Түркістан облысы: Ордабасы аудандық білім бөлімі 23 сәуір — дүниежүзілік кітап және авторлық құқық қорғау күніне орай кездесу ұйымдастырды

Кітапзаманалар толқынында тербеліп, үстіндегі қымбат қазынасын ұрпақтанұрпаққа жеткізіп келе жатқан ой кемесі. Ордабасы аудандық білім бөлімінің жұмыс жоспарына сәйкес «23 сәуір — дүниежүзілік кітап және авторлық құқық қорғау күніне» орай, Аманкелді Иманов атындағы жалпы білім беретін мектепте «Кітап — әлемдегі құпиялы ұлы ғажайыптардың бірі» атты тақырыпта облыстық Білім беруді дамыту орталығының директоры Төлімбет Бақытжан Нұрмаханбетұлымен кездесу сұхбат өтті.

Іс-шара оқушылардың концерттік бағдарламасымен басталып, аудандық білім бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаеваның құттықтау сөзімен жалғасты. Шұға Тұрмаханбетқызы аудан көлеміндегі мектеп кітапханаларында өтіп жаткан іс-шараларға тоқталып өтті.

Одан әрі Орталықтың «KitapХАН@» жобасына қатысып, апталық, айлық сайыстарда жеңімпаз атанған білім бөлімінің әдіскерлері, мектеп басшылары, педагог, бастауыш сынып мұғалімдері мен оқушыларына кітаптар мен бағалы сыйлықтар сыйға берілді.

Кездесуде Бақытжан Нұрмаханбетұлы өзінің іс-тәжірибесімен бөлісіп, кітап оқудың пайдасын керемет түсіндірді. Жалынды сөздерімен іс-шараға қатысушыларды жігерлендіріп, терең ой салды.

Халықаралық кітап және авторлық құқық күні сәуір айында белгіленсе де, көптеген мемлекеттерде кітапқа байланысты тағайындалған, жылдар тезінде үрдіске айналған айтулы мерекелер баршылық. Әсіресе, Еуропа елдерінде кітап мерекелері дәстүрге айналып кеткен.

Мысалы, Барселона қаласында Халықаралық кітап және авторлық құқық күнімен бір датада – 23-сәуір күні қаладағы гүл сататын жерлерде ұзын-сонар кезек басталады. Өйткені, осы күні ер адамдар өз сүйіктісіне бір шоқ қызыл гүл сыйлауы тиіс, ал оған ілтипаты ретінде бұрымдысы кітап тарту етеді. Ал Ирландияда кейіпкердің – «Улисс» романындағы Джеймс Джойстың құрметіне 16 маусым күні «Блум» мерекесін атап өтеді. Тарихы да қызық: 1904 жылдың 16 маусымында романның бас кейіпкері өз сүйіктісімен кездесуге барған екен. Міне, кітапқа, тіпті, оның кейіпкерлеріне деген құрмет кәрі құрлықта жақсы қалыптасқан.

Десек те, біздің елде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру керек, адам мен адамды оқығанымен, білгенімен салыстыру керек. Осы кезде бәсеке артпақ. Адамның жеңуге, жоғары болуға деген пендешілік құштарлығын пайдаға шешу керек. Шынын айтсақ, дәл осы қасиетті дұрыс бағытта бағындыра алсақ, кез келген адам дегеніне жетпек.

Тәмсіл келтіру бағзыдан қалыптасқан дағды. Адамшылық, білімділік, сананың ашықтығы – қазақтың көзі ашық азаматтары үздіксіз насихаттап келе жатқан мәселе. Осындай ұлы қасиеттерді игеру үшін немесе ояту үшін қажет құрал – кітап. Сананың сұранысына қарай әр азамат қалауындағы дүниені оқиды.

«Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық», — дейді хакім Абай он сегізінші қара сөзінде. Данышпан тізген қасиеттің барлығы осы кітаптан табылмақ.

