Түркістан облысы: Кентау қаласының өңдеу өнеркәсібі саласында өндірілген өнім көлемі 28,2 миллиард теңгені құрады

Кентау қаласын дамыту бағытында жұмыстарды жандандырып, тың жобаларды жүзеге асыру керек. Әсіресе, шаһардың өндірістік әлеуетін көтеру – уақыт талабы. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Кентауға іссапармен барып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде мәжіліс өткізді. Жауапты басшылардың баяндамалары мен есептерін тыңдап, нақты тапсырмалар жүктеді.

– Алдыңғы кездесуде «Кентау-Сервис» кәсіпорнының кредиторлық берешегін азайту бойынша тапсырма бергенмін. Бірақ, берешек азаюдың орнына артып отыр. Сонымен қатар дебиторлық берешек бойынша да жұмыс атқарылмаған. Биыл 9 айдың қорытындысына сәйкес Кентау қаласы бойынша 15 көрсеткіштің 3-еуі орындалмаған. Жылыту маусымының қалыпты өтуі үшін жабдықтардың барлығын жедел және сапалы түрде іске қосып, жұмыстарды жеке бақылауға алыңыз. Инфрақұрылымды жақсарту – қаладағы ең өзекті мәселелердің бірі. Жыл сайын үйлердің келбетін ретке келтіруге, жолдарды жөндеуге қаражат бөлінуде. Бірақ жұмыстардың сапасы төмен деңгейде. Қазір Кентау қаласында барит концентратын өндіру зауытын салу бойынша инвестициялық жоба пысықталуда. Жобаның құны 14,5 миллиард теңгені құрайды. Бірақ бір ғана ірі жобамен шектелмей, жұмыстарды жалғастыру керек. Қалада сүт өнімдерін өндіруге, жемістер мен көкөністерді өңдеу және консервілеуге мүмкіндіктер бар. Осыған байланысты, аталған бағыттарда жұмысты күшейту қажет, – деген Дархан Сатыбалды өндірісті дамыту бағытындағы жұмыстар басты назарда болуы тиіс екенін, Қытай сапарынан нәтиже шығару керектігін жеткізді.

– Қаланың инвестициялық климатын жақсарту керек. Бұл үшін барлық ресурс бар. Атап айтқанда, индустриалды және арнайы экономикалық аймақтар ашылған. Бірақ өз тиімділігін көрсете алмады. Осыған орай, арнайы іс-шара жоспарын әзірлеп, әр жоба бойынша сүйемелдеу жұмыстарын жүргізіп, инвесторларды тарту бағытындағы жұмыстарды жандандыру керек. Жаңа өндіріс орындарын ашып, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етуге басты назар аударыңыз. Кентау қаласына қарасты ауылды елді мекендерде ауыл шаруашылығын дамыту керек. Бұл бағыттағы жұмыстар назардан тыс қалған. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін жыл қорытындысына орай 11,3 миллиард теңгеге дейін жеткізу жоспарланған болатын. Қазіргі уақытта тек 9,7 миллиард теңгеге орындалған. Агроөнеркәсіп кешенінің экономикалық тиімділігін жоғарылатуға басты назар аудару қажет, – деді облыс әкімі.

Мәжілісте Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов атқарылған жұмыстар мен алдағы жобалар туралы есеп берді.

Облыс әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов Кентау қаласындағы өзекті мәселелерге тоқталып, тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндады.

Кентау қаласында өнеркәсіп саласында 32,6 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, жоспар 400 миллион теңгеге орындалмаған. Өңдеу өнеркәсібі саласында өндірілген өнім көлемі 28,2 миллиард теңгені құраған. Ауыл шаруашылығында 1,6 мың тонна ет өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда аздап төмендеген. Кентау қаласы бойынша кірістер жоспары 2,1 миллиард теңге көлемінде жоспарланып, нақты түскені 2,3 миллиард теңгені құрады.

Облыс басшысы қала әкімі мен жауапты басқармаларға индустриалды аймақтарды дамыту, зауыттар ашу, білім саласындағы түйткілдерді шешу, санитарлық тазалықты жақсарту және өзге де мәселелерді реттеу бойынша тапсырмалар берді.

Сондай-ақ бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Кентау қаласында жеке қабылдау өткізіп, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Ашық пікір алмасу өтіп, қордаланған мәселелер ортаға салынды. «Ашық есік күніне» құқық қорғау органдарының және облыстық басқарма басшылары мен өкілдері қатысып, өтініштердің оңтайлы шешілуіне атсалысты. Тұрғындардың еркін пікір алмасуына толық жағдай жасалды.

Қабылдауға жазылған қала тұрғыны ҚР «Құрмет» ордені мен «Түркістан облысының құрметті азаматы» атағын беруді сұраса, енді бірі «Дарын» мектебінің жатақхана мәселесін көтерді. Тарқатып айтсақ, Кентау қаласында орналасқан Түркістан облысы білім басқармасының «Мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернаты» КММ-сі Кентау көпсалалы колледжінің жатақханасы балансында тұрған ғимаратты пайдалануда. Тұрғын мектеп-интернаттың ғимарат мәселесін шешіп беруді сұрады.

Қазіргі таңда тұрғын үй мәселесі — еліміз бойынша ең өзектілердің қатарында. Осыған қарамастан Түркістан облысында бұл бағытта жұмыс атқарылуда. Қабылдауға жазылған екінші топ мүгедектігі бар азамат тұрғын үйге мұқтаждар саны 4000-нан аса отбасыны құрауына байланысты Кентау қаласынан тұрғын үй салуды сұрады. Өзі де мұқтаждар есебінде №500 кезекте тіркелгенін жеткізді. Сонымен бірге тұрғынға санаторияға жіберу жөніндегі өтініші бойынша да жауап берілді.

Облыста газдандыру бойынша жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. Жиын барысында Хантағы, Қарнақ ауылын газдандыру мәселесімен кірген азаматқа қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, магистралды газ құбырын тарту үшін жұмыстар басталғанын жеткізді.

Жеке қабылдауға жазылған азаматша «Яссы-Несие КС» ЖШС-нен мал шаруашылығы үшін алған несиелерінің төлемі аяқталуына байланысты кепілге қойған мүліктерін шығаруға ықпал етуді өтінді. Келесі жазылушы қалаға стратегиялық маңызы бар темір жолды мемлекет меншігіне қайтаруды сұрады.

«Ырмақ-Өзен» су қоймасының сол қанат каналына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі бойынша ұсыныс айтылды.

Жалпы қабылдауға 50-ден астам тұрғын кіріп, көкейлеріндегі мәселелерді қозғады. Инфрақұрылым, әлеуметтік мәселе, баспанамен қамту, туризмді дамыту бойынша өтініштер мен ұсыныстар тыңдалды.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды қабылдау барысында тұрғындардың сұрағына заң аясында тұщымды жауап беріп, көтерілген мәселелердің шешімін табу бойынша тиісті мамандар мен сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Айта кетейік, жыл басынан бері облыс әкімі тарапынан жалпы 42 қабылдау өткізіліп, 280 азамат қабылданған және олардың тарапынан 467 өтініш пен ұсыныс-пікір айтылып, 516 хаттамалық тапсырма берілді. Мәселелер тұрақты бақылауға алынған.

Облыс әкімінің жеке қабылдаулары барлық аудан, қалада жалғасын табады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin