Түркістан облыстық кітапханасында оқушылардың қатысуымен танымдық сағат ұйымдастырылды

Түркістанда облыстық «Фараб» кітапханасында 12 сәуір – Ғарышкерлер күніне және Ғылым қызметкерлерінің күніне орай танымдық шаралар өтті. Соның бірі – Жаңақорған ауданы Т.Әбдірашев атындағы №239 орта мектептің оқушыларының қатысуымен өткен «Ғарыш келешектің кемелді жолы» атты танымдық сағаты.

Шара басында Түркі елдерінің туристік астанасы – Түркістан қаласына көрші облыстан арнайы келген қонақтарға кітапхана бойынша экскурсия жүргізілді. Танымдық сағат барысында оқушыларға ғарыш туралы қызықты бейнеролик көрсетілді. Шара соңында қатысушыларға кітапхана директорының атынан алғыс хат табысталып, кітап сыйға тартылды.

Бұдан бөлек, ғалымдардың қатысуымен «Ғылымды дамытатындар – Ғалымдар» тақырыбында басқосу өтті. Кеңеске Х.Тұрсұн, Д.Кенжетай, М.Қожа, М.Тұяқбаев, К.Жұмахан, М.Әліпхан, Н.Мансұров, Б.Адырбек, М.Тастанбеков қатысып, ғылым туралы ойлар ортаға салынды. Кездесу қорытындысында ғалымдардың шешімімен кітапхана жанынан «Ғалымдар кеңесі» құрылды.

Айта кетейік, шараның мақсаты – руханиятты дамытуды көздей отырып, оқырмандарды ғылым-білімге бағыттауға негізделді.

Еске салайық, 12 сәуір — Дүниежүзілік авиация және ғарышкерлер күні. Алайда, бұл Қазақстан үшін де айтулы мереке. 

12 сәуір – адам баласының ғарышқа алғаш рет ұшқан күні. Биыл бұл айтулы датаға 63 жыл толды. Сол кезден бастап бүгінгі күнге дейін 500-ден астам адам ғарышқа саяхаттаған. Олардың қатарында қазақтың үш ғарышкері — Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов те бар.

КСРО-ның соңғы және Қазақстанның бірінші ғарышкері — Тоқтар Әубәкіров 1991 жылы ғарышқа экспедициялық сапармен барып, сол жақта 7 күн 22 сағат 13 минут болды. Тоқтар Әубәкіров — алғаш рет басқа кеңістікте жүріп қазақтың ұлттық тағамын жеген адам. Сол жылы ғалымдар ірімшік, айран және етті ғарышта жүріп жеуге болатындай етіп әзірлеген.

Қазақтан шыққан екінші ғарышкер – Талғат Мұсабаев. Мұсабаев ғарышқа үш рет ұшып, сол жақта 341 күн 9 сағат 48 минут 41 секунд болып қайтты. Нәтижесінде ол Гиннесстің рекордтар кітабына енген, осы күнге дейін Талғат Мұсабаев сияқты ешкім ғарыш кеңістігінде ұзақ уақыт болып көрмеген.

Қазақстанның үшінші ғарышкері — Айдын Айымбетов. Ол 2015 жылдың 2-12 қыркүйегі аралығында «Союз ТМА-18М» және халықаралық ғарыш станциясына бағыт алған «Союз ТМА-18М» кемесінің екінші бортинженері ретінде ұшты. Халықаралық ғарыш станциясына барған ЭП-18 экспедиция мүшесі. Ғарышкер Жерге «Союз ТМА-16М» кемесінде оралды. Ұшу уақыты 9 тәулік 20 сағат 13 минут 51 секундқа созылды.

Ал Ғылым қызметкерлерінің күніне келсек, ғылым кез келген елде келешектің кілті саналады. «Ғылымы жоқ елдің болашағы бұлыңғыр» деген Әл-Фарабидің қанатты сөзі бар. Бұл бірнеше ғасыр бұрын айтылып кетсе де өзектілігі жойылған емес. Ғылым қызметкерлерінің күні Тұңғыш Президенттің жарлығымен 2011 жылы бекітіліп, 2012 жылдан бастап аталып келеді.

Күнтізбедегі бұл дата кездейсоқ таңдалмағаны белгілі. 12 сәуір – Ғылым академиясының тұңғыш Президенті, көрнекті ғалым-геолог Қаныш Сәтбаевтың дүниеге келген күні.

Қазақтан шыққан тұңғыш академиктің ғылым саласында жолын қуған ізбасарлары аз емес. Біз ғылымның дамуына зор үлес қосып келе жатқан ғалымдарымызды мақтан тұтамыз.

Қазақстанда ғылым саласының қалыптасуына 1946 жылы ҚР Ұлттық ғылым академиясы құрылуы негіз болды.

1996 жылы 11 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен ҚР Ұлттық ғылым академиясы, Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдарының академиясы және ҚР Ғылым және технологиялар министрлігі ҚР Үкіметінің құрамындағы орталық атқарушы орган – Қазақстан Республикасының Ғылым Министрлігі – Ғылым академиясына біріктірілді.

Ал 2003 жылы Ғылым академиясына «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» Республикалық қоғамдық бірлестік мәртебесі берілді.

Еліміздегі ғылым саласының әлеуеті зор. Мәселен, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының коронавирусқа қарсы әзірлеген вакцинасын ерекше атап өтуге болады.