Француз халқы технологиялық, экономикалық заманда өмір сүріп жатса-дағы, негізін сауатсыздықты жоюдан алған «Кітап оқу күнін» әлі күнге дейін ауқымды шара етіп өткізеді, халқы оқу мәселесінде жауапкершілікті сезінеді. Мейрам күні Францияның ірі қалаларындағы алаңдарда жазушылармен, ақындармен кездесулер өткізілсе, барлық ақпарат құралдары әдеби тақырыптарды талқылап, тақырып шеңберіндегі бағдарламалар жасайды. Бұл мерекенің басталуына сауатсыздықты жою мәселесі себеп болғанын баса айтқан жөн. 1986 жылы ғалымдар зерттеу жүргізіп, нәтижесінде еңбекке жарамды халықтың 20 пайызы жазу мен оқудан мақұрым екенін анықтаған. Осы мереке халықтың дәстүріне сіңісіп, жалпыхалықтық сипат алған.

Жыл санап кітап өндірісі жанданып, сұраныс артып келеді. Жазу мәнері, тақырып алуандығы өзгеше сипат алды. Технологиялық заманға лайықталған жаңа жанрлар пайда болды. Бұл – үздіксіз процесс.

Кітап өндірісіндегі өзекті мәселелердің бірі – авторлық құқық мәселесі. Әлем елдерінде осы құқықтың бұзылу фактілері көптеп тіркеліп, тіпті, халықаралық дау-дамайға дейін ұласып жатады. Қазақстандағы авторлық құқықтың дұрыс жолға қойылуы, шығарма ұрлау, біреудің туындысын рұқсатсыз иемдену сияқты мәселелердің аз болуына ұлттық болмысымыз, ірілігіміз себеп, сірә?!

Елімізде авторлық құқық Азаматтық Кодекспен қорғалатынын да айта кеткен жөн.

Халықаралық кітап және авторлық құқық күні – жалпы кітап өндірісінің, әдебиеттің, ғылымның айналасында жүрген азаматтардың мерекесі. Олардың еңбегінің халықаралық деңгейде әспеттелетін күні.

Авторлық құқықтың негізгі тетіктерінің бірі – мұрагерлік. Қазақстандағы авторлық құқыққа жауапты мекеме бұл мәселені де жолға қойған. Мұрагер азамат та өзінің ізбасары еңбегі арқылы пайда таба алады.  Ал нақты мұрагері жоқ автордың еңбегі үшін түсетін қаражат 70 жыл бойы оның туыстарына, жақындарына беріліп, кейін халық мұрасына айналмақ.

Қазақстанда авторлық құқықты бұзу – өзге елдердегідей қылмыс болып саналады, тәртіп бұзған адам жауапқа тартылады. Бір қуанарлығы – халық ішінде, авторлар арасында осындай қадамға баруға ниеті де болмаған адамдар қарасының көптігі. Бұл – әке қанымен дарып, ана сүтімен сіңген дегдар қасиет. 

Жыл сайын әлемдегі ең ірі кітап жәрмеңкесі Frankfurter Buchmesse дәстүрлі түрде өтуде. Биыл дәл осы жәрмеңкеге Қазақстан тарапынан ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы бас болып, барлық баспалар қатыспақ ниетте болған. Қаражат қарастырылып, жобаларды, кітаптар тізімін жасауды бастап кеткенбіз. Дегенмен, әлемді шарпыған індет салдары осы ірі жәрмеңкені де тоқтатуы ықтимал. Мақсатымыз әлемдік шараға қатысу ғана емес, қазақстандық кітап өндірісінің дамып келе жатқанын көрсету, руханиятымызды насихаттау.

Қазір қазақстандық баспалар ескі сарыннан бірте-бірте арылып, заманауи бағыт ұстануға көшті. Қажет техникаларды алдырып, қорын жаңартып, қауырт жұмыс істеп жатыр. Ірі шаһарларда кітап көрмелері өте бастады. Ең бастысы – авторлар мен баспалар маркетингтің қыр-сырын ұға бастады. Қазір жазушылар, ақындар, ғалымдар өз кітаптарын әлеуметтік желі арқылы жарнамалауды, түрлі ақпараттық сайттар арқылы көрсетуді толық қолға ала бастады. Сонымен қатар, бізде кенжелеп қалған тенденциялардың бірі – электронды кітап мәселесі де жолға қойыла бастағандай көрініс танытады. Мысалы, жыл басынан бері ҚР Ұлттық аударма бюросы мен ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы өзара келісім жасап, Кітап палатасының баспасөз мұрағатындағы ескі кітаптарды, алғашқы жинақтарды цифрландыру ісі жүріп жатыр.

