Елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жалғасып жатыр. «Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының ұжымы Жетісай қаласындағы «№5 арнайы мектеп-интернат» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне барып, тазалық жұмыстарын жүргізді. Мектеп-интернат ауласындағы арық-атыздарды шөп-шаламнан, айналма жолдарды жапырақтардан тазартып, көк ағаштарды ақтап, ретке келтірді.
«Сөйлесу де, сөз де керек, бірақ олар бастамасы ғана, өмірдің бүкіл мәні істе, сөзден іске көше білуде, олардың үйлесуінде». Осы қағиданы басшылыққа алған театр ұжымы мектеп-интернатқа барып, еңбек етіп жатыр. «Таза Қазақстан» акциясын қолдаймыз. Тазалыққа не жетсін! Теңдесі де, теңері де жоқ бірлік, ұйымшылдық осылай Отанды сүю әлеміне алып келері даусыз!» — дейді театр директорының орынбасары Болат Ауашев.
Еске салайық, Қ. Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры – Түркістан облысы Жетісай қаласында 1968 жылы халық театрының негізінде құрылған театр.
Алғаш «Сырдария облысы қазақ музыкалық драма театры» (Өзбекстан Республикасы) деп аталып, кезінде Мәскеуде Кремльдің Съездер сарайында өнер көрсеткен халықтық ұжымның негізінде құрылды. 1969 жылы 18 қаңтарда Б. Майлин мен Е. Брусиловскийдің «Жалбыр» музыкалық драмасымен шымылдығы ашылды. Басты рөлде Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі Ж. Қарғабаев ойнады. Тұңғыш бас режиссері – Қ. Шанин, директоры – Т. Бәйімбетов. 1969 жылдан 2001 жылға дейін А. Оңалбаев бас режиссер болды. Театрдың негізін қалаушы өнер иелері: Өзбекстанға еңбек сіңірген әртісі Ж. Қарғабаев, Қазақстанның халық әртісі, көркем сөз оқудың хас шебері Т. Қыстаубаев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі – М. Өтебаев, Ы. Иманқұлов, Ұ. Әкімова, т.б. 1969-71 жылдары музыкалық театр, ал 1971-99 жылдары музыкалық драма театр болып аталды. 1999 жылдан Жетісай драма театры болып аталды.
Театр тарихында рухани із қалдырған Виктор Мингалев басқарған бишілер тобын көрермен қауым ерекше мақтан тұтты. Жетісай театрының музыкалық театр болып қалыптасуына зор үлес қосқан дирижер, домбырашы Бөрі Иса, Владимир Тен мен Болат Айдыновтар көп еңбек сіңірді.
1978 жылы Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің №383 қаулысымен Жетісай қазақ – музыкалы драма театрына Қазақ ССР-нің халық артисі, СССР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қ. Жандарбековтың есімі берілді (Құрманбек Жандарбеков 60-шы жылдардың ортасында Жетісайға бір топ өнер майталмандарымен арнайы келіп, Мәскеудің Кремльдер сахнасында «Қыз Жібекті» қою үшін дайындық жұмыстарын жүргізген болатын. Әу баста халықтық театр атанған Мырзашөлдік өнерпаздардың Мәскеу төріндегі жоғары шеберлігінен кейін кәсіби театрдың негізі қаланған).
М. Өтебаев, А. Ысрайлов, Х. Саурықов, З. Қожамұратов, Т. Бәйімбетов, С. Бәйімбетов, А. Жәбішев, З. Меңлібаев, Н. Тілеубергенов, Ы. Иманқұлов, А. Оңалбаев және тағы да басқа сахна шеберлері көрермендер есінде қалды. Театр әртістері әр жылдары жастар шығармашылығына арналған байқаулардың жеңімпаздары болды. Жетекші әншілер С. Бәйімбетов пен Ж. Қарғабаев бірнеше дүркін одақтық және республикалық фестивальдердің лауреаты атанды.