Бүгінгі таңда ғылым саласының жетістіктері айтарлықтай көп, дегенмен проблемалар да жоқ емес.

Сондықтан мемлекет өз тарапынан еліміздегі ғылымның одан әрі дамуы үшін кешенді шаралар қабылдап жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жан-жақты қолдауының арқасында ғылым саласында оң өзгерістер орын алып жатыр. Бірнеше негізгі бағыттарға тоқталып өтейік.

Ғылымды республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі соңғы екі жылда шамамен екі есеге артты. 2025 жылға қарай ғылымды қаржыландыру көлемін жалпы ішкі өнімнің 1% дейін ұлғайту жоспарланған. Бұл – отандық ғылымның дамуына үлкен серпін берері сөзсіз.

Егер бұған дейін Білім және ғылым министрлігінің гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурстары үш жылда бір рет жүргізілсе, енді олар жыл сайын өткізілетін болады. Тек 2020 жылы 5 конкурс өткізілгенін атап өту қажет.

Тағы бір маңызды жайт, 2020 жылы алғаш рет гранттардың жаңа түрлері бекітілді. Олар – коллаборация бойынша, қысқа мерзімді, жеке, жас ғалымдарға арналған және т.б гранттар.

Сондай-ақ докторанттардың стипендиясы 80%-ға ұлғайды.

Бұдан былай олардың стипендиясы жыл сайын 15%-ға өсіп отырады және 2025 жылға қарай 260 мың теңгені құрайтын болады.

Біз үшін магистратура мен докторантураға түсу кезіндегі ашықтық пен меритократияны арттыру маңызды. Сондықтан 2020 жылы магистратураға түсу үшін емтихандар алғаш рет электрондық форматта өткізілді. 2021 жылдан бастап докторантураға түсу емтихандары да осындай форматта өтті.

Ғылыми қоғамдастықпен орнатылған тығыз қарым-қатынастың нәтижесінде диссертациялық кеңестердің жұмысы бойынша ережелерге өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ докторанттар үшін диссертацияны қорғау мүмкіндіктері кеңейтілді.

Одан бөлек ғылыми журналдардың тізімін қалыптастыру ережелеріне де өзгерістер енгізілді. 2021 жылдан бастап министрлік мықты, беделді ғылыми журналдарды қолдау жөніндегі жобаны іске асыруды бастады.

Тағы бір жаңалық – енді жыл сайын 50 үздік ғылыми қызметкерге 5 миллион теңге көлемінде сыйақы тағайындалады. Мұндағы механизм «ЖОО үздік оқытушысы» конкурсына ұқсас болады. Бұл «Ғылым туралы» Заңға енгізілген жаңа түзетулерге сәйкес мүмкін болып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен 2020 жылы БҒМ-ге қарасты ғылыми ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту және жұмысын жандандыруға бағытталған жаңа бюджеттік бағдарлама ашылып, 2,8 миллиард теңге бөлінді. Нәтижесінде 23 ғылыми-зерттеу институтына жабдықтар сатып алынды.

2021 жылы осы мақсатта 3,5 миллиард теңге бөлінді. Сондықтан Институттарды модернизациялау бойынша жұмыс әрі қарай жалғасады.

Ұлттық ғылыми кеңес қызметінің ашықтығын арттыруға бағытталған оң өзгерістер енгізілді. Енді олардың жиындары онлайн, ал дауыс беру процесі ашық форматқа ауыстырылды. Ғылыми кеңес құрамы да ғылыми қызметкерлердің жұмысына сәйкес жаңғырды.

2021 жылдан бастап 500 ғалымды әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына тағылымдамалардан өтуге жіберу және «Жас ғалым» жобасы аясында 1 мың грант бөлу бойынша жұмыстар қолға алынды.

Одан бөлек, еліміздегі 20 университет «Академиялық артықшылық орталықтары» жобасы аясында қаржыландыруға ие болды. Яғни, бұл – жиырма оқу орны материалдық-техникалық базасын айтарлықтай жаңартуға мүмкіндік алды деген сөз.

Ғылымдағы барлық процестерді одан әрі цифрландыру бойынша жұмыс атқарылу үстінде. Кейбір ғылыми жобаларды іске асыру үшін ұзақ мерзім талап етіледі. Бұл ретте мұндай ғылыми жобаларға грант беру мерзімдерін 5 жылға дейін ұзарту мәселесі де қолға алынады.

Министрлік ел үшін стратегиялық бағыттар бойынша іргелі зерттеулермен айналысатын институттарды тікелей қаржыландыруды маңызды деп санайды.

Министрлік базалық қаржыландыру шеңберінде ақы алатын қызметкерлердің тізбесін кеңейту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

«Біз үшін жас ғалымдарға қолдау көрсету маңызды. Сондықтан заңға енгізілген өзгертулер арқасында жас ғалымдарды қолдау үшін докторантурадан кейінгі зерттеулерге бағытталған арнайы гранттар бөлу жүзеге асырылатын болады.

Бұдан басқа, ҒТҚН коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыру практикасы да жалғасатын болады.

Ғалымдарымыздың жобалары жетістіктерге жету үшін – оларға қолайлы жағдай жасау аса маңызды. Сондықтан саладағы қағазбастылықты барынша азайтып, жастарды ғылым саласына тартып жатырмыз» — дейді еліміздің ғылым ведомствосын тізгіндеп отырған жауаптылар.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin