Бүгін Отырар ауданында сары ала күзді нақышына келтірген ауыл шаруашылығы саласы еңбеккерлерінің «Алтын күз-2023» мерекесі өтті. Биыл ауданның ауыл шаруашылығы саласы үшін жемісті жыл болды деп айтсақ, қателеспейміз. Жыл басында 34 мың гектар жерге түрен салынса, 10 000 гектар алқапқа Отырардың брендіне айналған жүгері дақылдары егілді. Су тапшылығы орын алған Қарғалы, Қоғам ауыл округтерінде шаруалар 300 гектар жерге күзгі бидай екті. 50 гектар жуық жерге тамшылатып, жаңбырлатып суару сынды тың технологияларды пайдаланса, тұрғындар үйіргелік жерден өнім алу ісін бастады. Нәтижесінде 9 айдың қорытындысына сәйкес 29 миллиард теңгенің өнімдері өндірілді.
Еңбеккерлердің басты мерекесі ауыл шаруашылығы өнімдері және техникалары көрмесін аралаудан басталды. Биыл отырарлық шаруалар техникалық паркін айтарлықтай жаңартып, 70 жаңа ауыл шаруашылығы техникаларымен толықты. Жыл соңына дейін 20-ға жуық техника алу көзделіп отыр. Ал, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесінде жергілікті шаруалар мен кәсіпкерлер өз өнімдері мен бұйымдарын таныстырды.
Көрмеде қоғамдық Дастан Алтынбеков ара балын, «Отырар Ет-Сүт» АШӨК «Маяқұм» шұбатын, шәуілдірлік Жанұзақ Ерімбетов қыш-құмыраларын, балтакөлдік Ерасыл Жүребек тары-талқанның жаңа сортын көпшілікке ұсынды.
Мұнан соң шара мерекелік-концерттік бағдарламамен жалғасты. Шарада аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов пен Түркістан облыстық ветеринария басқарма басшысының орынбасары Тоқсейт Елекеев еңбеккерлерді құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан шаруаларға арнайы алғыс хаттар табысталып, естелік сый-сияпаттар ұсынылды.
Жыл қорытындысы бойынша агроөнеркәсіптік сала бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген Балтакөл ауыл округі ІІІ орын, Ақтөбе ауыл округі ІІ орыннан көрінді. Өзгелерден оқ бойы озық шыққан көксарайлықтар І орынға ие болды.
Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің кәсіптік мерекесі аудан өнерпаздарының және арнайы қонақ ретінде шақырылған Хадиша Шалабаева, «Наркескен» тобының концерттік бағдарламасына ұласты.
Сонымен қатар бүгін сайын даланың төсінде құтты қоныс болып, қазақ өркениетінің алтын бесігі және қасиетті ордасы болған көне Вессидж қаласы, бүгінгі «Оқсыз» қалажұрты аумағында Маяқұм ауылының құрылғанына 100 жыл толуына орай дүбірлі жиын өтті.
Алдымен жиналған көпшілік Маяқұм ауылының орталығында жергілікті тұрғындардың демеушілігі есебінен тұрғызылған тутұғырдың лентасын қиды. 25 қазан – ҚР Республика күні қарсаңында барша маяқұмдықтар мен қонақтар оң қолын кеудесіне қойып, Әнұранымызды шырқады. Көк байрағымыз көкке көтеріліп, кеудесіне қуаныш кернеді.
Мұнан соң жиын көне «Оқсыз» қалашығының маңында жалғасып, жиналған көпшілік «Оқсыз – әл-Фарабидің отаны: туристік әлеуеті мен болашақ мүмкіндіктері» тақырыбындағы ғылыми-теориялық конференцияна қатысты.
Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сағынтай Құттыбайдың модераторлығымен өткен конференцияда аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов құттықтау сөз сөйледі.
Құттықтау сөзінде Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан мәдениеті мен білімі, ғылымы, сауда және шаруашылығы дамыған көне Оқсыз және Отырар қалалары туралы мәліметтерді келтіре отырып, «Оқсыз» қалажұртының туристік әлеуетін арттыру, дамыту жөніндегі жоспарлармен бөлісті.
Конференцияның жарыссөзінде Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі директорының орынбасары Серік Ақылбек, заң ғылымдарының кандидаты Мұхтар Есжанов, «Руханият-Әбу Насыр әл-Фараби» музейінің ғылыми қызметкері Ардақ Жаппарқұлдар баяндама жасап, ғылыми негізде дәлелденген жаңалықтар және тың мәліметтер келтірді.
Жиынға арнайы қатысқан мемлекет және қоғам қайраткері Әлімжан Құртаев 2006 жылғы Сирия сапарына тоқталып, энциклопедист-ғалым Әбу Насыр әл-Фараби мен даңқты қолбасшы Сұлтан Бейбарыстың қабіріне туған жердің бір уыс топырағын салған ұлы сапарға тоқталды. Әлімжан Сейітжанұлы сапар барысындағы және өзге де елдік маңызды мәселелер көтерілген «Сенаттағы алты жыл» атты кітабын жергілікті оқырмандарға сыйға тартты.
Мерекелік шара соңы спорттық ойындар мен концерттік бағдарламамен ұласты. Білекті жігіттер арқан тартысса, апайтөс балуандар мен тақымы мықты шабандоздар көкпардан өзара мықтыны анықтады. Өзгелерден оқ бойы озық шыққан жеңімпаздар мен жүлдегерлерге естелік сый-сияпаттар табысталды.
Жиын соңы Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония ұжымының концерттік бағдарламасына ұласып, Маяқұм аспаны ән мен жырға көмкерілді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.