Жетісайлықтардың репертуары қазақ, қырғыз, өзбек, орыс және тағы да басқа шетелдік авторлардың туындыларымен толығып, осы уақытқа дейін екі жүзге жуық драмалық, комедиялық және трагедиялық қойылымдарды көрермен назарына ұсынды. Олардың ішінде М.Әуезовтің «Еңлік–Кебек», «Айман–Шолпан», Ғ. Мүсіреповтің «Амангелді» мен «Қозы Көрпе–Баян Сұлу», Қ. Байсейітов пен Қ. Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай» мен «Ақсақал аңтаң», Т. Ахтановтың «Махаббат мұңы» мен «Күшік күйеу», З. Ақышевтың «Жаяу Мұса», С.Адамбековтің «Аюбайдың ажалы»”, Б. Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», И. Сапарбайдың «Шіркін, Шәмші!», У. Азимнің «Алпамыс», Х. Хурсандовтың «Өлдік те, құрметті болдық», Ә. Оразбековтың «Бір түп алма ағашы», Еврипидтің «Троя арулары», Ш.Құсайыновтың «Әл-Фараби», І. Есенберлиннің «Ғашықтар», С. Балғабаевтың «Қазақша күресі», Ш.Құсайыновтың «Үкілі Ыбырай», З. Найзағараевтың «Мүсінші», Д.Исабековтың «Пері мен періште», С. Сматаев пен Т. Теменовтың «Көгілдір такси», Б. Римованың «Қос мұңлық», Ж.Әлмашұлының «Ай астындағы алтын шаhар» және т.б көптеген қойылымдар бар.
Жетісай театрының атағы түрлі режиссерларымен бірге танылды. Мәскеудегі мәдениет институтының түлегі А. Оңалбаев бұл қызметті ширек ғасыр атқарды. Ол қойған «Айман-Шолпан», «Амангелді», «Еңлік-Кебек», «Свадьба в Малиновке», «Аршын-Малалан», «Алдаркөсе» спектакльдері көп жылдар бойы сахнадан түскен жоқ.
Режиссер Т. Әшімов те «Соловьиные ночи», «Голос матери», «Чарующее утро» қойылымдары арқылы өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, драматург, ақын, режиисер Ы. Иманқұлов та театрдың дамуына елеулі үлес қосты, әртістердің жас буынын тәрбиеледі.
Режиссерлер Ж. Есенбеков, Ғ. Арынов, Қ. Жандарбеков, Б. Досымханова, Б. Нұрпейісов, Р.Сейтметов, К. Жетпісбаев, К. Кенжетаев, Е. Оразымбетова, Ә. Құлдановтардың да еңбектері арнайы атап өтуге тұрарлық.
Театрдың өркендеуіне суретшілер Давид Роот, Амангелді Қойшыбаев, Бақыт Срайлов, Тоғайбек Байдарбековтер де елеулі үлес қосты.
Қазіргі таңда театрдың директоры және көркемдік жетекшісі ҚР мәдениет қайраткері Б.Б.Сраилов. 2013 жылы оның басқаруындағы театрда өткен «Театр көктемі – 2013» облыстық театрлар фестивалінде, Новель сыйлығының лауреаты Юджин О-Нилдің «Шырмаулық астындағы шырғалаң» трагедиясы үшін «Ең үздік қойылым» номинациясын иеленіп, театр шығармашылығын қайта жаңғыртты.
Танымал актерлері: Ш. Қожамұратова, Р. Бейсебаева, Қ. Жолшыбеков, К. Молдәулетов, Б.Сүлейменова, Б. Айдаров, К. Құлыншақов, Ұ. Базарбаева, А. Қарғабаева, Ғ. Қаппаров, О.Қалыбекова, З. Найзағараев, М. Жұмаділдаева, А. Төлеубаев, К. Сейтметов, Р. Маңжігітова, Н.Тілеубергенов, А. Серікбаева, А. Раметова, Ә. Сапаров, Ұ. Дәрменшина, Б. Балабаева, Ж.Тастеміров, т.б.
Жетісай драма театры бірнеше мәрте фестивальдер мен конкурстарға қатысты. Екі рет бүкілодақтық театр байқауының дипломанты болды.
- М. Әуезовтің 100 жылдығына арналған халықаралық театр фестивалінде үшінші орын алып, режиссер Т. Қыстаубаев «Үздік қойылым» номинациясын иеленді.
- Түркістан қаласының 1500 жылдығын тойлаған кезде Жетісай театры қойған «Әзірет Сұлтан» қойылымы есте қаларлықтай болды.
- Өзбекстанда өткен халықаралық театр фестивалінде қойған «Ах, Шәмші» спектаклі режиссер мен әртістердің еңбегін тағы бір қырынан көрсетті.
- «Алпамыс» пьесасын қойғаны үшін Қызылордада өткен театр фестивалінде Қ. Жандарбеков атындағы сыйлық табыс етілді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.