге атсалысқандары жөн. Арнайы парктер құрылады, қолдау көрсетеміз, – деді Дархан Сатыбалды.
Мәжілісті Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев жүргізіп отырды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Түркістан облысында жиһаз өнеркәсібі саласында 100-ден аса кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішіндегі ірілері Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдеріне өнімдерін экспорттап жатыр. Облыс кәсіпкерлері жиһаз өнеркәсібі саласында биылғы 8 айда 4,0 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, көлемін өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 43,8%-ға өсірген.
«Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы Басқарма төрағасы Файзулла Байдуллаев Сауран ауданының Шаға ауылдық округіндегі өндірістік парктердің құрылысы және қазіргі жағдайы жөнінде баяндады. Кәсіпкерлерді осы аумақтан орын алып, жұмыс істеуге шақырды.
Кәсіпкерлердің ұсыныстары мен пікірлері де тыңдалды. Атап айтсақ, Шардара ауданында жиһаз шығаратын «ШЕБЕР» мүгедектер қоғамының директоры Омар Бақтыкерей, Шымкент қаласындағы «Дом под ключ» компаниясы басшысының орынбасары Қуаныш Бекмұрат, Түркістан қаласында жиһаз шығаратын ЖК «Құдайбергенов» кәсіпорнының басшысы Құдрат Құдайбергенов және өзге де кәсіпкерлер жиһаз өнеркәсібіндегі өзекті мәселелерді қозғады. Олар жиһаз саласына жеңілдетілген несие беру, халықаралық көрмелерге қатысуға қолдау көрсету, мамандар тартуға, жас шеберлерді оқытуға жәрдемдесу, мемлекеттік тапсырыс аясында отандық өндірушілерді қолдау, сертификат беру, шетелге экспортқа шығару тетіктерін жеңілдету және түсіндіру жөнінде өтініштерін жеткізді. Осы салаға қолдау білдірген облыс әкіміне алғыстарын айтып, жиһаз кластерін құруға атсалысатындарын атап өтті.
Алдағы уақытта Түркістан қаласының маңында жиһаз кластерін дамытуға бағытталған өндірістік парктер жұмысын бастайды. Онда жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады деп күтіліп отыр.
Атап өту керек, Қазақстан жиһаз импортына өте тәуелді. Дегенмен биылғы қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша Қазақстанда жиһаз өндірісі 51,7 млрд. теңге болды. Бұл бір жыл бұрынғыдан құндық мәнде 25,2%-ға көп (ЖТҚ – 128,8%).
Өңірлер бойынша ең көп өнім көлемі Алматыда тіркелді: 13,7 млрд. теңге, плюс бір жылда 14%. Екінші және үшінші қатарда Қарағанды (4,9 млрд. теңге, плюс 57,9%) және Алматы (4,7 млрд. теңге, плюс 58%) облыстары тұр.
«Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жергілікті компаниялар металл орындықтар мен басқа да отыратын жиһаздарға деген сұранысты (ішкі нарықтағы сатуды және экспортты) 32,6% ақтаған. Бір жыл бұрын 51,6% болған еді. Ал ағаш орындықтарды 13,3%, басқа орындықтарды – 2,1% ғана қамтамасыз етті», — делінген Energyprom.kz хабарламасында.
Кеңсеге арналған ағаш жиһаз бойынша қорытынды жаман емес. Жарты жылда отандық өндірушілер сұраныстың 77,3%-ын қамтамасыз етті. Бөлшек сауда кәсіпорындары үшін жиһаз сегментінде бұл көрсеткіш 67,5%, ас үй жиһазы секторында 63%, матрац сегментінде 56,9% (бір жыл бұрын 61,1%) болды. Бірақ асхана мен қонақ бөлмеге арналған ағаш жиһазға сұраныстың 13,3%-ы ғана жабылған.
Жалпы алғанда ел жиһаз секторында өзін-өзі қамтамасыз етуге әлі дайын емес. Биыл тамыз айының соңында жиһаз және тұрмыстық заттар бағасы бір жылда 19,2% өсті. Өңірлер бойынша баға Шығыс Қазақстан (+33,1%), Ақмола (+31,1%), Қарағанды (+29,6%), Алматы (+26,6%) және Қостанай (+25,9%) облыстарының тұрғындарының әмиянына түсті. Ең аз жылдық баға өсімі Маңғыстау облысында тіркелді: 4,3%.
Былтыр Қазақстанның жиһаз өнеркәсібі үшін қиын болды. Жиһаз жасаушылар пандемиядан айығып үлгермей тұрып, қайтадан құлдырады. Өнеркәсіптік өндіріс индексі 2021 жылғы 107,8%-дан 2022 жылы 89,3%-ға дейін төмендеді (100%-дан төмен ӨӨИ сектордағы өнім көлемінің төмендеуін көрсетеді). Бұл соңғы онжылдықта саладағы екінші осындай ауыр жыл. Дәл осындай құлдырау 2020 жылы да болған, ол кезде индекс 89% болды. Айырмашылығы, пандемияның бірінші жылындағы локдаун кезінде халықтың жиһаз сияқты бірінші қажеттілікке жатпайтын тауарларды сатып алуға мүмкіндігі болмады (және көбінің ақшасы болмады). 2022 жылы жиһаз фабрикалары мен дүкендер үзіліссіз жұмыс істеді, көптеген тауарларға сұраныс тіпті өсті, бірақ бизнес импортпен бәсекеге төтеп бере алмады. Жалпы, сектордың құлдырауы 2015 (2,6%) және 2012 (8,7%) жылдары да байқалды, бірақ соңғы онжылдықта айтарлықтай өсім (кем дегенде 10%-дан жоғары) байқалған жоқ.
Қазақстандық компаниялардың өткен жылы ең көп өндірген өнімі (1 млн данадан) қаңқасы металл орындық, кресло және басқа да отыратын жиһаздар. Соңғы бір жылда бұл санаттағы өнім көлемі аздап өсті: бар болғаны 2,7%. Ас үйге арналған әртүрлі жиһаздар (11,8% көбейді), асхана мен қонақ бөлмеге арналған жиынтықтар (15,8% көбейді) көбірек шыға бастады. Бірақ бизнес сегментімндегі жағдай нашар. 2022 жылдың қаңтар-желтоқсанында отандық жиһаз компаниялары ағаш кеңсе жиһазы өндірісінің 38,8%-ын жоғалтты. Жатын бөлмеге арналған ағаш жиһаз өндірісінің көрсеткіштері де (төсек пен шкафтан басқа) шамамен үштен бірге төмендеді.
Ақшаға келетін болсақ, жағдай мынадай. Соңғы үш жылда жиһаз өндірісінің көлемі құндық мәнде өсіп келеді. 2020 жылдағыдай 2022 жылы бұл негізінен барлық тауарлар бағасының инфляциялық өсуіне байланысты болды. Бір жыл бұрын жиһаз жасаушылар 2021 жылмен салыстырғанда ақшалай есептегенде 8,4% артық өнім шығарды. Жасалған өнім көлемі бір жыл бұрын 59,7 млрд теңге болса, былтыр 64,7 млрд теңгені құрады. Бұл — статистикалық бақылаулардың бүкіл тарихындағы саладағы рекордтық көрсеткіш.
Алайда, үдемелі инфляция аясында нақты өндіріс көлемінің төмендеуін ескере отырып, өңдеу өнеркәсібінің осы санаты үшін 2022 жылды табысты деп атауға болмайды. Және бәрі де оған төтеп бере алмады. 2022 жылдың басындағы жағдай бойынша ҚР жиһаз өнеркәсібінде 1516 жұмыс істеп тұрған заңды тұлға тіркелген. 2023 жылдың 1 қаңтарында бұл көрсеткіш 8% азайып (114 кәсіпорын), 1402 болды.
Тұтыну нарығындағы бағаның өсуін соңғы жылдардағы антирекорд деп те атауға болады. Өткен жылдың төртінші тоқсанында 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Қазақстанда жиһаз және тұрмыстық заттар бағасы 6,1% өсті. Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың жалпы инфляция деңгейімен салыстырғанда (2022 жылғы желтоқсанда 19,4%) жиһаздың 6,1% өсімі кәсіпорындардың өндіріске өсіп келе жатқан шығындарын өтеуге көмектеспеді деп болжауға болады.
2022 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша, қазақстандық өндірушілердің позициялары асүй мен қонақ бөлмелерге арналған ағаш жиһаздар (мұнда импорт сұраныстың 89,3%-ын қамтыды), сондай-ақ басқа топтарға кірмейтін басқа да әртүрлі отыратын жиһаздар (импорт — 97,9%) санатында әлсіреді.
Отандық өндіріс көлемі де ағаш және басқа да орындықтар (импорт — 86,5%) және сауда кәсіпорындарына арналған жиһаздар (импорт — 62,9%) сегментіндегі импортпен салыстыруға келмейді.
Отандық өндірушілер үшін жағдай тек ағаш кеңсе жиһазы сегментінде жақсырақ (импорт 22,2%, ішкі өндіріс 77,8%).
Қазақстаннан жиһаз экспортының аздығы сонша, көптеген тауарларда ол қолда бар ресурстардың 1%-на да жетпейді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.