Әлбетте, кітап ісі – қажырлы еңбек пен үздіксіз әрекетті қажет ететін сала. Оның үстіне мыңдаған тиражбен шығатын дүние үшін автор да, баспа да үлкен жауапкершілікті жүктейді. Көптің талабына сай дүние жазып, оны әрлеп, сапалы қағазға басып шығару үшін білім керек, тәжірибе керек, қаражат керек. Қазір еліміздегі кәсіпкерлердің көпшілігі осы дүниеге назар аударып, көптеген кітаптардың, жинақтардың, кітап-альбомдардың шығуына қолқабыс етуде. Бұл – бірліктің, руханиятқа жанашырлықтың көрінісі.

Соңғы жылдары кітап шығару һәм кітап сату, кітап жазу ісіне қосылғандардың саны тым көп. Кейбіреулер ақыл айту, кәсіпкерлікке үйрету немесе өз өмірінен алынған мемуарлық дүниелерді, енді біреулер отбасылық өмірін кітап етіп шығарып, мыңдаған тиражбен таратуда. Осы мәселеге қатысты екіұдай пікір бар қоғамда. Кейбір белгілі тұлғалар бұл бағыттың қате екенін, тәрбиелік сипаты жоқ екенін алға тартады. Екінші бір лек әлгі қатарға кіретін авторлардың әрекетін «қоғам талабы, оқырман сұранысы осындай» деп ақтап алуға тырысады. Дәл осы мәселені ұрандатып шеше алмасымыз анық. Дау-дамайдан да ортақ мәмілеге келу қиын. Өйткені, баспалар жеке кәсіпкерлік ретінде жұмыс істеп тұр. Автор қаражатын төлесе, кез келген мазмұндағы жазуды қағазға бастырта алады.

Бұл мәселені шешудің ықтимал бір жолы бар. Біз оқырман талабымен санаса отырып, көпшілікті қызықтыра білуіміз керек. Бұл – нарықтық маркетингтің заңдылығы. Қазір отбасылық өмірін жазып, оны мыңдаған тиражбен тарататын авторлар өз алдына аудитория қалыптастырған. Олардың әлеуметтік желідегі парақшасын көпшілік адам оқиды. Демек, олар маркетингтің тәсілін алған, жолын үйренген.

Ал классикалық әдебиет өкілдері бұл нәрсеге мұрын шүйіріп қарайтыны өтірік емес. Қазір әлеуметтік желіні игеріп, өз алдына аудитория қалыптастырған ақын-жазушылар қатары артуда. Мысалы, Ақберен Елгезектің кітаптан бөлек, әрбір жаңа өлеңі желіде қызу талқыланады, көпшілік лезде жаттап алып жатады. Бұл қатарға Ырысбек Дәбейді, Ерлан Жүністі, Тыныштықбек Әбдікәкімұлын, Маралтай Райымбекұлын, Серік Ақсұңқар, Светқали Нұржан сынды бірталай азаматтарды қосуға болады.

Осы мәселенің оң шешім табуына ықпал етуді көздеген ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы «Smart Qalamger» жобасын қолға алып, ҚР Жазушылар одағының 800-ден астам мүшесіне жеке веб-сайт құрастырып беруге кіріскен-ді. Бүгінде бұл бастама түгелге жуық орындалып, ақын-жазушылар тегін веб-сайтқа ие болды, сертификаттарын алды. Кітап палатасының «Асыл сөз» сұхбат бағдарламасына қонақ болған Әбдіжәмил Нұрпейісов, Қабдеш Жұмаділов, Бексұлтан Нұржекеұлы, Асанәлі Әшімов сынды әдеби тұлғаларға сайт сертификаты салтанатты түрде табысталды.

Қазақ әдебиетінің шарықтаған дәуірінде атақты қаламгерлердің кітабы 300-400 мың данамен басылып жататын. Жазушы да, ақын да күнкөріс үшін қызмет еткен жоқ. Олар қаламақысын алып, алаңсыз шығармашылықпен айналысты. Еркіндік пен уақыт ұлы шығармаларды туғызады. Қазір мемлекет тарапынан да, арнайы қауымдастықтар мен ұйымдар тарапынан да төл әдебиетіміздің бүгінгі дәуірін қалыптастыру үшін ірі жобалар жүзеге асырылуда. Жазушылар мен ақындар байқауларында қомақты жүлделер үлестіріліп жатыр. Мұның бәрі – әдебиет үшін, кітап үшін жасалған қамқорлық.

Қоғамдық ахуалды, беталысты бақылап, жағдайға қарай шара қолданып отыру – әр автордың, әр баспаның, әр дүкеннің міндеті. Маркетингтің сырын ұққан автор мен баспа әрбір қаріпке, мұқабадағы суретке мән бере бастайды. Егер бәсекелестік арта түссе, бәсекеге қабілетті жазушы мен ақынның туатыны, үздік баспаның қара үзіп шығатыны айдан анық.

Білімнің де, тәжірибенің де, адамдық қасиеттің де бастауы – кітап. Көмбе қазынамызды зердеге тоқып, қазақ руханиятына үлес қосу, өз міндетіңді, перзенттік борышыңды шама-шарқыңша атқару – баршамыздың ұлт алдындағы міндетіміз.

Еске салайық, мереке Халықаралық кітап баспа қауымдастығының қолдауымен 1969 жылдан тойланып келеді. Бұл күн 1995 жылы 15 қарашада ЮНЕСКО-ның 28-ші сессиясында жарияланды және 1996 жылдан бастап жыл сайын атап өтіледі. 1995 жылы Парижде ЮНЕСКО-ның Бас конференциясы кітаптар мен авторларға құрмет көрсету туралы шешім қабылдады, бұл жұртшылықты оқудан ләззат алуға және адамзаттың мәдени прогресіне ықпал еткендердің таптырмас үлестерін құрметтеуге шақырды. Нәтижесінде халықаралық кітаптар мен авторлық құқықтар күні бекітілді.

Жыл сайын 23 сәуірде әлемнің 100-ден астам елінде Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні атап өтіледі. Іс-шара кітап пен авторларға деген құрметтің және кітап оқуды насихаттаудың жарқын көрінісі болып табылады. Бұл мереке жаңа технологиялар ғасырында кітаптың қашанда көшбасшылық орында тұратынын, ал кітап оқу — адам жан дүниесіне рухани байлық сыйлайтынын айқындайды.

Арабтың «кітап» деген сөзі қазақша «жазу», «жазба» деген мағынаны білдіреді. Кітаптың шығу мен дамуы сол жазу өнерінің пайда болуымен тығыз байланысты. Ол қажетті материалдардың ойлап табысуына және техниканың дамуына сәйкес жетілдіріле берді.

Ежелгі заманда Мысыр мен Шығыс елдерінде, Греция мен Римде кітап қыш тақталарға жазылды. Кітап тас бетіне де қашалып жазылды.Түркі халықтарының көне жазба мұрасы болып табылатын «Орхон – Енисей жазба ескерткіштерін» (7-9-шы ғасырлар) ашық аспан астында тұрған тас кітаптар деуге болады.

Көпшілікке арналған алғашқы баспа өнімдері, яғни, діни уағыздар, қолжазба кітаптар ағаш қабығына, теріге, кейіннен қағазға қолмен көшіріліп жазылған. Ірі қалаларда қолжазба кітапты мәнерлеу өнерімен шұғылданатын арнайы маман-көшірмешілер, түптеушілер, миниатюрші суретшілерді топтастырған орталықтар жұмыс істеген.

Біртекті мәтінді көп данамен тарататын Баспа тарихы Қытайда кітап көбейтудің жаңа әдісі – ксилографияның (ағаштан ойылған қалыппен басу) пайда болуынан басталады. Осы әдіспен ең алғаш будда дінінің «Жақұт сутра» (868) деген кітабы басылды.

1040-1048 жылдары Би Шен жылжымалы қаріптерді, құйма әріптермен теру процесін ойлап тапты. Ал, Еуропаға бұл жаңалық 4 ғасырдан кейін ғана келді.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin